Киберспорттың қыр-сыры: Dota 2

Киберспорттың қыр-сыры: Dota 2
Фото: Medium

Кәсіби ойыншылардың пікірінше, киберспортта шапшаң қол, жүйрік ой мен кемел стратегия көп нәрсені шешеді екен. Сондай қабілетті қажет ететін әлемдік ірі дисциплинаның бірі – Dota 2. Бірінші CS:GO ойынының қыр-сырымен таныс болған едік, ендігі кезек Dota 2-де. Оның барлық ерекшелігі мен функционалдық тұстарын ажырату үшін ондаған мәтіннің өзі жетпейді, десе де ойын жайлы жалпы түсінік қалыптасу үшін сырттай шолып өтейік.

Ірілі-ұсақты турнирлердің көп кездесуі олимпиадалық жүйемен өтеді. Іріктеу кезеңі Single elimination (best of 1) форматында өтеді, яғни жеңімпаз бір ойында анықталады. Топтық кезеңде Double elimination (best of 2) форматы пайдаланылады, 3 раундта басым болғаны жеңеді. Екі ойында жеңіске жеткен команда турнирдің жоғарғы себетіне өтеді де, ұтылғаны төменгі себетте орналасады. Финалда командалар best of 5 жүйесімен ойнайды, кім бірінші 3 раундта жеңсе, сол – жеңімпаз.

Ойын алдында командалар тиын лақтырып, алаң таңдайды. The Radiant алаңның төменгі бөлігінде орналасқан жарық аймақ. The Dire – жоғарғы бөліктегі, қараңғы аймақ. Әр тараптың позициялық орналасуында өз артықшылығы мен кемшілігі бар.

Ойын алдында шайқас нәтижесіне әсер ететін "драфтинг" кезеңі өтеді. Онда капитан өзінің командасы ойнайтын кейіпкерді таңдайды және қарсыластың кейіпкерлерін "банға жібереді" (тыйым салу). Ойынның сәтті өтуі осы драфтингке байланысты. Көп жағдайда сол дұрыс таңдалмаған кейіпкерлер жеңіліске себеп болып жатады.

Негізгі шайқас жоғарғы (top lane), төменгі (bottom lane) және орталық (middle lane) бөлікте өтеді. Жеңіске жету үшін командалар қарсыласының қорғаныс мұнарасын бұзып, тағын қиратуы тиіс.

Драфтинг кезеңінен кейін ойыншылар өз кейіпкерлерін реттеп, талдайды. Әр киберспортшының ростерде өз рөлі бар. Ең негізгі деген 4 рөлді атап айтуға болады: саппорт, мидер, оффлейнер және керри.

Саппорт: бұл рөлге көбіне екі ойыншы жауап береді. Олар керриді қорғауы тиіс, сондықтан онымен бірге бір шепте жүреді. Сондай-ақ карта мен уақытты қадағалау, шайқастарды ұйымдастыру және командаластарын құтқару саппорттар мойнында.

Мидер: орталық шепте тұратын ойыншы. Оған жылдам старт керек, өйткені ойынның басы мен ортасындағы жағдай дәл осы мидердің шеберлігіне байланысты өзгереді. Кейде мидерлердің арқасында команда ойынды соңына дейін жеткізбей, мерзімінен бұрын жеңіп кетіп жатады.

Оффлейнер немесе Хардлейнер – жоғарғы кейде төменгі шепте орналасатын ойыншы. Оның міндеттері – ультиматив қабілетке ие болу үшін алтыншы дәрежеге қол жеткізу, жау қолынан өліп қалмау, жаудың кері шегінгенін дер кезінде хабарлап отыру.

Керри – ойын соңында іске кірісіп, шайқасатын кейіпкер. Әдетте керрилер ойын басы мен ортасында онша белсенді болмай, бар потенциалын соңында көрсетеді.

Әр рөл өзінше ерекше, бірақ жұмылған командалық ойынсыз жеңске жету қиынның қиыны.

Алматыда ең мықты "дотерлер" анықталады

Қазақстан Киберспорт Федерациясы құрылған соң бірен-саран шағын жарыстар ұйымдастырылып жүр. Ал халықаралық жарыстарға жолдама беретін, жүлде қоры үлкен ауқымды турнирлер енді ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – Қазақстан Киберспорт Федерациясының қолдауымен World Electronic Sports Games (WESG) ұйымдастырған чемпионаттың LAN-финалы. Ақтық сайыс қатысушылары киберспорт санатына кіретін танымал Dota 2, CS:GO, StarCraft 2, HearthStone и PES 2019 дисциплиналарында мықтыны анықтайды. Жүлде қоры – 5 500 000 теңге.

Финалға Gambit (AdreN, mou, hobbit, Nealan, Flame) және Se7en eSports (charlie, Plasi, mitsumia, insomnia, Nira) командалары шақырылған. 

Финалға қатысатын командалар 15-30 қазан аралығында онлайн-іріктеу арқылы анықталған еді. Жеңімпаздар 2019 жылы Шанхай қаласындағы халықаралық турнирге қатысады.

LAN-финалдың салтанатты ашылуы 11 қараша күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сағат 11.00-де басталады. 

Massaget.kz