Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-та титул үшін жұдырықтасады

Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Титулдық кездесу 19 қыркүйекте АҚШ-тың Калифорния штатында өтеді. Мейірім Нұрсұлтановтың қарсыласы америкалық кіші Хесус Рамос болады.

Қазір бұл салмақтағы WBC чемпиондық белбеуі доминикандық Карлос Адамеске тиесілі. Алайда ол міндетті үміткермен кездесуден бас тартуына байланысты ұйым чемпиондық мәртебені қайта қарастыруы мүмкін. Мұндай жағдайда Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы жекпе-жектің жеңімпазы толыққанды әлем чемпионы атануы ықтимал.

Айта кетейік, 32 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов бұған дейін 2023 жылы шаршы алаңға шығып, Хулио Аламосты төрешілер шешімімен жеңген болатын. Содан бері ол WBC рейтингінде міндетті үміткер мәртебесін сақтап келеді.

Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте осы уақытқа дейін 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның басым бөлігі мерзімінен бұрын аяқталған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!