Қазақстан азаматтығын жақында алған футболшы ұлттық құрамаға шақыртылды

Қазақстан азаматтығын жақында алған футболшы ұлттық құрамаға шақыртылды
Фото: kff.kz

Қостанай футбол мектебінің түлегі Александр Зуев Қазақстан азаматтығын алып, Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды.

ҚФФ ресми сайты хабарлағандай, ол ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиынына жарақатына байланысты қатыспайтын Аслан Дарабаевтың орнын басады.

Александр Зуев 1996 жылы 26 маусымда Қостанайда дүниеге келген, «Тобыл» футбол мектебінің түлегі. Ол өз мансабында Мәскеудің «Спартак», «Ростов», «Рубин», «Химки» сынды клубтарда ойнаған. Жартылай қорғаушы Ресей чемпионатының аяқталған маусымын «Крылья Советов» сапында өткізді.

Футболшы Ресейдің жастар және жасөспірімдер құрамаларына тұрақты түрде шақырылды. 2017 жылы Мәскеу «Спартак» құрамында Ресей чемпионы атанды.

Ө. Сансызбай