Харри Кейннің қос голы Англияға жеңіс сыйлады

Харри Кейннің қос голы Англияға жеңіс сыйлады
Фото: vk.com

Футболдан Англия ұлттық құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады. G тобындағы алғашқы ойында ағылшындар Тунис құрамасын ұтты. Ойын Волгоград қаласында өтті.

Англия құрамасына жеңіс сыйлаған екі голды да команда капитаны Харри Кейн соқты. Бірінші голын 11 минутта өз еншісіне жазды. 35 минутта Африка құрлығынан келген құрама пенальтиден таразы басын теңестірді.

Екінші таймда ағылшындар гол соғуға асықты. Сауатты қорғанған тунистіктер мүмкіндік бермеуге тырысты. Алайда негізгі уақытқа қосылған 4 минутта Англия құрамасының асығы алшысынан түсті. Харри Кейн әуедегі допты қарсыластар қақпасына баспен тоғытты.

Осыған дейін бұл топта Бельгия құрамасы Панаманы 3:0 есебімен ұтқан болатын. Ертең топтық кезеңнің бірінші ойындары аяқталады.

Ө. Сансызбай