Франциядағы додада алғаш рет бір ойында 4 гол соғылды (видео)

Франциядағы додада алғаш рет бір ойында 4 гол соғылды (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында алғаш рет бір ойында 4 гол соғылды. «D» тобындағы Чехия мен Хорватия құрамалары 2:2 есебімен тең тарқасты.

Ойынды хорваттар басымдықпен бастады. Шабуылда ширақ ойнап, жүйелі ойын көрсетті. Ал Павл Врба жаттықтыратын Чехия құрамасы қорғанумен болды. Дегенмен 37 минутта Иван Перичичтің соққысын қорғаушылар да, Петр Чех та қайтара алған жоқ. «Интер» клубында өнер көрсететін ойыншы хорваттарды алға шығарды.

Екінші таймды да хорваттар ойындағы басымдықпен бастады. 58 минутта Иван Ракитич Хорватия құрамасының екінші голын соқты. Нәтижесінде хорваттардың жеңіске деген сенімділігі арта түсті.

Чехия құрамасы ойын соңына қарай шабуылын үдете бастады. 78 минутта Томаш Росицкидің пасынан кейін, Милан Шкода есепті қысқартты. Ал төреші қосқан қосымша уақытта чехтар таразы басын теңестіріп кетті. 93 минутта Хорватия құрамасының қорғаушысы өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добында Томаш Нецид мүлт кеткен жоқ.

Ойында жанкүйерлер қақтығысы да орын алды. Хорватия құрамасы жанкүйерлері отырған алаң жиегінде қақтығыстар орын алып, алаңға отшашулар лақтырылды да.

Бас төреші ойынды тоқтатып, жанкүйерлердің сабырға келуін күтуге уақыт берді. Жанкүйерлердің ойын соңындағы бұл тәртіпсіздігіне қатысты ертең УЕФА іс қозғайтын болады.  

О. Сансызбай