Франция мен Швейцария плей-оффқа жолдама алды

Франция мен Швейцария плей-оффқа жолдама алды
Фото: thestar.com

Еуро-2016 додасының топтық кезеңіндегі соңғы ойында өзара тең ойнаған Франция мен Швейцария құрамалары плей-офф кезеңіне жолдама алды. Лиль қаласындағы "Пьер-Моруа" стадионында өткен кездесуде гол соға алмаған қос құрама матчты 0-0 есебімен аяқтады. 

Ойынның алғашқы бөлігінде француздар басымдылыққа ие болған. Дегенмен олар қанша тырысса да қонақтардың қақпасына доп тоғыта алмады. Бірінші таймның ең қауіпті сәті деп Поль Погба тепкен доптың бағанаға тигенін айтса болады. Сондай-ақ, алғашқы 45 минутта Швейцария құрамасындағы үш ойыншының футболкасы жыртылып, қызық жағдай орын алды.

Екінші тайм да ұқсас сценарий бойынша өрбіді. Ойынның бұл бөлігі де қызыққа кенде болмады. Солардың біріне ойыншылардың кезекті таласы кезінде ала доптың жарылып қалуын жатқызуға болады. Дегенмен бұл таймда да гол соғылмай, ойынның үздік ойыншысы ретінде Швейцария қақпашысы Ян Зоммер танылды.

Ал осы ойынмен қатар өткен Албания мен Румыния арасындағы кездесуде албандықтар қарсыластарын 1-0 есебімен жеңе алды. Нәтижесінде "А" тобында Франция мен Швейцариядан кейінгі үшінші орынға жайғасты. Айта кетерлігі, қабылданған жаңа жүйе бойынша олар әлі де болса келесі кезеңге өту мүмкіндігін сақтап отыр. Ал топта төртінші орын алған Румыния құрамасы жарысты аяқтады.

Y. Almabek