ТМД-ның үздік ұйымы қазақстандық киберспортшыларды қатарына қоспақ

ТМД-ның үздік ұйымы қазақстандық киберспортшыларды қатарына қоспақ
Фото: Massaget

Dota 2 ойынан Cyberium Seed командасының ойыншыларына Ресейдің көшбасшы командасы қызығушылық танытып отыр. 

Virtus.pro ұйымы Dota 2 ойынан үшінші команда жасақтап, оның сапына Cyberium Seed ойыншыларын шақыртуды қарастыруда. 

Cyberium Seed командасының сапында қазақстандық Бекжан b1kA Жәндіров пен Азамат SamSam Байтасов, ресейлік Андрей meLes Романов, болгариялық Стоян lil pleb Костров пен қырғызстандық Медер PuberrrR Дюшекеев өнер көрсетеді.

Дәл қазір Virtus.pro ұйымының Dota 2 ойынан негізгі құрамы және VP.Prodigy бар. Жалпы, ресейлік ұйым ТМД елдерінде мықты командаларды қатарына қосуда тәжірибесі бар. Өткен жылы CS:GO-дан Қазақстанның AVANGAR командасының барлық ойыншысы Virtus.pro ұйымына қосылған еді. 

*Virtus.pro – ресейлік кибеспорт жобасы. 2003 жылы құрылған ұйым танымбелгісінде аюдың суретімен ел арасында танымал болған. Бастапқыда тек Counter-Strike ойынынан команда жинаған Virtus.Pro Dota-дек команданы тек 2007 жылы құрды. Ал 2009 жылы жұмысын тоқтатып, командаларын таратып жіберді. Арада екі жыл өткенде қайта құрылып, жаңа деммен киберспорт әлеміне сүңгіп кетті. 2015 жылы 100 миллион доллар инвестиция тартқан Virtus.Pro қазір әлемнің үздік ұйымдарының бірі саналады. Тіпті, Dota 2 және Counter-Strike ойындарынан қыздар командасын жинап, аса танымал емес Paladins, Quake Champions, Artifac секілді ойындарға да назар бөледі.

А. Рысдәулет