"Күнде қымбаттайды". Алматы базарларында қант дүрбелеңі бар ма?

"Күнде қымбаттайды". Алматы базарларында қант дүрбелеңі бар ма?

Жаз - бүкіл жеміс-жидектің толысып пісетін уақыты. Халық осы кезде тосап-компот қайнатып, "қыстың қамын жазда ойлауды" көздейді. Алайда қант бағасы шарықтап, тауар тапшылығы өңірлерде айқын байқалып тұр. Оған Желіде Семейде, Қарағандыда, Ақтауда қантқа байланысты дүрбелеңнің сурет-видеолары тарап жатқаны дәлел. Тіпті осы жағдайдан пайда көруді ойлағандар қатары да азаймай тұр. Мысалы, ШҚО-да қант тапшылығын пайдаланып, 90 миллионға жұртты алдаған алаяқ ұсталған болатын.

Қант тапшылығы Алматы тұрғындарына қалай әсер етіп жатқанын анықтау үшін Massaget.kz тілшісі қала базарларына, дүкендер мен супермаркеттерге барды.

"Көк базар". Жеткізуші бір ғана фирма

Сенбі болса да, халық көп емес. Көпшілігі жеміс-жидек пен көкөніс сататын сатушылардың жанында, ал басқа азық-түлік тауарларын сататындардың айналасында кезек те, адам да жоқ.

Күріш секілді түрлі дақылдардың арасында қант қабы байқалмады. Бірақ "қант бар ма" деген сұраққа бірден "қанша келі?" деген жауап алдық. 

 Өзін "Көк базардағы" дүкеннің иесі емес, сатушысы ретінде таныстырған апай жағдай қалыпты екенін айтады.

"1 аптаға 1-2 қап қана береді. Бір, бір жарым күнде сатылады. Көтерме бағамен 550-ден әкеледі. Әлеуметтік бағдарлама бойынша тауар бағасына көп қосқызбайды. 600 теңгеден асырмауымыз қажет. Magnum осы бағдарламаны ұстанып отыр. Сондықтан оларда баға арзан. Сәйкесінше, онда халық та көп", - деп түсіндірді сатушы.

Шынында да, базардан 700-800 теңгеден төмен баға байқамадық. Апта сайын тауар түрі өзгереді екен. Қанттың Қазақстанда өндірілетін, Үндістаннан, Ресейден, Беларусьтен келетін түрлері бар екен.

"Аралас келеді. Өткен жолы "үнді" қанты келді. Дәмі бала кезіміздегідей. Сендер білмейтін шығарсыңдар. Тәп-тәтті. Ресейден де келеді. Бізге әкеліп береді. Соны сатамыз. Осы жердегілердің бәріне қазақстандық "Асан" фирмасы жеткізеді", - деді ол.

Әрі қарай "Көк базарды" аралап жүре бердік. Жолай қант, күріш сатқан дүкендерден қант бағасын сұрай жүрдік. Ресей қанты 750 теңгеден, Беларусь қанты 780 теңгеден де сатылып жатыр. Бір қызығы, бірлі-жарым отандық өнім бары байқалды. "Қант қай жақтан" деп сұрағанда, сатушылар "өзіміздікі ғой, Қазақстан, Меркіден шыққан, Жамбыл, Тараз", - деп жауап беріп жатты.

Бұл қант 750, 780 теңгеден екен. Енді бір жерде келісі 800, 850 теңгеден, 10 келісі 8000 теңгеден сатылып жатыр. Бара-бара баға да төмендеді, 50 келісі 750 теңгеден, 25 келісі 720 теңгеден де тұр. Үндістан қантының 50 келісін 36 мың теңгеге бағалағандар да бар. 

Қант бағасы басқа да тағам бағаларына әсер етіп-етпегенін білу үшін тазартылған қант, науат бағаларын да сұрадық.

"Күнде қымбаттайды", - дейді сатушылардың бірі.

"Тазартылған қантты 1200 теңгеден сатып жатырмыз. Бұрын 800 теңгеден саттық", - деп жауап берді бұл сұраққа тағы бір сатушы.

Ал науат үлкені 1200 теңгеден (бұрын 800 теңге), кішісі 800 теңгеден (бұрын 700 теңге) екен.

"Тастақ" базары. 800 теңгеден төмен баға жоқ

Төле бидегі "Тастақ" базарынан қант сататын бір-екі жерді ғана байқадық. Мұнда баға 800, 850 теңгеден төмен емес. 5 келісі бір жерде 4000 теңге, сондай-ақ, 4250 теңгеден де тұр.

Алматыда ең арзан базар саналатын "Оптовкадағы" жағдай

"Оптовка" базарында баға 600 теңгеден басталады. Бірақ қант сұрап жатқан ешкім жоқ. Сатушылар да дүрбелең жоғын айтады.

"Ресей қанты 680 теңге, 25 келісі 17 мың болады. Үндістан қанты Magnum-да ғана бар. Бізде құжаттар дұрыс болмай жатыр, сондықтан жоқ. Ресей қанты бар. 50 келісі 640-660 теңгеден де сатылып жатыр", - деді "Оптовка" базарындағы сатушы. 

"Оптовкадағы" тағы бір дүңгіршек иесінің пікірінше, бәрі биылғы жеміс-жидек жақсы шыққанына, содан соң Украинадағы жағдайға байланысты болып отыр.

"Биыл жеміс-жидек жақсы өсті, жаңбыр көп жауды. Бірақ қант қымбаттап кетті. Бәрі жазда сол жемісті жауып алғысы келеді. Сондықтан халық көп. Келісін 800 теңгеден сатып жатырмыз. Мынау - қазақстандық қант, халық көп. Күніне 10-15 адам келеді. Күніне 1-2 қап сатамын. Үйіне алса, 2-3 келі, ал кондитерлік дүкендері барлар көбірек алады. Украинадағы жағдайға байланысты да қымбаттап кетті", - дейді ол.

Супермаркет-дүкендер. "Сейсенбі сайын келеді"

Magnum-да өлшеп сататын қант жоқ екен. Есесіне, арнайы қаптағы қант бар. Оның 3 келісі - 2139 теңге. Сатушылар да бір адамға 2 келіден ғана берілетінін айтты. Қантты сейсенбіде әкеледі екен, ал ол бір күнде өтіп кетеді. Өйткені мұнда қаладағы ең арзан баға - 445 теңге

"Бір күнде өтіп кетеді. Қант келгенде, дүрбелең болады. Номеріңізді қалдырсаңыз болады. Келгенде, хабарласады", - деді кассир.

"Қант келген күні хабарласамыз" деп күзетші нөмірімізді жазып алды. Әрі қарай дүкендерге соқтық. Тимирязев көшесінде орналасқан "Ата" дүкеніне аптасына 2 мәрте қант келеді екен. Мұнда келісі 1000 теңгеден сатылады. Тауар қымбат екеніне қарамастан, сатушының сөзінше, бір немесе бір жарым күнде сатылып бітеді. Тазартылған шақпақ қант сөреде екеу ғана қалыпты, көлемі кішкентай, ал бағасы - 600 теңге

Тілендиев көшесіндегі "Үміт" дүкенінде баға - 850 теңге. Бірақ мұнда тауар жеткілікті. Жәшік толып тұр. Тазартылған шақпақ қант та жеткілікті. Оның бағасы - 750 теңге.

 

Қаладағы 3 базар, супермаркет пен дүкендерді аралап, елде сұранысқа ие болған тауар 600 теңге мен 1000 теңге арасында сатылып жатқанын байқадық. Сатушылар бұл уақытша құбылыс екенін айтады. Олар жаз бітіп, күз басталса, жағдай қайта қалыпқа келетінін, баға да түсетінін жеткізді.