Пауэлл, Симпсон және Картердің қандарынан допинг табылды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Пауэлл, Симпсон және Картердің қандарынан допинг табылды

Мәскеуде өтетін жеңіл атлетикадан әлем біріншілігі жақындаған сайын Ямайканың аузына құс тістеген жүйріктері бірінен соң бірі допингтік дауға ілініп жатыр. Осыған дейін біз сіздерге Вероника Кэмпбелл-Браунның да осы дауға байланысты жарыстардан шеттетілгендігін айтқан болатынбыз. Енді міне жүйріктердің отаны саналатын Ямайканың үш бірдей атлеті Асафа Пауэлл, Неста Картер және Шерон Симпсон қандарының құрамынан тыйым салынған дәрінің қалдықтары табылып отыр.   

БӨЛІСУ

2008 жылғы Пекин Олимпиадасының чемпионы Асафа Пауэллдың агенті Пол Дойлдың сөзінше, олар Бүкіләлемдік антидопингтік агенттікпен бірге тыйым салынған дәрінің ағзаға қалай түскенін анықтамақшы екен.  

Ал 2004 жылғы Афины Олимпиадасының 100 метрге жүгіруден күміс жүлдегері Шерон Симпсонның қан үлгісі маусым айындағы ел біріншілігі кезінде алынған болатын. "Бұл мен үшін қиын уақыт болды,-дейді Симпсон. - "Мені 21 маусымда тапсырған қан үлгілерімнің ішінен оксилофрин стимуляторының табылғандығы жөнінде 14-шілде күні хабардар етті". 

Естеріңізге салсақ, Симпсон сондай-ақ Пекин Олимпиадасында да 100 метрде және Лондонда 4х100 эстафеталық қашықтығында күміс медаль иеленген болатын. Ал Картерді айтатын болсақ, ол 2008 және 2012 жылдардағы эстафеталық қашықтықта Ямайка құрамасының қатарына кіріп, Олимпиаданың екі бірдей алтынын жеңіп алды.   

Осыдан біраз уақыт бұрын 100 метрге жүгіруден әлемнің экс-чемпионы американдық Тайсон Гэй де өзінің мамыр айында тапсырған допингтік тексерісінің оң нәтиже бергендігін айтқан болатын. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: athletics.by