Қазақ балуандары Азия чемпионатының финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Қазақ балуандары Азия чемпионатының финалына шықты
Фото ©️ UWW

Күрес түрлерінен Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін грек-рим күресі шеберлері боз кілемге шықты. Олардың қатарында екі балуанымыз финалға жолдама алды. 

БӨЛІСУ

Грек-рим күресінен 63 кило салмақта белдескен Ержет Жарылқасын жартылай финалда Солтүстік Корея өкілі Чан Кимді 5:3 есебімен ұтты. 

Финалда қазақстандық балуан жапониялық Аята Сузукимен күреседі. 

Ержет Жарылқасын ересектер арасындағы ел чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы. 

Бішкектегі турнир барысында ол Оңтүстік Корея балуанын 6:4 есебімен ұтса, кейін Сауд Арабия өкілінен басым болды. 

87 кило салмақта белдескен Нұрсұлтан жартылай финалда өзбек балуаны Рахымжан Ұзақовты айқын басымдықпен, мерзімінен бұрын жеңді. Есеп - 5:0. 

Финалда Нұрсұлтан Тұрсынов ирандық Насер Гасем Ализадамен белдеседі. Былтырғы Азия чемпионатының ақтық сынында қазақ балуаны ирандыққа есе жіберген болатын. 

Ал 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының ширек финалында Тұрсынов Ализадені 9:4 есебімен жеңді. 

Бішкектегі Азия чемпионатының финалдық кезеңі сағат 17:00-де басталады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!