Массагет бәйгесі. Бүгін топтық кезеңдегі ойындар аяқталады

Массагет бәйгесі. Бүгін топтық кезеңдегі ойындар аяқталады
Фото: Reuters, sports.ru, blog.betbull.com, massaget.kz

Дүбірлі доп додасының топтық кезеңі де аяқталғалы тұр. Бүгін G және H топтарындағы соңғы ойындар өтеді.  Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.

Сенегал - Колумбия

"Н" тобындағы екі жолдамадан үш команда үмітті. Соның бірі - Сенегал мен Колумбия құрамалары арасындағы ойын болмақ.

Екі турдың қорытындысы бойынша Африка құрлығынан келген құрамада 4 ұпай бар. Колумбиядан ұтылмаса, плей-оффқа шығады. Ал Фалькао мен Родригес бастаған футболшыларға бүгін тек жеңіс керек. Тең ойнағанның күннің өзінде Жапонияның Польшадан бірнеше доп айырмасымен жеңілгенін күтеді.

Қос құрама осыған дейін өзара екі рет ойнаған. Екеуі де - жолдастық кездесу. 2011 жылы Колумбия 2:0 есебімен жеңіске жетсе, 2014 жылы 2:2 есебімен тең түскен.

Негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар:

Сенегал: Ндиайе, Сабали, Кулибали, Сане, Ваг, Куяте, Пепе Ндиайе, Идрисса Гуйе, Сарр, Мане, Ньянг,

Колумбия: Оспина, Ариас, Санчес, Мина, Мойика, Урибе, Карлос Санчес, Куадрадо, Кинтеро, Хамес Родригес, Фалькао

Самарада өтетін кездесу Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсететін болады. Ойынға серб төрешісі Миодраг Мажич қазылық жасайды.

Жапония - Польша

Польша құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыға алмады. Ал жапондарда зор мүмкіндік бар. Ол үшін бүгін Күншығыс елінің футболшылары тең ойнаса да жеткілікті.

Поляктар үшін бұл ойыннан келіп кетер дүние жоқ. Тек топта ұпайсыз қалмауды ойлайды. 1/8 финалға шыға алмаған соң, бұл кездесуде арқаны кеңге салып ойнайтындары анық. "Баварияда" ойнайтын поляктардың үздік сұрмергені Роберт Левандовский бәлкім, бүгін гол соғар?...

Негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар:

Жапония: Кавасима – Сакаи, Йосида, Седзи, Нагатомо – Хасебе, Сибасаки – Харагути, Кагава, Инуи – Осако.

Польша: Щенсны – Пищек, Паздан, Глик, Рыбус – Крыховяк, Зелински – Блащиковски, Милик, Гросицки, Левандовски.

Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсететін болады. Ойынға замбиялық төреші Янни Сиказве қазылық жасайды.

Англия - Бельгия

Екі құрама да топтағы екі ойында да жеңіске жетіп, плей-офф жолдамасын иеленіп үлгерді. Енді өзара бірінші және екінші орындарды бөлісетін болады.

Англия мен Бельгия бүгін негізгі құрамдағы ойыншыларын шығарады деп айту қиын. Аздап жарақат алған ойыншылары да бар. Роберто Мартинес (Бельгия) Лукаку, Азар және Триппьерді алаңға шығармауы мүмкін. Ағылшындар да осылай жасауы мүмкін.

Топта бірінші орын алды деген жақсы естілгенмен, плей-оффта қиын соғуы мүмкін. Бұл - басты себеп. Екінші орын алған құрама жартылай финалға дейін жарыстың фавориттерімен кездеспейді. Мысалы, екінші орын алған құрама 1/8 финалда H тобында бірінші орын алған Жапония, Сенегал немесе Колумбия құрамаларының бірімен ойнайды. Оны жеңсе Швеция және Швецария құрамаларының жеңгенімен кездеседі. Ал топта бірінші орын алса, H тобында екінші орын алған Жапония, Сенегал немесе Колумбия құрамаларының бірімен ойнайды. Ал ширек финалда Бразилиямен жолы түйісуі бек мүмкін.

Негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар:

Англия: Пикфорд - Кейхилл, Стоунз, Джонс - Дайер - Роуз, Делф, Алли, Александер-Арнольд - Рэшфорд, Кейн

Бельгия: Куртуа - Вермален, Компани, Альдервейрельд - Чадли, Дембеле, Феллаини, Янузай - Азар, Батшуайи, Тилеманс

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсететін болады. Ойынға словениялық төреші Дамир Скомина қазылық жасайды.

Панама - Тунис

G тобының аутсайдерлері бүгін өзара 3 ұпайды сарапқа салады. Панама әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатса, тунистіктердің тәжірибесі мол. Англия мен Бельгияға қарсы тәп-тәуір ойнады.

Екі құрама үшін де жоғалтар ештеңе жоқ. Әлем чемпионатындағы соңғы ойындарында ойыншылар көзге түсу үшін барын салары анық. Ал жаттықтырушылар тәжірибе үшін ойын жүйелерін өзгертуі де мүмкін.

Негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар:

Панама: Хайме Пенедо, Амир Мурильо, Роман Торрес, Фелипе Балой, Фидель Эскобар, Эрик Дэвис, Армандо Купер, Анибаль Годой, Хосе-Луис Родригес, Эдгар-Йоэль Барсенас, Блас Перес

Тунис: Фарук Бен-Мустафа, Али Маалул,Йоан Беналуан,Хамди Наггез, Яссин Мерья, Вахби Хазри, Наим Слити, Саиф-Эддин Хауи, Эллиес Схири, Анис Бадри, Фахреддин Бен-Юссеф

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсететін болады. Ойынға бахрейндік төреші Наваф Шүкіралла қазылық жасайды.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. 

Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Болжамдар бәйгесінің ережесі

Ө. Сансызбай