"Бауыржан" есімді ТОП-18 тұлға

"Бауыржан" есімді  ТОП-18 тұлға

Адамның есімі оның тағдырына, бүкіл өміріне әсер етеді деседі. Халқымыз осыған имандай сенген. Сондықтан ұл-қызына абыройлы есім мен мән-мағынасы келіскен ат беруге тырысқан. Есім – бұл таңба. Әсіресе, бұрынғы атақты адамдардың есімін баласына қоюды халқымыз дәстүрге айналдырған.

Рухты жауынгер, айбынды тұлға Бауыржан Момышұлының да есімі ел жадында сақталып, Қабанбай мен Бөгенбай, Райымбек пен Көкжал Барақ сынды хас батырлардың есімімен тең тұрар белгіге айналды. Қазақ халқында Бауыржан есімін қою дәл Бауыржан Момышұлынан басталған. Бұған Бәукеңнің өз сөзі дәлел.

Әзілхан Нұршайықов естелігінде былай деп жазған:

"Баяғыда, "Ақиқат пен аңызды" жазып жүрген кезiмдегi бiр сұрақтың ретiнде Баукең маған "Қазiр Қазақстанда 10 000 Бауыржан бар деп естiп едiм" деген едi. Бүгiнде Бауыржандар саны 100 000-ға жеткен болар деп ойлаймын. Қазiр үлкен де, кiшi де – Бауыржан. Ақын да, әртiс те, жазушы да, ғалым да – Бауыржан. Аспандағы алып лайнердiң штурвалдарында отырған ұшқыштар да – Бауыржан. Тiптi, Қазақстан Республикасының премьер-министрiнiң орынбасарының бiрiнiң аты да Бауыржан болды. Солдат та, сержант та, капитан да, подполковник те – Бауыржан. Алдағы уақытта полковник те, генерал да Бауыржандар болуға тиiс. Қазiр Тәуелсiз Қазақстанды басқарып, өркендетiп, өрге бастырып келе жатқандардың көбi – Бауыржан! Бiр сөзбен айтқанда жерде де, көкте де – Бауыржан! Бұл есiм жаңа ұрпаққа жыл сайын қосыла бередi. Өшiрiп көр мұндай атты. Өшiре алмайсың! Мiнеки, менiң Баукем ешқашан ұмытылмайды дейтiн себебiм сол!" дейді.

Ендеше Бауыржанның ерлігін шығарма етіп жазып қалдырған Әзілхан Нұршайықовтың сөзін арқау ете отырып, қазіргі Қазақстандағы Бауыржан есімді танымал адамдарды жинастырып көрдік. Біздің есебімізше, қазіргі таңда елімізде 300-ге тарта Бауыржан есімді танымал адамдар бар. Соның ең танымал 18 адамын бөліп алдық.

Бауыржан Момышұлы (1910-1982)

Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, әскери қолбасшы, стратег және тактик

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1932 жылы әскер қатарына алынып, мергендік өнерін игереді. 1936 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.  1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Батальон, полк командирі қызметтерін атқарды.

Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құраммен аман-есен дивизиясына қосылған. Ресейдегі Волоколамск, Горюнь, Матренино, Лопастино, Крюково, Бородино, Трашково, т.б. қала, деревнялар үшін болған қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік үлгісін көрсетті. Өзі қашан ла ұрыс тағдыры шешілетін жерде болды.  Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек  "Волокаламское шоссе" (қазақшасы "Арпалыс") повесін жазды, онда Бауыржанның даңқты батырлығы суреттелді. Кітап неміс, чех, ағылшын, француз тілдеріне аударылған.

1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады.

1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады.

1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.

1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.

Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады.

Б. Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға.

Өмірінің соңын шығармашылық жұмысқа арнаған. Жазушының таланты тез ұшталды. Ол шығармалдарын қазақ, орыс тілдерінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушының өзекті тақырыбы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан-жақты суреттеп, сомдауға арналған. Осы шығарма мақсаттың айғағы ретінде жазушының қаламынан туған "Офицер жазбалары" (1962), "Артымызда Москва" (1963), "Генерал Панфилов" (1965), "Куба әсерлері" (1969), "Жонарқа" жинағы, екі томдық шығармалар жинағы (1969), "Ұшқан ұя" (1974), "Соғыс психологиясы", "Қанмен жазылған кітап" (1990, 1991) туындыларын айтуға болады.

"Ұшқан ұя" кітабы үшін жазушы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976) атанды. Бауыржан әңгіме, повестермен қатар өлең толғаулар да жазған. Бауыржанның бойындағы ақындық қуаттық бүршігі ерте белгі бергендігін мектептегі ұстазы Тәңірберген Отарбаев байқаған. Шәкірттеріне шығарма жаздырып қабілеттерін байқау үстінде бала Бауыржанға "сенен ақындықты иісі шығады" деп айтқан екені аяулы ұстазы.

Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады. Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында "Куба әсерлері" атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.

2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.

2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Бауыржан Оспанов

Ірі кәсіпкер, меценат, Қазақстанның дәулетті адамдарының бірі, ZHERSU  инвестициялық-өндірістік корпорацияның президенті

1968 жылы 12 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы, Андреев ауданына қарасты Жыланды ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Жыланды орта мектебін бітіріп, 1992 жылы "Электр станциясы" мамандығы бойынша Алматы энергетика институтына тәмамдайды,  техника ғылымдарының кандидаты. 2000 жылы "Халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Энергетика институтын аяқтағаннан кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Кейін келе "TSC Group Corporation" корпорациясын құрған бірнеше фирмалардың басшысы болды. Бұл корпорация негізінде ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясын құрылды.

1986-1988 ж.ж. аралығында әскери борышын өтеп, елге оралған. "Совет Армиясының озаты" деген белгімен марапатталған.

1992-1995 ж.ж. – "Технопром" ҒӨБ, коммерциялық бөлім директорының орынбасары

1995-1997 ж.ж. –  "Назар" АҚ вице-президенті

1997-2001 ж.ж. – "АЕК Инжиниринг" ЖШС директор орынбасары

2001-2008 ж.ж. –  "TSC Group Corporation" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы. Бұл Корпорация Қазақстандағы ірі, көп салалы компаниялардың бірі болып саналады. Бүгінгі күні корпорацияда 10 000-нан астам қызметкер жұмыс атқарады.

2008 ж. бастап ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорацияның Бақылаушы кеңес төрағасы.

"Диагностика и непрерывный контроль эксплуатируемых объектов энергетики" (А.Искаков авторлығымен бірге) атты ғылыми еңбегін жазған.

2002 жылы үкіметтік марапат "Шапағат" орденімен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Алакөл ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының құрметті президенті, Қазақстан Республикасы ІІМ академиясының құрметті профессоры. Туған ауылы Жыландыда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім беретін заманауи лицей ашқан. 2006 жылы балаларға арналған үздік шығармаларды сарапқа салатын, ақшасы бар жүлде беретін республикалық "Дарабоз" халықаралық бәйгесінің меценаты.

2014-2020 жылдары Forbes тізімі бойынша Қазақстанның ең танымал бизнесмендерінің қатарына енген. Бауыржан Оспанов ауылда Олимпиада чемпиондарын дайындауға арналған ірі спорт кешендерін салған кәсіпкер.

Бауыржан Оспановтың есімі елге жақсы таныс. Қайырымдылық және меценаттық шараларымен көзге түсіп, талай азаматқа көмегі тиген.

Қазірде – Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті, Алматы облысы бокс федерациясының басшысы.

Бауыржан Жақып

Ақын, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының және Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылыми академиясының корреспендент мүшесі.

1963 жылы 1 мамырда ШҚО, Абай ауданындағы Ақора ауылында дүниеге келген.

1985 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

1986 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметте болды. 1986-1988 жылдары стажер-зерттеуші, 1988-1991 жылдары  ассистент, 1991-1994 жылдары аға оқытушы, 1994-1995 жылдары доцент. 1995-2001 жылдары деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, 2001-2009 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы.

2009 жылдың 20 қаңтарынан "Қазақ энциклопедиясының" Бас директоры – бас редакторы.

Бауыржан Жақып – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1991), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1994), Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі (2002), Қазақстан Журналистика Академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен Публицистер Ассоциациясының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2007).

Бауыржан Өміржанұлы "Аудитория" (1984), "Баспалдақтар" (1987), "Бір кеменің үстінде" (1987), "Парусь времени" (1987), "Аралым – арым, Балқашым – бағым" (1988), "Көзімнің нұры" (1990), "Айдындағы аспан" (1996), "Мұхтар Әуезов – публицист" (1997), "Ақ лақ" (1997), "Қолтаңба" (2001), "Уақыт ұршығы" (2004), "Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары" (2004), "Публицистикалық шығармашылық негіздері" (2007), "Қызыл қайың" (2008), т.б. кітаптары жарық көрді. Оның шығармалары  орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды.

Бауыржан Жақып – Қазақстан Журналистер одағының С. Садуақасов атындағы сыйлығының иегері (1998), жастардың "Жігер" фестивалінің лауреаты (1984), Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999). 2004 жылы Бакуде өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындарының 11 "Хазар шеир ақшамдары" фестивалінің лауреаты. ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің "Мәдениет қайраткері" төсбелгісімен  марапатталған (2006). Македонияның Скопье, Косованың Приштина  қалаларында өткен бүкіл түркі дүниесі ақындары  фестивалінің  лауреаты (2007), "ЖОО  үздік  оқытушысы" республикалық  байқауының  жеңімпазы (2009). 

2009 жылдан бері "Қазақ энциклопедиясына" басшылыққа келгеннен бері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (2009-2010), "Балалар энциклопедиясының" 2 томдық, (2009), "Қазақстан табиғаты" 2 томдық (2009), "Ақмола облысы" энциклопедиясы (қазақ, орыс тілдерінде)(2009), "Қазақстан ғылымы" энциклопедиясы (2 томдық) (2009-2010),  "Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев –  тәуелсіз Мемлекеттің негізін қалаушы" (2010), "Назарбаев Нурсултан Абишевич – основатель независимого государства" (2010), "Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті. Ретроспективтік библиографиялық көрсеткіш" 2-томдық (2010), "Внешнеполитические иницативы Президента Республики Казахстан Н.А.Назарбаева" (2010), "Кемеңгер" (2010) кітаптарын әзірлеп, басып шығару жұмыстарына басшылық жасады.

"Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл" медалімен (2011), "Құрмет" орденімен (2012), "Мәдениет саласының үздігі" (2013) және "Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін" (2014) төсбелгісімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің "Алтын" медалімен марапатталған (2014).

Бауыржан Нөгербек 

Кинотанушы, өнертану ғылыми кандидаты (1989), профессор, кино тарихшысы әрі теоретик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), Құрмет орденінің иегері (2011)

1948 жылы 6 тамызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1967-1971 ж.ж. Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік кинематография институтының кинотану факультетінде (проф. Н.П. Туманованың жетекшілігімен) оқыған. 

1971-1981 ж.ж. Қазақфильм киностудиясының сценарий жазу редакциясының алқа мүшесі, мультипликация бірлестігінің бас редакторы болып қызмет атқарды.

1981-85 ж.ж. Қазақстан Киноматографияшылар одағы басқармасының хатшысы, 1985-1999 ж.ж. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институтының театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері, 1993-94 ж.ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және өнер институтының (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы) проректоры, 1993 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында кинотану шеберлік сабақтарын жүргізеді, отандық кино тарихында кинотанушы түлектерді тағайындаған (1993-1997, 1998-2002, 2002-2006, 2006-2010) алғашқы ұстаз болды.

Бауыржан Нөгербек – БүкілОдақтық мемлекеттік киноматография институтының (ВГИК) кинотану бөлімінің алғашқы түлектерінің бірі, Қазақстандағы кәсіби киносын пен кинотануды тудырған тұлға. Қ.Сиранов, К.Смайылов тәрізді алғашқы қазақ кино тарихшылары мен сыншыларының ізін жалғастырған кинотанушы Б.Нөгербек те кәсіби киносынды жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі күнде Б.Нөгербектің Еуразия-98 І Халықаралық фестивалінде мәдени оқиға болған "Қазақстан Киносы" кітабы киноматографистер назарында. Б. Нөгербек қазақ мультипликациясының бірігуін ұйымдастырған бас редактор ретінде, қазақ анимациясын зерттеуші-ғалым ретінде қазақ мультипликациясының дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ мультипликациясына арналған "Қазақ мультипликациясындағы фольклор дәстүрлерінің дамуы" атты диссертациясын қорғады (1989 ж. Мәскеу).

Бауыржан Рамазанұлы "Шәкен жұлдыздары" (Алматы, Қазақстан), Еуразия (NETPAC, Алматы, Қазақстан), "Золотой минбар" (Қазан, Ресей) тәрізді халықаралық фестивальдерінің қазылар алқасының мүшесі болды.

1993 жылдан 2017 жылға дейін Қазақ ұлттық өнер академиясында пед. қызметпен (2000 жылдан проф., 2001 жылдан кафедра меңгерушісі) айналысты. Ол қазақ мультипликациялық кино саласын ("Ертегілерге тіл біткенде. Қазақстанның мультипликациялық киносы, 1984), сондай-ақ кино өнерінің зәру, көкейкесті мәселелерін ("Қазақстан киносы", 1998) зерттеумен шұғылданады. Сонымен қатар KASACH FILM (ГДР, Берлин, 1985), "CINEMA KAZAKHO – KAZAKH CINEMA" (Италия, 2002), "Қазақстан киноөнері" (Алматы, 1987), "Қазақфильм" экранында (Алматы, 2007) кітаптарының, 200-ден астам рецензия, эсселердің авторы. Киносыншының еңбектері ТМД мемлекеттерінде, Германия, Голландия, Италия, Оңтүстік Корея елдерінде жарық көрген.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978), Кинотану және киносын саласындағы КСРО киноматографистер Одағы сыйлығының лауреаты (1985), Өнертану кандидаты (1989), ҚР Білім беру ісінің үздігі (1998), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры (2000), Өнертану профессоры (2005).

Бауыржан Шүкенов

"Арман" кинотеатрлар желісінің директоры, танымал әнші Батырхан Шүкеновтің туған ағасы

Қызылорда қаласында туған. Танымал әнші Батырхан Шүкеновтың туған ағасы.

1981 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Дирижер мамандығын алып шыққан.  

Институтты бітірген соң Қызылорда мемлекеттік филармониясында директор қызметін атқарды. Концерт қоюдың нарықтық желісін енгізген жас мамандардың бірі болған.

2010 жылы Бауыржан Шүкенов Қазақстанда "Бүгінгі француз киносы" фестивалін өткізудің бастамашысы болды. Unifrance агенттігінің қатысуымен өткізілетін бұл фестиваль бірқатар жарқын тұсаукесерлермен есте қалды және республиканың мәдени өмірінде әрқашан күтілетін шараға айналды. Өзінің кәсіби қызметі үшін Бауыржан Шүкенов жоғары награда – Француз Республикасының "Өнер мен әдебиеттегі еңбегі үшін" орденімен марапатталды.

Бауыржан Шүкенов, сондай-ақ, Батырхан Шүкенов атындағы қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Қазіргі уақытта "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары.

Бауыржан Сәрсекенов

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстандағы футбол саласындағы бас мамандардың бірі, PRO UEFA тренерлік лицензиясының иегері

1955 жылы 25 мамырда Атырау облысында дүниеге келген.

1981 жылы Алматы қаласындағы Қазақ дене шынықтыру және спорт институтын тамамдаған. Мәскеу Жоғарғы футбол менеджменті мектебін бітірген. Ақтау, Жаңаөзен, Алматы қаласының құрамаларында өнер көрсеткен. 

Жаттықтырушылық қызметін 1981 жылы Маңғыстау облысы жасөспірімдер спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып бастаған.

1986-1991 ж.ж. "Мұнайшы" (Ақтау) Футбол командасының аға жаттықтырушысы, 1992 жылы  "Мұнайшы" футбол мектебінің директоры, 1993 жылы "Намыс" (Алматы) футбол командасының бас жаттықтырушысы, 1994-1995 ж.ж. "Мұнайшы" (Актау) футбол командасының аға жаттықтырушысы, 1996 жылы  "Ақжайық" (Атырау) футбол командасының аға жаттықтырушысы, 1997 жылы "Мұнайшы" (Актау) футбол командасының аға жаттықтырушысы, 1998-2000 ж.ж. ЦСКА (Алматы) аға жаттықтырушысы, 2000 жылы Қазақстан Футбол одағы жанындағы даму қорының директоры, 2000-2004 жылдар аралығында «Қайрат» футбол командасында дайындау тобының жаттықтырушысы, 2001-2003 ж.ж. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-15, U-16) бас жаттықтырушысы, 2004 жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-17) бас жаттықтырушысы, 2005 жылы "Жетісу" (Талдықорған) ФК аға жаттықтырушысы, 2006 жылы "Ордабасы" (Шымкент) ФК бас жаттықтырушысы, 2006 жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-19) бас жаттықтырушыс, 2007 жылы "Каспий" (Ақтау) ФК бас жаттықтырушысы, 2008 жылы ҚФФ құрама команда Департаментінің менеджері, 2009 жылы Шарип Оманов атындағы "Жеңіс" ардагерлер клубының (Алматы) бас жаттықтырушысы, 2011-2014 ж.ж. Алматы қаласы балалар-жасөспірімдер лигасының директоры болады.

"Динамо" (Киев), "Спартак" (Москва), "Штутгарт" және "Карлсруэ" (Германия командалары) командаларында тәжірибеден өткен. "Қазақстан футболының дамуына зор үлес қосқаны үшін" құрметті орденімен марапатталған.

Марат Шахматов, Жамбыл Көкеев, Марк Гурман, Артем Фомин тәрізді Қазақстан Ұлттық құрамасының футболшыларын тәрбиелеген.

Бауыржан Байбек

Мемлекеттік қайраткер, Алматы қаласының экс-әкімі, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары

1974 жылдың 19 наурызында Алматы қаласында туған.  "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Германия Федеративтік Республикасында оқыған: Гете институтты (Бремен қаласы, 1995) «Неміс тілі»;  Любек қаласындағы Жоғары мектеп (ГФР, 1998), педагог. Орталық Азия университетін (2002) халықаралық экономика мамандығын бітірген. 

3 жоғары білімі бар: педагогикалық, сыртқы экономикалық және музыкалық. Оқуды тәмамдағаннан кейін 1999-2002 ж.ж. Қазақстан Республикасының Бас консулдығында және Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасы Елшілігінде дипломатиялық қызметте болды.

2002 жылдардан бастап Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде бірқатар қызметтерді атқарды.

2009 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

2015 жылдың тамыз айынан 2019 жылдың маусым айына дейін – Алматы қаласының әкімі болды.

2019 жылы маусым айынан бастап «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

І сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Саяси ғылымдарының кандидаты. 2013 жылдан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі.  

"Құрмет" орденімен, "ҚР Конституциясына 10 жыл", "Астананың 10 жылдығы", "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі үшін "Тіл жанашыры" құрмет белгісімен, ұлттық спорт түрлерінің дамуына қосқан үлесі үшін "Елімжан" төсбелгісімен марапатталған.

"Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубының" құрметті профессоры. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасы" (2010), "Хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік нұсқаулық" (2007, екі тілде) кітаптарының мен саясаттану ғылымының түрлі мәселелеріне арналған бірқатар мақалалардың авторы.

2008 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастық Кеңесінің төрағасы.

ҚазГЗУ қамқоршылық кеңесінің төрағасы. 2013 жылдан Азиялық Саяси Партиялар Конференциясы Тұрақты Комитетінің мүшесі. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) мүшесі.

Бауыржан Қарағызұлы

Талантты ақын, халықаралық және республикалық әдеби конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы

1982 жылы 17 қазанда Баян-Өлгей аймағы Улаанхус сұмынында дүниеге келген.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің және ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Халықаралық Шабыт шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері (2006-2008 ж.). "Әлемге әйгілі – Астана" атты жыр мүшәйрасының Гран-При жүлдесінің иегері (2010 ж.). Сейдолла Бәйтереков атындағы арнайы сыйлықтың иегері. 

Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласына сіңірген еңбегі мен үздік ақындығы үшін "Патриот" медалін иеленген. (2011 ж.). ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен "Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған" атты І республикалық Мағжан өнер фестивалінің лауреаты және жеңіпазы. (2011 ж.) "Табысты қазақстандық – 2012" Ақмола облыстық жастар байқауында Жас дарын сыйлығының иегері. (2012 ж.) 

Қазір Байланыс және ақпарат агенттігіне қарасты "Қазконтент" АҚ "Әдебиет порталы" интернет-жобасының жетекшісі.

Топтама өлеңдері "Жас толқын", "Қазақстан ақындар антологиясы" т.б. сияқты жыр жинақтарға енген. Сондай-ақ, "Қызылжардан ескен леп", "Шынға шыққым келеді", "Айдыннан ұшқан аққулар", "Жеңімпаз жас ақын-жазушылар антологиясы", "Көкшетау жас ақындар антологиясы" атты ұжымдық жыр кітаптарға енген. "Жұмбақтасқа жауған күз", "Өң.Мен.Түс." атты жыр-кітаптарының авторы.

Бауыржан Ибрагимов

ҚР Еңбек сіңірген әртісі (1993), театр әртісі, кәсіпкер

1983 жылы Алматы Театр көркемсурет институтының театр және кино факультетін бітірген. "Тамаша" ойын-сауық театрының белді мүшесі болған. 1991 жылы Мосвада өткен Халықаралық эстрада артистері байқауының лауреаты атанды. 1992 жылдан өзі ашқан "Бауыржан шоу" әзіл-сықақ театрының бас директоры.

Бауыржан Исламхан

Қазақстандық футболшысы, жартылай қорғаушы, «Қайрат» ФК мен Қазақстан футбол құрамасының экс-капитаны

Карьерасын 2011 жылы Қазақстан премьер-лигасында тұрған атақты «Тараз» футбол клубынан бастаған. 2012 жылы клубтың капитаны болды. Достастық Кубогы турнирінен кейін көптеген Ресейлік және Украиналық командалардың көзі түсе бастады. 2013 жылы ресейлік «Кубань» клубымен 3 жылға келісімшартқа отырды. Краснодарлық клубқа ауыстыру 200 мың АҚШ долларына бағаланды. 2014 жылы «Қайрат» ФК 3 жылға келісімшартқа отырды, қазіргі уақытта бұл клубтың белді ойыншылардың бірі. 2015 жылы Қазақсан Чемионатында өнер көрсетті.

Қазақстан жастар құрамасының капитаны болған. Қазақстан-Латвия ойынында Қазақстан ұлттық құрамасында ойнады. 2012 жылы ТМД Кубогінде ең үздік ойыншы атанған. 2016 жылы BT Sport британ телевизиялық арнасының нұсқасында Бауыржан Исламхан УЕФА Еуропа лигасында "соңғы голды тамаша соққан футболшы" атанған.

Бауыржан Карипов

Фитнес-жаттықтырушы, әлемдік деңгейдегі маман, кикбоксер

Қазақ спорт және денешынықтыру институтын бітірген. Тайбокс пен кикбокс кәсіби мектептерінің негізін қалаған. Iron Man триатлоны бойынша әлем чемпионатына қатысқан.

Фитнес жаттықтырушылар арасынан Америка Кубогын алған. Ұзақ уақыт бойын АҚШ-та, Нью-Йорк қалассында 57-авеню даңғылында фитнес жаттықтырушысы бойынша жұмыс жасаған. Дженнифер Лопес, Паффа Дэдди, Дебор Гибсон, Синди Кроуфорд, Игор Крутой, Иванка Трамп, Бьянка Джаггер  тәрізді және өзге де 50-тен аса әлемнің танымал жұлдыздардың жаттықтырушысы болған.

Бауыржан Әбішев

Актер, каскадер, трюктерді қоюшы, соғыс сахналарын қоюшы-режиссер

1982 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы,  Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектепті бітірген.

Республикалық эстрада-цирк колледжін тәмамдаған. Қазақстандық "Nomad" каскадерлер тобының мүшесі болған. Қазіргі таңда "Kazakh Union Action Team" каскадерлік тобын құрған. 

"Көшпенділер", "Дневной дозор", "Волкодав", "Путь домой", "Ликвидатор", "Мың бала", "Неудержимые 2" тәрізді фильмдерде каскадер болған. Ал "Рэкетир" фильмінде қосымша рөлдердің бірін сомдайды. Каскадер ретінде боевик, триллер, драма, криминал, тарихи, фантастика жанрындағы фильмдерде өнер көрсетеді.

Бауыржан Есебаев

Танымал сазгер, ақын, режиссер, жыл композиторы, ҚР Мәдениет қайраткері

Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген.

1992 жылы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Университет қабырғасында жүргенде қайнаған өнер ортасындағы Құрмаш Маханов, Досымжан Таңатаров, өз қолтаңбасы бар ақын Олжас Отар, Мадина Сағымбекова, Назгүл Дүйсенбаева, Индира Расылхан, Гауһар Қаспақова, Ғани Мәтебаев, Досымжан Таңатаров тәрізді талант иелерімен аралас-құралас болған.

Университетті бітіргеннен соң әскер қатарына алынады. Әскерден келген соң 4 жыл полицияға қызметкерлері қатарында қызмет етіп, аға лейтенант шеніне дейін жоғарылаған. 

200-дей әннің авторы. Сазгердің әндерін Досымжан Таңатаров, Нұрдан Өнербаев, Медеу Арынбаев, Саят Медеуов, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Айгүл Иманбаева тәрізді танымал әншілер орындайды.

Бауыржан Асаубаев  

Академик, қоғам қайраткері, кәсіпкер

"Altyn Group Kazakhstan" көп салалы холдингін құрған Асаубаевтар отбасы мүшесі, ортаншы ұлы

1999-2009 жылдар аралығында "Қазақалтын" компаниясының вице-президенті болған. Алтын табу мен оны өндіру операцияларын қадағалайтын болған. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік техника университетін бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін өңдеу мамандығы бойынша тамамдаған. 1996 жылы технологиялық үрдістер мен өндірістік кезеңді автоматтандыру саласы бойынша ғылым кандидаты атанады.

Бауыржан Ретбаев

Қазақстан Дауысы вокалды байқауының жеңімпазы, әнші

1993 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында музыкалық өнер факультетінде білім алуда.

2013 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық байқауда екінші орын иегері атанған.

Мейрамбек Беспаев, Ақылбек Жеменей және «Заман» тобын тыңдағанды ұнатады.

Хобиі – отандық футбол.

Бауыржан Омаров

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, журналист

1962 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерек ауылында туған. 

1986 жылы қазіргі әл-Фараби атынадағы ҚазҰУ журналистика факультетін, 1998 жылы Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

1986–1994  жылдар аралығында "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінің тілшісі, аға тілшісі, аудармашысы, бөлім меңгерушісі, 1994–1996 ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,1998 – 2000 ж.ж. аға ғылыми қызметкері әрі докторанты, профессоры (2002 – 2003) болды. 1996-1997 ж.ж.  Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, 1997-1998 ж.ж. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, 2000-2003 ж.ж. Қазақстан БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 2001-2002 ж.ж. "Қайнар" университетінің профессоры болған.

2003 – 2006 ж.ж. ҚР Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, "Литер-Media" ЖШС атқарушы директоры, "Астана хабары" газеті бас редакторының бірінші орынбасары, "Айқын" газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, "Қазақ Газеттері" ЖШС бас директоры (2006–2009), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі (2009–2013) қызметтерін атқарды.

1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінде "Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы" атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2001 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында "Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 100-ден астам ғыл. жарияланым мен 10 ғылыми және публицистикалық кітаптардың авторы.

БАҚ саласындағы президент грантының иегері (2007), Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты (1990), Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты (2011).

Бауыржан Махатов 

Ғалым, фармация ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі

1960 жылы 11 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

1983 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетін бітірген. 1983 – 1987 жылы сол оқу орнының фармацевтикалық химия кафедрасында ассистент, 1986 ж. Львов мемлекеттік медицина институтында өз бетінше ізденуші, 1987–1990 жылдары И.М. Сеченов атындағы Мәскеу медицина академиясында ізденуші (аспирант) болды. 2004 жылы Қазақ-өзбек инженерлік-гумантиарлық университетінің экономика факультетін бітірген.

1990 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында жұмыс істейді. 1992 жылдан аға оқытушы, 1995 жылдан фармакология факультетінің деканы, 1997 жылдан коммерциялық топтағы студенттер деканы, 1998 жылдан халықаралық және экономикалық қатынастар жөніндегі проректоры, 2000 жылдан кафедра меңгерушісі. 2009 жылдан осы академияда ұйымдастыру және экономика жұмыстары жөніндегі проректоры болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіні кеңесінің мүшесі, ОҚМФА диссертация кеңесінің төрағасы болған. Қазіргі күнде Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының диссертация кеңесінің мүшесі болып табылады.

1990 жылы "Хромотографическое определение пестицидов в лекарственном растительном сырье и продуктах его переработки" тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1999 жылы "Фармацевтическое исследование некоторых растений Казахстана и технологическая основа разработки лекарственных форм полифенольных комплексов противовосполительного действия" тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

100-ден астам ғылыми мақалалары, 3 монографиясы, 6 авторлық куәлігі, әдістемелік құралдары мен ғылыми-зерттеулерге патенттері бар. 200 жылы Денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісімен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бауыржан Қалжанұлы 6 фармация ғылымы кандидаты мен докторларын дайындаған, қазіргі күнде 10 ізденуші қатысатын ғылыми-зерттеу жұмысының басшысы.

Бауыржан Қарабеков 

Ақын, PhD докторант, Жазушылар Одағы мүшесі

1956 жылы 25 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Асық ата аулында туған.

1978 жылы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі ҚазҰТУ ) бітірген соң КСРО Радио өнеркәсібі министрлігінде, 1978-1982 жылдары Қазақ политехникалық институтында инженер, кейіннен оқытушы болған.

Өлеңдері 1990 жылдан бері газет-журналдарда жарияланып келеді. Ол М.Жұмабаевтың, С.Мұқановтың 100 жылдық, Қ.Аманжоловтың 90 жылдық мерейтойларына арналған мүшәйралардың жүлдегері. "Қазақ әдебиеті" газеті жариялаған "Бір өлеңнен білінер" жабық жыр бәйгесінің Бас жүлдегері. 2001 жылы "Үш қиян" баспасынан "Қызылдың ауыл қүмында", "Құмдағы жазулар" (2007) атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Топтама өлеңдері бірнеше жыр жинақтарына енген.

Қ. Слямбек