Беранек бапкерліктен босатылды

Шерхан Талап Корреспондент
Беранек бапкерліктен босатылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерсіз қалды. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

2013 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранекпен ҚФФ арасындағы келісімшарт аяқталған болатын. ҚФФ сайтының хабарлауынша Ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне жақын күндері жаңа маман тағайындалады.

Мирослав Беранек өз кезегінде: «Менің Қазақстан футбол федерациясымен байланысым соңына жетті. Қазақстан ұлттық құрамасына бапкерлікке шақырту алғанда өзім үшін жаңа, қызықты мүмкіндік берілгендей қабылдадым, әрі бұл таңдауыма өкінбеймін. Сіздің елде жұмыс жасау кезінде жағдай түрліше болды, бірақ біз әрқашан бір команда болып қала білдік. Және мен өз шәкірттерімнің мықты бола түскеніне сенімдімін. Мен өз қызметіме бар күш-жігерімді салуға тырыстым, бірақ көп ойындарда мүмкіндігіміздің жоғарғы сатысына көтеріле алмадық. Біз әрқашан жүрекпен ойнауға тырыстық. Енді мен өз қызметімді қай жерге барып жалғастырсам да, Қазақстан жайлы жылы еске алатын болымын. Мен Қазақстаннан жаңа достар таптым, сондықтан бұл елде жанымның бір бөлшегін қалдырып барамын десем де болады», - деді.

ҚФФ-ның бірінші вице-президенті Саян Хамитжанов: «Біз Мирославтың Ұлттық құрамадағы жұмысы үшін алғыс білдіреміз. 2014 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің қорытындысын назарға алатын болсам, ол Қазақстан құрамасы өз тобындағы мықты қарсыластарының ішінен бесінші орын алуы керек деген арнайы тапсырманы орындады. Өткен жылы тәуелсіздігімізді алғалы алғаш рет Молдавия, Грузия секілді мықты құрамалардан басым түстік. Беранек Ұлттық құраманы еуропалық үлгідегі жылдам, шымыр, командалық ойын өрнегін көрсете алатын құрама ретінде жасақтай алды деп ойлаймын. Елімізде соңғы үш жыл бойы футболға деген қызығушылық артып келеді. 2013 жылдың соңында Мирославпен жасаған келісімшартымыз аяғына жетті. Енді Ұлттық құрамаға жаңа белеске көтерілу үшін жаңа маман қажет», - деп мәлімдеді.

Кеше яғни, 9 желтоқсан күні Қазақстан футбол федерациясы басшылығы чехиялық маманға шапан жауап шығарып салды.

Естеріңізге сала кетсек, Мирослав Беранек Ұлттық құрамаға 2011 жылы бас бапкер болып келген еді. Беранек жетекшілігіндегі Ұлттық құрама 2012 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде өз тобының ең соңғы орнын еншіледі. Ал 2014 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде өз тобындағы бесінші сатыны қанағат тұтты.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz