Уругвай құрамасы "А" тобында бірінші орын алды

Уругвай құрамасы "А" тобында бірінші орын алды
Фото: fifa.com

Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында "А" тобындағы ойындар аяқталды. Уругвай құрамасы соңғы ойында Ресейді 3:0 есебімен ойсырата ұтып, топта бірінші орын алды.

Самарада өткен кездесуде уругвайлықтардың мысы басым болды. 10 минутта Луис Суарес айып добын сәтті орындап, есеп ашты. 23 минутта доп Денис Черышевтің аяғына тиіп, Акинфеев қорғаған қақпаның төрінен табылды.

36 минутта Игорь Смольников екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде Ресей құрамасы кездесуді 10 ойыншымен өткізді.

Уругвай құрамасының үшінші голын 90 минутта Эдинсон Кавани өз еншісіне жазып, әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты.

Оңтүстік Америкадан келген құрама топтағы үш ойында да жеңіске жетті. Египет пен Сауд Арабиясы құрамаларын 1:0 есебімен ұтты. Фернандо Муслера қорғаған қақпаға бірде-бір рет гол соғылған жоқ. Ал Ресей құрамасы 6 ұпаймен екінші орынды иеленді.

Әлем чемпионатын ерте аяқтаған Египет пен Сауд Арабиясы арасындағы ойын да қызықты өтті. Волгоградта өткен кездесуде Сауд Арабиясы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Ө. Сансызбай