Германия құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалына өтті

Германия құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалына өтті

Бүгін Еуропа чемпионатының 1/4 финалында Италиямен кездескен Германия құрамасы ойын соңындағы пенальтиде қарсыластарынан басым түсіп, доданың жартылай финалына жолдама алды. Бордо қаласындағы "Стад де Бордо" стадионында өткен кездесудің негізгі уақыты 1-1 есебімен тең аяқталған болатын.

Бірінші тайм шабуылға толы болса да, голсыз өтті. Немістер алға шығуға ұмтылған, тіпті қарсылас қақпасына доп тоғытып үлгерді де. Алайда Бастиан Швайнштайгер есеп ашарда ереже бұзған себебінен бұл гол саналмады. Тайм соңында қарсыластар қауіпті шабуылдармен алмасқанымен, екі жақ та мүмкіндіктерін пайдалана алмады.

Ойынның екінші бөлігі қызу өтті. 54-минутта Йонас Хектордың сол қанаттан асырған добын қорғаушылардың арасынан сытылып шыққан Месут Өзіл қақпаға дәл бағыттай алды. Бұл голдан кейін ойын бір қалыпқа түсіп, немістер допқа иелік етулерін жалғастырған еді. Алайда Италия құрамасының дайындаған тосын сыйы бар боп шықты. Бір сәтте шабуылға лап берген олар немістерді абдыратып қойды. Нәтижесінде 78-минутта Джером Боатенг өз айып алаңында қолмен ойнап, Германия қақпасына пенальти белгіленді. Соққыны орындаған  Леонардо Бонуччи қақпашыдан айласын асырып, есепті теңестіріп кетті. Кездесудің қалған уақытында екі құрамада да алға шығу мүмкіндіктері болған, дегенмен гол соғылмады.

Ал қосымша таймдар бір қалыпты өтті. Командалар ойынның бұл уақытында гол соғудан гөрі, гол жібермеуді көп ойласа керек. Шабуылдар аса көп болмады. Есеп 1-1 күйінше қалды.

Жеңімпазды анықтау үшін тебілген пенальти сериясы ұзаққа созылды. Қос команда да алғашқы бес мүмкіндігінің тек екеуін пайдалана алды. Үміт күттірген Дзадза, Мюллер, Озил, Пелле, Бонуччи мен Швайнштайгер сынды ойыншылар мүлт кетті. Ал алғашқы қателікке дейін созылған серияда Италия қорғаушысы Маттео Дармиан гол соға алмай, одан кейін соққы жасаған Йонас Хектор немістерге жеңіс алып келді. Есеп 6-5.


Айта кетерлігі, бұған дейін Германия құрамасы өздері үшін ыңғайсыз қарсылас саналатын Италия құрамасын үлкен додаларда ешқашан ұтпаған екен. Сол себепті бұл немістердің тарихи жеңісі десе де болады.

1/4 финалдың соңғы кездесуі Франция мен Исландия арасында өтпек. Германия құрамасы жартылай финалда осы жұптың жеңімпазымен ойнайды.

Y. Almabek