Ярослава Шведова болашағынан үміт күтуге болатын қазақстандық теннисшілер туралы айтты

Ярослава Шведова болашағынан үміт күтуге болатын қазақстандық теннисшілер туралы айтты
Фото: ktf.kz

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова болашағынан үміт күттіретін теннисшілер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

"Маусымды табысты бастап, Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллсте мастерс жарысын ұтқан команда көшбасшысы Елена Рыбакинаның жетістігі қуантады. Ол Майамиде де табысты ойнап жатыр. Анна Данилина мен Юлия Путинцева топырақ төсенішінде әдеттегідей тамаша ойнауы керек, әсіресе, Юлия топырақ төсенішінде керемет өнер көрсете алады. Сонымен бірге команда жаңарып, Гөзал Айнитдинова мен жастар сапынан Жәнел Рүстемова алынды. Қыздарға қосалқы ойыншы ретінде Аружан Сағындықова көмектеседі. Жәнел мен Аружан – біздің болашағымыз. Біз олардың негізгі ойыншылардың қатарына қосылуын қалаймыз", - деді ол.

Қазақстан құрамасы 14-15 сәуірде Beeline Arena ұлттық теннис орталығының топырақ төсенішіндегі кортында Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде Польша командасымен матч өткізеді.

Жарақатына байланысты дүниежүзінің бірінші ракеткасы Ига Швентек келмейтін болды. Ярослава Шведованың сөзінше, Польша командасы Швентексіз де мықты, сол себепті Қазақстан құрамасына оңай соқпайды.

"Ига – көшбасшы, жоғары деңгейдегі ойыншы, әлемнің бірінші ракеткасы. Әрине, ол келгенде, қиын болатын еді, бірақ Билли Джин Кинг кубогі командалық әлем чемпионатында рейтинг маңызды рөл атқара бермейді. Польша командасы Швентексіз де мықты, әлемнің 20-ракеткасы Магда Линетт, жұптық сында жақсы ойнайтындар бар. Польша Швентексіз де қауіпті, мұны жақсы түсінеміз. Польша құрамасы – тәжірибе мен жастық ұштасқан тісқаққан команда. Олардың әлсіз жақтарын да зерттеп, ізденеміз. Жеребе өткен жылы оңынан түсіп, іріктеу кезеңінде Германиямен матчты елордада өткіздік, енді тағы да Астанада ойнаймыз. Тек жеңіс үшін бар күшімізді салатын боламыз және сүйікті жанкүйерлеріміздің күшті қолдауын күтеміз", - деді ол. 

Еске салайық, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Майамиде (АҚШ) өтіп жатқан Miami Open турнирінің жартылай финалына өткенін хабарлаған едік. Ол енді финалға шығу үшін дүниежүзінің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен ойнайды.

Чемпионға арналған пәтер!

Спорт эмоцияларының бас демеушісі 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!

М. Лұқпан