"Менікі болмасаң ешкімдікі емессің!" Беті күйіп қалған әйелдің хикаясы

"Менікі болмасаң ешкімдікі емессің!" Беті күйіп қалған әйелдің хикаясы

Ол кезде 17 жаста едім. Оқып жүргенде бірнеше ай бойы бір жігіт ұнатып жүрді. Көңіл білдірді. Мен оған "жоқ" деп жауап бердім. Кейін үйленейік деп тағы келді. Егер ұсынысынан бас тартсам, салдары ауыр болатынын ескертті. Келіспедім. Сосын бетіме қышқыл шашып кетті...

Бұл Madhu есімді үнді әйелінің хикаясы. Кейіпкеріміз 1997 жылы 17 жасында ер адамның қышқыл шабуылына ұшыраған. Қазірде ол Үндістандағы қышқыл шабуылының құрбандарын жұмысқа алатын Sheroes Hangout дәмханасында нәпақа тауып жүр. Бұл дәмхананың мақсаты – мұндай шабуылды тоқтату. Қазіргі уақытта Агра мен Лакхнауда екі дәмхана бар. Massaget.kz порталының фотографы Ернар Алмабек Аградағы атақты кафеге барып, ол жердің қызметкерлерімен тілдесті.

Қышқыл шабуылы – кек алудың ең қорқынышты және ауыр әдістерінің бірі. Үндістанда жыл сайын жүздеген қышқыл шабуылы тіркеледі. 97 пайыз жағдайда зардап шегетін әйелдер. Қылмыстың ең көп тараған себебі – жауапсыз махаббат пен қызғаныш. Шабуылшының мақсаты – "менікі болмасаң, ешкімдікі емессің!".

Дәмхана тарихы

Аградағы алғашқы кафені 2014 жылы Нью-Делиде орналасқан Stop Acid Attacks ("Қышқыл шабуылын тоқтату") коммерциялық емес ұйымы ашқан.

Кафе краудфандинг жобасы ретінде басталып, қалағаныңызды төлейтін үлгімен жұмыс істейді. Дәмхана бірнеше жылдан бері осы әдісті ұстанады.

Әйелдердің жартысына жуығына туыстары, таныстары және ерлер шабуыл жасайды.

Шабуылдан кейін кейбір әйелдер сыртқы келбетінен ұялып, көшеге сирек шығады, күйзеліске ұшырайды, қоғамның қысымына тап болады. Олар бірнеше рет ота жасатып, жұмыс табуы қиынға соғады.

Осы себептерге байланысты Sheroes Hangout әйелдерді табыс табу, қолдау мақсатында жұмысқа алады. Кафе түрлі-түсті қабырға суреттерімен безендірілген, сөрелерде оқуға арналған кітаптар қойылған.

Кафе туралы деректі фильм де бар. Дәмханаға келушілердің көбі - шетелдік туристер.

Sheroes Hangout басқа да адамдарды шабыттандырды. 

2020 жылы Варанасидегі қышқыл шабуылының құрбандарына арналған Orange Cafe ашылды.

Абдеш Абасти Бразилиядан келген турист. Ол бұл жердегі әйелдерді қолдайтынын айтады.

Абдеш Абасти, турист:

"Саяхатшымын, біз қазір Раджистан сапарындамыз. Досым бұрын осы жерге келген екен. Ол Бразилияда тұрады. Екі жыл бұрын осында болғанын айтып, біздің де барып көруімізді өтінді, сол себепті келдік. Бұл жердің концепті маған ұнайды, жұмыс істеп жатқан әйелдерді қолдаймын, себебі мен де бір қыздың әкесімін", - дейді ол.

Sheroes атауы қайдан шыққан?

Sheroes – "hero" (батыр) сөзінен алынған, he-нің орнына she қолданылады. Олар қышқыл шабуылынан зардап шеккендерге осылай құрмет көрсетеді, яғни, "батыр әйелдер" дегенді білдіреді.

2010-2012 жылдар аралығында 225 қылмыстық іс бойынша 318 адам тұтқындалып, 305-і сотталғаннан кейін де мұндай шабуылдар азаймаған.

Қыздар жасаған көптеген қолөнер бұйымын сатып алуға болады

Кафеде сонымен қатар адамдарға компьютерлер мен әлеуметтік желілерді мүмкіндіктерді кеңейту құралы ретінде пайдалануды үйрететін семинарлар өтеді

Ернар Алмабек фотограф, режиссер:

"Кафенің өзі әлемге әйгілі. Оның бір ерекшелігі ас мәзірінде баға жоқ. Қалаған сомасын төлейсің. Қысқаша айтқанда, қайрымдылық сияқты. Баға жазылмағандықтан адамдар көбірек ақша қалдыруға тырысады. Мысалы, әдетте біз 500-600 рупиге тамақтанып жүрсек, кафеге 1000 рупи (5500 тг) төледік. Тамақтары дәмді, мәзірде тағам түрлері көп. Еуропа ас мәзірі, өздерінің дәстүрлі тағамдары бар. Бірақ туристер көп келетіндіктен Еуропа асханасы танымал". 

Бұл қасықтардан жасалған қанат. Әйелдердің ошақ қасында ғана қалмауы керегін, олардың қолынан үлкен істер келетінін білдіру үшін, оларды қанаттандыру үшін жасалған

Беатрис Тихейра, турист:

Досымның әлеуметтік желісінен көріп, осындай жер бар екенін біліп, 2017 жылы алғаш рет келдім. Ол кезде ескі локация болатын, шағын ғана еді. Бұл жердегі әйелдер өте мықты, батыр адамдар. Осындай қиын жағдайға тап бола тұра, одан әрі өмірін жалғастыруға күш таба білген. Бұл мені ойландырады. Бірінші рет келіп кеткесін, еліме барып адамдардан ақша жинап осы дәмханаға жібердім. Қазір келіп көріп тұрмын, кафе кеңейіп, дамыған. Осы жолы да елге барып ақша жинап жіберемін.

Бұл тілек тақтасы. Мұнда қонақтар өз тілегін жазып кетеді

Жазира Байдалы, журналист, жазушы:

"Бұл кафе туралы әлеуметтік желіден білдім. Үндістанға саяхатты жоспарлаған кезде Ернарға "Аграға баратын болсақ, осы кафеге кіріп-шығайық" деп өтініш айттым. Бұл қышқылдан құрбан болған әйелдердің дәмханасы. Қоғамда осындай проблема бар. Олар әлемнің назарын соған аударғысы келеді. Бүгінде Sheroes-тің тұрақты 10 мүшесі бар. Жыл сайын 300-ге тарта әйел қышқыл құрбаны болады. Бірақ барлығы өмірде орнын тауып, қоғам белсендісіне айналмайды. Ерекшелігі - тамаққа белгіленген ақша жоқ. Өзің қалаған ақшаңды бересің. Оның бәрі донат болып есептеледі. Донаттың белгілі бір пайызы қыздарға жұмсалады. Мысалы, былтыр бір қыз осы донаттардың арқасында мектепке барып, білім алған. Соңында саған "осы қозғалысты қолдадың" деген сертификат береді. Ол бізде бар. Ерлер дәріханадан қышқыл емін-еркін сатып алып, өзіне ұнамай қалған немесе сөзге келіп қалған әйелдерді бетіне шашып жазалайды. Бұл мені шошытты. Үндістанда әйелдер осындай проблемамен күресіп келеді".

Келген қонақтар қыздармен суретке түсіп, олардың көңілін аулайды. Бірге TikTok түсіреді, ойын ойнайды

Ажай Томар, кафенің PR-менеджері:

"Мен бұл кафеге 2020 жылы пандемиядан кейін келдім. Бұл жер қышқыл құрбандарына қолдау көрсетеді. Оларға жұмыс тауып береміз, балалары болса білім алады. Жалпы, журналист, қылмыс істерді зерттеуші ретінде бұл әйелдердің қозғалысын қолдаймын. Дәмхана алғаш рет әлемге 2014 жылы танымал бола бастады. Сол кезде АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обаманың қолынан марапат алдық. Үндістан президенті де біздің ісімізді қолдады. Америка құрлығындағы саясаткерлер бізді мойындағасын әлемнің басқа саясаткерлері де бізге келе бастады".

Кафеге 2016 жылы Гарри Поттер туралы атақты саганың танымал актері Джейсон Айзекс келген

Кафе ішінде осындай телевизор бар, бұл жерде бүкіл персоналдың өмірбаяны жазылған. Қай жылы зардап шеккені биография ретінде тұрады

Үндістанда күн сайын әйелдер қышқыл құрбанына айналады. Жүздеген зардап шегуші шабуылдан кейін далаға шығуға қорқып, үйінде отырады. Қыздар үйден шықса, басқалардың назарына түспеу үшін бетін орамалмен немесе саримен жабады. Қышқыл құрбаны болған барлық әйелдің Madhu сияқты жолы бола бермейді.