Дания құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Дания құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: vk.com

Футболдан әлем чемпионатының "С" тобындағы ойындар аяқталды. Саранскіде Дания құрамасы Перуді 1:0 есебімен ұтты.

Саранскідегі ойында көп гол соғылмаса да, жанкүйерлерді жалықтырған жоқ. Алма-кезек шабуылдармен өткен кездесу аса тартысты болды.

Бірінші таймда Перу құрамасының есепте алға шығуға зор мүмкіндігі болған. Алайда 45 минутта Кристиан Куэва пенальти соға алмады. Оның тепкен добы қақпадан биік кетті.

Перу құрамасы шабуылда ширақ ойнағанмен, гол соғу үшін сәттілік жетіспеді. Бірде қақпадан қиыс кетсе, бірде Каспер Шмейхельден шеберліктерін асыра алмады.

Ойында даттарға жеңіс сыйлаған голды 59 минутта Юссуф Поульсен соқты. Нәтижелі пасты Кристиан Эриксен шығарды.

Перуліктер ойын соңына дейін есепті теңестіру үшін жанталасқанмен, гол соға алмады. Нәтижесінде Дания құрамасының қоржынына 3 ұпай түсті.

Даттар әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта болған еді. Отандастарымызды бір ойында 3:1, бір ойында 4:1 есебімен ұтқан. 

Айта кетейік, бұл топтағы бірінші ойында Франция құрамасы Аустралияны 2:1 есебімен ұтқан еді. 

Ө. Сансызбай