Массагет бәйгесі. Әлем чемпионатының финалы

Массагет бәйгесі. Әлем чемпионатының финалы
Фото: reuters, soccerhotspot.com, sportingnews.com

Бүгін, 15 шілдеде Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты мәресіне жетеді. Финалдық ойында Франция мен Хорватия чемпионды анықтайды. Осы ойынмен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де аяқталады. 

Франция-Хорватия 

2018 жылғы Әлем чемпионатында барлығы 63 матч ойналды. Демек, бүгін Мәскеудегі «Лужники» стадионында соңғы 64-ші ойын өтеді. 

Франция чемпионат басталғанда өз ойынын таппай жүргендей көрінді. Бірінші турда Даниямен тең түсіп, қалған екі турда Перуды 1:0 есеімен, Аустралияны 2:1 есебімен ұтты. Нәтижесінде 7 ұпаймен топтың бірінші орнын иеленді. 1/8 финалда француздар аргентиналық шеберлермен кездесті. Тартысқа толы ойында Дидье Дешам ойыншылары 57 минутқа дейін 1:2 есебімен жеңіліп жатып, ойын соңына қарай 4:3 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Ширек финалда Уругвай құрамасын 2:0 есебімен жеңген француздар жартылай финалда қауқарлы команда Бельгиямен кездесті. Ойында жалыз голды стандартты жағдайдан Самуэль Юмтити соқты. Осылайша Франция Әлем чемпионатының финалына өз тарихында төртінші рет шығып отыр.

Финалға шығуы мүмкін құрамалар арасында Францияның болғаны рас, бірақ Хорватия финалда өнер көрсетеді деп ешкім күтпеді. Лука Модрич бастаған бұл құрама топтық кезеңді мүдірмей өтті. Үш ойынның үшеуінде де жеңіске жетіп, максимал 9 ұпаймен плэй-офф кезеңіне шықты. 1/8 финалда Златко Далич баптайтын команда Данияны пенальти сериясында қапы қалдырды. Ширек финалда Хорватиямен Ресей кездесті. Бұл ойында да хорваттар пенальти сериясы арқасында жеңіске жетті. Ал жартылай финалда экстра-таймда Марио Манджукич голының арқасында жеңіске жетіп, өз тарихында тұңғыш рет финалға шықты.

Бұған дейін екі құрама өзара 5 кездесу өткізген. Оның үшеуінде Франция жеңіске жетсе, екі кездесу тең аяқталған.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Франция: Льорис - Люка Эрнандес, Умтити, Варан, Павар - Канте, Погба - Матюиди, Гризманн, Мбаппе - Жиру. 

Хорватия: Субашич - Стринич, Вида, Ловрен, Чорлука - Брозович, Ракитич - Перишич, Модрич, Ребич - Манджукич. 

Аталмыш кездесу «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ойын Астана уақытымен 21.00-де басталады. Кездесуге аргентиналық Нестор Питана қазылық жасайды. Кеше, 14 шілдеде Санкт-Петербург қаласында Бельгия Англиядан 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша Бельгия Әлем чемпионатының қола медалін иеленді.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.  Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Massaget.kz