Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтеді

О Сансызбай Корреспондент
Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтеді

Алматы қаласында 13-17 сәуір аралығында тоғызқұмалақтан ІІІ әлем чемпионаты өтеді. Әлемдік деңгейдегі ірі спорттық шараны Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда.

БӨЛІСУ

Алатау бөктерінде өтетін жарысқа төрт құрлықтың 23 елінен келген спортшылар қатысады. Атап айтсақ, АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзірбайжан, Гана, Германия, Грузия, Италия, Колумбия, Молдова, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден барлығы 50-ден астам спортшы қатыспақ. Әлем чемпионаты ерлер және әйелдер арасында жекелей классика, рапид, блиц бойынша өткізіледі.

Әлем чемпионатында еліміздің намысын 8 тоғызқұмалақшымыз қорғайды. Атап айтар болсақ, Каймулдин Жанат (Павлодар), Елеусінов Хакімжан (Қызылорда), Дәлиева Әсел (ОҚО), Сапарбекова Салтанат (ОҚО), Темірбаев Ғалымжан (ОҚО), Қазиев Нұрбек (Ақтөбе), Кенина Диана (Ақтөбе) және Ақтаев Серік (ОҚО). Қазақстандық спортшылар жекелей классикада (Каймулдин Жанат, Елеусінов Хакімжан, Дәлиева Әсел, Сапарбекова Салтанат), рапидте (Темірбаев Ғалымжан, Қазиев Нұрбек, Дәлиева Әсел, Кенина Диана) және блицте де (Ақтаев Серік, Қазиев Нұрбек, Дәлиева Әсел , Сапарбекова Салтанат) өнер көрсетеді.

Тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Каннда (2009) өткен дүниежүзілік зияткерлік фестивальдары мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілген. 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы құрылды. Осының арқасында бүгінгі күні қазақтың ұлттық ойыны бойынша халықаралық жарыстар Германия, Ұлыбритания, Ресей, Швейцария, Чехия, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Антигуа мен Барбуда және т.б. елдерде тұрақты түрде өткізіледі.

Айта кетейік, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізілсе, ІІ Әлем чемпионаты 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен болатын

Сурет: yvision.kz