Аргентина әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты

Аргентина әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты
Фото: vk.com

Футболдан әлем чемпионатының "D" тобында екінші жолдаманы Аргентина ұлттық құрамасы иеленді. Оңтүстік Америкадан келген ұжым топтағы соңғы ойында Нигерияны ұтты.

Санкт-Петербургте өткен кездесуде Аргентина құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. 14 минутта Лионель Месси әлем чемпионатындағы алғашқы голын соғып, командасын алға шығарды. 51 минутта Виктор Мозес пенальтиден есепті теңестірді.

76 минутта Маркос Рохо өз айып алаңында қолмен ойнаған. Бірақ бас төреші Джюнейт Чакыр пенальти белгілеген жоқ. Есесіне 86 минутта Рохо аргентиналықтарға жеңіс сыйлаған голды соқты.

Бұл топта алғашқы жолдаманы Хорватия құрамасы иеленген еді. Шақпақ жейделі құрама топтағы соңғы турда Исландияны сүріндірді. 2:1 есебімен жеңіске жетті.

1/8 финалда Аргентина Франциямен, Хорватия Дания құрамасымен кездеседі. 

Ө. Сансызбай