Құрамы ең қымбат 10 құрама

Құрамы ең қымбат 10 құрама
Фото: The Independent, sports.ru, reuters, Allsportspk

3 күннен кейін футболдан әлем чемпионаты басталады. Қазіргі таңда дүбірлі доп додасына қатысатын 32 құрама соңғы дайындықтарын шыңдап, Ресей жерін бетке алуда.

Төрт жылда бір рет өтетін бұл бәсекеде қай құраманың бағы жанады? Болжау қиын. Себебі әлемнің кіл мықты ойыншылары жасыл алаңға шығатын жарыста кез келген нәтиже тіркелуі бек мүмкін. Жаһандық жарыс басталатын шақ жақындаған сайын мамандарда да, ойыншыларда да, оларға жанашыр жұртта да дегбір қалмай барады.

Әлем чемпионаты алдында түрлі статистикалар жариялануда. Соның бірі – құрамы ең қымбат 10 құрама мен ең арзан командалар жайында болмақ. Бұл нәтижелерді немістің Transfermarket порталы жариялады.

10. Хорватия

Команда құрамының құны: 354,5 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Иван Ракитич – 50 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 27,9 жас

Златко Далич жаттықтыратын шақпақ жейделі құраманы топта нағыз тартысты ойындар күтіп тұр. D тобында Аргентина, Исландия мен Нигерияға қарсы ойнайды. Қарсыластары да қарымды. Хорваттар ең қымбат ойыншысы Иван Ракитичтен өзге Марсело Брозович (27 млн еуро), Андрей Крамарик (27 млн), Матео Ковачич (30 млн), Иван Перичич (40 млн) сынды ойыншыларына сенім артатын болады.

9. Уругвай

Команда құрамының құны: 367,5 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Луис Суарес – 70 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 28,1 жас

Уругвай әлем чемпионатын алғаш ұтқан құрама. 1930 жылы өз жерінде өткен жарыста жеңімпаз атанған. Араға 20 жыл сала бұл жетістігін Бразилияда өткен доп додасында қайталады. Одан кейін уругвайлықтар жеңіс тұғырына көтерілген жоқ.

Бұл құрама "А" тобында Ресей, Сауд Арабиясы және Египетпен бір топта ойнайды. ПСЖ клубында ойнайтын Эдисон Кавани сынды шабуылшысы бар команда бұл топтың басты фавориті.

8. Португалия

Команда құрамының құны: 465,5 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Криштиану Роналду – 100 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 28,4 жас

Португалия құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатын ұтты. Жарыс алдында олар фавориттер қатарында жоқ еді. Биыл да фавориттер қатарында болмаса да, тосынсый жасамасына кім кепіл? Оның үстіне Криштиану Роналду үшін ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына ұтар соңғы мүмкіндіктердің бірі.

Командада Роналдудан өзге Бернард Силва (50 млн еуро), Гонсало Гуэдес (40 млн), Желсон Мартинш (30 млн) пен Вильям Карвалью (25 млн) сынды қымбат ойыншылары бар.

Португалия құрамасы "В" тобында Испания, Марокко және Иран құрамаларымен ойнайды.

7. Аргентина

Команда құрамының құны: 708 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Лионель Месси – 180 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 29,3 жас

2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында Аргентина құрамасы финалда Германияға есе жіберіп, екінші орын алды. Осы жолы жарыс жеңімпазы атанғысы келеді. Команда көшбасшысы Лионель Месси үшін де әлем чемпионы атанар соңғы мүмкіндіктердің бірі. Егер ойындары сәтсіздікпен аяқталар болса, ол ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтын болады.
Командада Мессиден өзге Пауло Дибала (110 млн), Серхио Агуэро (80 млн), Гонсало Игуаин (60 млн), Анхел Ди Мария (40 млн) сынды қымбат ойыншылар бар.

6. Бельгия

Команда құрамының құны: 756 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Кевин де Брюне – 180 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 27,6 жас

Бельгия құрамасы Еуропадағы ең үздік клубтарда ойнайтын футболшылардан жасақталған. Құрама тарихындағы ең айтулы құрам. Роберто Мартинес шәкірттеріне командалық ойын жетіспей келді немесе футболшылар көп сәтте бір-бірін түсінбей жатты. Әйткенмен Ресейдегі додаға бар шеберліктерін шыңдап келгендері анық. Тосынсый жасауы мүмкін құрамалардың бірі.

Бельгиялықтар "G" тобында Англия, Тунис және Панама құрамаларымен ойнайды.

5. Англия

Команда құрамының құны: 874 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Харри Кейн – 150 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 26 жас

Ағылшындар 1966 жылғы әлем чемпионатынан бері атой сала алмай келеді. Тіпті саяси оқиғаларға байланысты Ресейдегі додаға қатыспай қалу жайы да айтылды. Кейіннен оң шешімін тауып, Англия құрамасы Ресейге келетін болды.

Англия құрамасы жас ойыншылардан құралған. Орташа жас мөлшері – 26. Командада Харри Кейннен өзге Деле Алли (100 млн), Рахим Стерлинг (90 млн) және Маркус Рэшфорд (65 млн) сынды үздік ойыншылары бар.

4. Германия

Команда құрамының құны: 885 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Тони Кроос – 80 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 27,1 жас

Немістер биылғы әлем чемпионатында да фавориттер қатарында. Конфедерация кубогына екінші құраммен келіп-ақ жеңіске жетті. Йоахим Лев бұл жолы кіл мықты ойыншыларын додаға қоспақ. Алайда олардың қатарында талантты жас ойыншы Лерой Сане жоқ. Бір шетінен Германия құрамасында бәсекелестік те жоғары. 2014 жылғы әлем чемпионатының финалында гол соққан Марио Гетценің Ресейге жолы түскен жоқ.

Германия "F" тобында Швеция, Мексика және Оңтүстік Корея құрамаларымен кездеседі.

3. Бразилия

Команда құрамының құны: 952 млн еуро
Ең қымбат ойыншысы: Неймар – 180 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 28,6 жас

Пентакампеондар Ресей жеріне ең қымбат құрамын алып келді. Бас жаттықтырушы Тите бұл құрамға Дани Алвес пен Давид Луизді қосқан жоқ. Бірі жарақат алса, бірі жаттықтырушы көңілінен шыққан жоқ. Егер екеуі болғанда команданың құны бұдан да жоғары болар еді.

Бразилия сапында Неймардан өзге Филиппе Коутиньо (100 млн), Роберто Фирмино (80 млн), Габриэль Жезус (80 млн) пен Каземиро (60 млн) бар.

Бес дүркін әлем чемпиондары топтық кезеңде (Е тобы) Швейцария, Коста-Рика және Сербия құрамаларымен ойнайды.

2. Испания

Команда құрамының құны: 1,04 млрд еуро
Ең қымбат ойыншысы: Серхио Бускетс – 80 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 28,5 жас

Испания құрамасына ілікпей қалған танымал футболшылар жетерлік. Себебі бәсекелестік жоғары. Бір-бірін алмастыра алатын деңгейдегі ойыншылар. Хулен Лопатеги командасында Серхио Бускетстен өзге Давид де Хеа (70 млн), Марко Асенсио (75 млн евро), Иско (75 млн) сынды қымбат ойыншылар бар.

1. Франция

Команда құрамының құны: 1,08 млрд еуро
Ең қымбат ойыншысы: Килиан Мбаппе – 120 млн еуро
Орташа жас мөлшері: 26 жас

Француздар әлем чемпионатына ең мықты құраммен келе жатыр. Бас жаттықтырушы Дидье Дешамның 23 ойыншысының құны 1,08 миллард еуроға тең. Бұл – әлем чемпионаты тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Антуан Гризманн (100 млн), Поль Погба (90 млн), Усман Дембеле (80 млн) мен Рафаэль Варан (70 млн) да әлемдегі ең қымбат ойыншылар қатарынан.

Франция құрамасы топта (С тобы) Аустралия, Перу және Дания құрамаларына қарсы ойнайды.

Құрамы ең арзан құрама - Панама

Панама құрамасы әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алды. Командада танымал бірде-бір футболшы жоқ. 23 ойыншысының жалпы құны 11 миллион еуроға тең. 

Айта кетейік, Ресейдегі әлем чемпионаты 14 маусым мен 15 шілде аралығында өтеді. 11 қаладағы 12 стадионда болатын ойындарды елімізде Qazaqstan мен QazSport арналары тікелей эфирде көрсететін болады. Алғашқы ойын Ресей мен Сауд Арабиясы арасында өтеді.

Ө. Сансызбай