Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

О Сансызбай Корреспондент
Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

«Қайрат» «Гамбургпен» кездеседі

БӨЛІСУ


Бүгін алматылық «Қайрат» неміс бундеслигасында өнер көрсететін «Гамбург» командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Ойын Абу-Дабидегі «Zayed Sports City» стадионында Астана уақытымен сағат 21:30-да басталады. Кездесуді арнайы «Bundesliga-streams.net» сайты мен YouTube-тағы бундеслиганың арнайы арнасынан тамашалай аласыздар.

«Шахтер» қорғаушымен толықты


Қарағандылық «Шахтер» командасы португалдық қорғаушы Яго Фернандеспен екі жылдық келісімшартқа отырды. Осыған дейін «кеншілер» қарауында жүрген футболшы алдағы маусымда өзін жаңа қырынан танытпақ. Ол осыған дейін "АЕК" (Грекия), "Жирона" (Испания), "Мальме" (Швеция), "Жил Висенте" (Португалия) және «Хеккен» (Швеция) командаларының сапында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда Виктор Кумыков қарауында тағы бірнеше футболшы жүр.

«Астана» Зауырбекті қайта шақырмақ


Елордалық клуб владикавказдық «Алания» командасының қорғаушысы Зауырбек Плиевке қызығушылық танытып отыр. Ол осыған дейін «Астана» сапында 2011 жылғы маусымда өнер көрсеткен де болатын. Ресейлік клуб қатарында 56 кездесу өткізіп, 1 гол соққан екен. Сонымен қатар Ресей жасөспірімдер құрамасында да ойнаған.

«Астана» екі ойыншымен толықты


Команданың қарауында жүрген Дмитрий Шомко мен Серікжан Мұжықов клубпен келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар клуб қорғаушылар Евгений Горячий, Абзал Бейсебеков және жартылай қорғаушы Марат Шахметовпен келісімшартын ұзартты. Осыған дейін ұлттық құрама ойыншылары Қайрат Нұрдәулетов, Сергей Остапенко және Александр Кировпен де келісімін ұзартқан еді.

«Ақтөбе»


Владимир Никитенко командасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары барысында стамбулдық «Карталспор» клубын 3:1 есбімен жеңгені туралы хабарлаған болатынбыз. Енді кездесудің бейнесюжетін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Астана» «Дубайдан» жеңілді


Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан «Астана» командасы аталған елдің «Дубай» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіліс тапты. Енді келесі жолдастық кездесуін 17 қаңтар күні харковьтық «Металлистпен» өткізеді.

Өзбекстан жастар құрамасы Достастық Кубогына қатыспайды


Футболдан Санкт-Петербургте өтетін «Достастық Кубогы – 2014» бәсекесіне Өзбекстан жастар құрамасы қатыспайтын болды. Қазақстан жастарының тобында өнер көрсететін команданың орнына Мәскеу құрамасы қатысатын болды. Сонымен қатар Түркіменстан жастары да жарысқа келмейтін болды. Ал олардың орнына Санкт-Петербург құрамасы шығады.

Естеріңізге сала кетсек, 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтетін жарыста Қазақстан жастары Беларуссия және Латвиямен кездеседі.

«Тобыл» әзірбайжандық клубты жеңе алмады


Қостанайдың «Тобылы» оқу-жаттығу жиындары барысында әзірбайжанның «Гавал» командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіліс тапты. Жерлестеріміздің сапынан жалғыз голды екінші таймда Виталий Волков соқты. Команда келесі кездесуін ертеңге жоспарлап отыр.

Ел Суперкубогы 9 наурызда сарапқа салынады


Футболдан Қазақстан Суперкубогы 9 наурызда ойналатын болып бекітілді. Ойын «Астана-Арена» стадионында өтеді. Ақтық сында өткен маусымда ел абыройын асқақтатқан «Ақтөбе» мен «Шахтер» кездеседі. Владимир Никитенко шәкірттері ел чемпионы атанса, Виктор Кумыков командасы ел Кубогын иеленген болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: fckairat.kz, vk.com