Хорватия "D" тобында көш басына шықты

Хорватия "D" тобында көш басына шықты
Фото: vk.com

Футболдан Хорватия ұлттық құрамасы Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының "D" тобында көш басына шықты. Шақпақ жейделі ұжым топтағы алғашқы ойында Нигерия құрамасын ұтты.

Калининградта өткен кездесуде хорваттар 2:0 есебімен басым болды. Еуропалық ұжым жүйелі ойыны, ширақ шабуылы және нәтижелі пастарымен ерекшеленді.

Ойындағы алғашқы гол 32 минутта есепке алынды. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Марио Манджукич құлай барып допты қақпаға бағыттаған. Алайда қиыс кетіп бара жатқан доп жартылай қорғаушы Огонекаро Этебоның аяғына тиіп, қақпа торынан бір-ақ табылды. Автогол!

Хорваттар ойындағы екінші голды 72 минутта соқты. Бұл жолы да бұрыштамадан асырылған допқа Манджукич бірінші жетуге тырысқан. Қорғаушы Уильям Трост-Эконг шабуылшыны қапсыра құшақтап, адым аштырмады. Мұны байқаған бас төреші Сандро Риччи пенальти белгіледі. Лука Модрич 11 метрлік айып соққысынан мүлт кеткен жоқ.

Айта кетейік, бұл топтағы Аргентина мен Исландия құрамалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталған болатын. 3 ұпай алған Хорватия көш басына шықты.

Ө. Сансызбай