Франция құрамасы топтағы бірінші ойында жеңіске жетті

Франция құрамасы топтағы бірінші ойында жеңіске жетті
Фото: Reuters©

Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының "С" тобындағы алғашқы ойыны аяқталды. Қазанда өткен кездесуде Франция құрамасы Аустралияны 2:1 есебімен ұтты.

Ойынның бірінші таймында командалар тең тарқасып шықты. Футбол жанкүйерлері  күткен гол соғылған жоқ. Есесіне екінші таймда 3 гол соғылды.

55 минутта Ридсон ойын ережесін бұзды. Бас төреші  Андрес Кунья видеоқайталауды қарап, пенальти соққысын белгіледі. Антуан Гризманн 11 метрлік соққыны сәтті орындап, есеп ашты. Алайда 62 минутта өз алаңында Умтити қолмен ойнап, Франция құрамасы қақпасына пенальти белгіленді.  Йединак Льористен айласын асыра білді.

81 минутта Поль Погбаның тепкен добы қақпа торында туламаса да, сызығынан асты. Төреші бұл сәтті анық аңғарып, голды есепке алды. Видеоқайталауда да гол болғанын жанкүйерлер анық көрді. 

Бұл топтағы екінші ойын Перу мен Дания құрамалары арасында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Айта кетейік, әлем чемпионатына орай Массагет порталы болжамдар бәйгесін бастаған болатын. Ойындарға болжам жасап, Huawei P20 Lite смартфонын ұтып алуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Ө. Сансызбай