Месси неге америкалық клубты таңдады?

Месси неге америкалық клубты таңдады?
Фото: sports.ru

Танымал аргентиналық футболшы Лионель Месси мансабын Майамидің "Интер" клубында жалғастырады. Ауысқаны жайлы ресми ақпарат жарияланбаса да, екі тарап келісімге келгені жайлы мәлімдеп үлгерді.

Келісімшарттың аса маңызды тұстары шешіліп үлгерген. Тек кішігірім кей мәселелер ғана қалған. Бұл жайында Мессидің өзі сәрсенбінің кешінде Mundo Deportivo-ға берген сұхбатында айта кетті.

"Барселонаға" неге оралмады?

Футболшы MLS-ке ауысуына түрлі факторлар әсер етті. Бірақ "Барселонаға" қайта оралғысы келген. Каталондық клуб та ұсыныс білдірген. Алайда олар ойыншыларын сатып, кейбірінің еңбекақыларын қысқартып барып қана қаржылық мәселесін шешуді ұйғарған. Ол үшін аргентиналық ойыншыға трансфер соңына дейін күту керек болды.

Иә, мен шынымен "Барсаға" қайта оралғым келді. Бірақ бұрын кеткендегідей күйді бастан қайта кешіргім келмейді. Күту бар, оның үстіне тағдырымды біреудің қолына ұстата салмаймын. Мен өзімді және отбасымды ойлап осындай шешім қабылдадым. Ла Лига да менің оралуыма қарсы болмаған, бірақ мен үшін ойыншыларды сатып, жалақыларын қысқартқанын мен қаламаймын. Мұндай жауапкершілік арқалағым келмейді.

Мен отбасым жайлы көбірек ойланамын. Біз Парижде қонақүйде тұрдық. Балаларым да мектепке сол жерден барып, сол жерде өмір сүрді. Отбасым үшін оңай болмады. Бұл маған ұнаған жоқ. Әлем чемпионатынан кейін бір айды тамаша өткіздім. Ал басқа уақыт ауыр болды. Мен отбасыммен, балаларыммен көбірек уақыт өткізіп, бірге болғым келеді. Сондықтан да "Барселонаға" қайта келмеу жайлы шешім қабылдадым, - дейді Месси.

Араб клубынан неге бас тартты?

Аргентиналық футболшыға ұсыныс білдіріп, қатарларына қосқысы келгендер аз болмады. Әсіресе "Әл-Хилал" командасы ақшаны үйіп төккен. Месси бұл ұсынысты қарастырғанмен, дұрысы АҚШ-қа аттану деген тоқтамға келген.

MLS клубтарында еңбекақы арабтар ұсынған сомадан көп емес. Алайда олар үшін де Мессидің келуі маңызды. Әлемге танымал футболшының атақ-абыройы оларға мәртебе әрі жарнама. Сондықтан да олар арабтардан алдын мәмілеге келер жол тапты.

Месси "Интерден" ғана еңбекақы алмайды

Футболшы америкалық клубтан өзге екі бірдей ірі серіктес компаниядан да ақы алады. Олар - Apple және adidas. The Athletic ақпары бойынша, бұл келісімшарттағы аса маңызды пункттердің бірі.

Осы маусымнан бастап Apple TV MLS-пен 10 жылдық келісімшартқа қол қойды. Енді ойындарды MLS Season Pass-қа жазылу арқылы көре алатын болады. Сервиске жазылған жаңа көрермендерден Мессиге белгілі бір көлемде қаржы түсіп отырады. Сондай-ақ Apple TV футболшы жайлы сериал шығатынын хабарлап та үлгерді.

Adidas компаниясы да MLS чемпионатынан түскен кірісті Лионельмен бөліседі. Олардың да америкалық лигамен 6 жылға бекітілген келісімшарты бар. Лигадағы 29 команда да осы компания өндіретін киім мен керек-жарақтарды пайдаланады.

Месси клубқа акционер болғысы келеді

Аргентиналық ойыншы клубқа акционер болып, өз үлесі болғанын да қалайды. Қазіргі таңда клуб иегерлері санатында атақты футболшы Дэвид Бекхэм бар. Бұл қатарға өз үлесімен Месси де қосылғысы келеді. Клуб иегерлері бұл жоспарда барын айта кеткен.

Инсайдерлік ақпарат бойынша команда мен футболшы үшжылдық келісімшартқа қол қояды. Бірақ кез келген маусым соңында басқа клубқа тегін ауысып кетуіне де болады. Бұл футболшы үшін тиімді ұсыныс. MLS лигасы да атақты футболшының "Интер Майамиде" ойнағанын құп көреді. Бұл барлық тарапқа пайдалы болмақ.

Әлем чемпионатына дайындықты қазірден бастайды

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада мен Мексикада өтеді. Месси осы жарысқа қатысып, командасымен чемпиондық атағын қорғауға үмітті. Жергілікті ауа райы мен стадиондарға бой үйретуді қазірден бастауды жөн көрсе керек.  

Месси Еуропа мен Оңтүстік Америкада ғана емес, АҚШ жерінде де атақ-абыройын асқақтатқысы келеді.

О. Сансызбай