Әлем чемпионы атанған қазақ боксшылары

Әлем чемпионы атанған қазақ боксшылары

Сербия елінің астанасы Белградта бокстан әлем чемпионаты басталды. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналған бәсекеде қазақ боксшылары да бақ сынайды. Ал біз осыған дейін жеңістің ең биік шыңын бағындырған отандастарымызды таныстыра кетейік. Солардың жеңісті жолын берсін!

Бокстан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты 1974 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін отандастарымыз Кеңес құрамасы сапында бақ сынап жүрді. Егемендік алғаннан кейін ел атынан шыға бастадық. Алғаш рет алтын алған отандасымыз – Болат Жұмаділов.

51 кило – Болат Жұмаділов

1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында қазақ боксшысы Болат Жұмаділов 51 килоға дейінгі салмақта топ жарды. Ел спортында оған екі бірдей тарихи көрсеткіш тиесілі. Біріншісі, ол – қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы.  Екіншісі – Жұмаділов екі Олимпиаданың финалында күш сынасқан Қазақстандағы тұңғыш және әзірге жалғыз былғары қолғап шебері. Ол Атланта мен Сиднейдегі жарыстың ақтық сынында өнер көрсетті. Болаттың бұдан да басқа толып жатқан жетістігі барын жанкүйерлер жақсы біледі.

57 кило – Галиф Джафаров

2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын алды. Оның бірін 57 килоға дейінгі салмақта Галиф Джафаров еншіледі. 2001 жылы Белфастта күміс алған еді.

75 кило – Геннадий Головкин

Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асырып жүрген отандасымыз 2003 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионы болған. Бангкокта Генаға тең келер қарсылас табылмаған. Финалда украиналық Олег Машкинді ұтқан еді.

64 кило – Серік Сәпиев

2005 жылы әлем чемпионаты Мяньянда (Қытай) өтті. Қазақ боксшылары тағы да 2 алтын еншілеп қайтты. Оның бірін 64 килоға дейінгі салмақта Серік Сәпиев еншіледі. Финалда өзбек боксшысы Дильшод Махмудовты қапы қалдырды.

81 кило – Ердос Жаңабергенов

Мяньянда екінші алтын медальды Ердос Жаңабергенов иеленді. Ол 81 килоға дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Жарқ етіп әлемнің көзіне түсті де, көп өтпей тасалана берді.  Жарақат жабыспағанда Жаңабергеновтің жуан жұдырығы 2008 жылы өткен Бейжің олимпиадасында, Лондондағы төртжылдық додада талайдың миын шайқайтын еді. Көптеген спортшының арман-тамырын қиып түсірген кесел Ердостың да етегінен тартты.

64 кило – Серік Сәпиев

2007 жылы әлем чемпионаты Чикагода өтті. Дәл осы бәсекеде Серік Сәпиев екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл жетістікті әзірге ешкім қайталаған жоқ.

49 кило – Біржан Жақыпов

2013 жылы әлем чемпионаты ат басын Алматыға бұрды. Алатау бөктерінде өткен бокс бәсекесінде қазақ спортшылары жанкүйерлерін жерге қаратпады. 4 алтын алып, айды аспанға шығарды. Оған дейін де, одан кейін де мұндай жүлде бұйыра қойған жоқ. Сол додада топ жарған боксшымыздың бірі – Біржан Жақыпов. Жеңіл салмақта бақ сынаған отандасымыз мансабындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізді.

64 кило – Мерей Ақшалов

Алматыда атой салған боксшымыздың бірі – Мерей Ақшалов. Ол 64 килоға дейінгі салмақта чемпион атанды. Финалда кубалық боксшы Ясниель Толедо Лопесті жеңді. Араға 1 жыл салар салмас мансабын аяқтады.

69 кило – Данияр Елеусінов

Бүгінде кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген танымал отандасымыздың бірі – Данияр Елеусінов. Ол 2013 жылы әлем чемпионы және Азия чемпионы атанды. Алматыдағы жарыстың финалында Ариснуад Деспаньені ұтты.

75 кило – Жәнібек Әлімханұлы

Алматыдағы әлем чемпионатында жарқ еткен талант Жәнібек Әлімханұлы еді. Ол 75 килоға дейінгі салмақта үздік шықты. Жаңа есім болып танылды. Ал бүгінде кәсіпқой бокста ел абыройын асырып жүрген оғландарымыздың бірі.

56 кило – Қайрат Ералиев

2015 жылы Дохада қазақ елінің әнұраны шырқалмады. Араға 4 жыл салып барып чемпион шықты. Гамбургте 56 килоға дейінгі салмақта Қайрат Ералиев топ жарды. Финалда отандасымыз америкалық Дюк Роганды 3:2 есебімен жеңді. Биыл тамыз айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, өзбек боксшысы Бахит Абдурахимовты жеңді.

81 кило – Бекзат Нұрдәулетов

2019 жылы әлем чемпионаты Екатеринбургте өтті. Көршілес елде өткен жарыста боксшыларымыздан үлкен үміт күттік. Сол үддеден шыққан отандасымыз Бекзат Нұрдәулетов болды. Ол 81 килоға дейінгі салмақта кіл мықтыларды ұтып шықты. Жартылай финалда әйгілі кубалық Хулио ла Крустан айласын асырып, сенсация жасады. Финалда өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовты жеңді.

Бекзат кәсіпқой бокста да бақ сынап үлгерді. Болашағын осы бағытқа бұратындай. Жақында «Adal Promotions» промоутерлік компаниясымен ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойды. 6 қараша күні кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізеді.

Н. Үсенова