Ұйымдағы психологиялық денсаулық

Ұйымдағы психологиялық денсаулық

Қазіргі жылдам қарқынмен дамыған заманда кейде кездері біз ең маңызды нәрсе – өзіміздің денсаулығымызды ұмытып кетеміз. Жұмыс кезіндегі жүйке жүйесі мен адамның психикасына деген  түсетін жүктеменің үнемі өсуіне байланысты денсаулық психологиясы проблемасы көптеген жылдар бойы өзекті болып қала отырып, жетілдірілуде, сонымен қатар ғылыми білімнің басқа салаларымен өзара әрекеттеседі.

Бұл ғылым психологиялық компонентке сүйене отырып, адамның өз денсаулығын сақтауын, оны нығайтуын қамтамасыз етуге бағытталған (мінез, сезім, темперамент, қабілет, интеллект). Осылайша, адамдар өзін-өзі дамытуға, мансаптық өсуге, өз әлеуетін ашуға, ең бастысы белсенді ұзақ өмір сүруге көбірек мүмкіндіктерге ие. Осы мүмкіндіктерді түсініп пайдалана білу үшін психологияның оқытылуы, соның ішінде қызметтегі психологияны зерттейтін мамандардың дайындалуы қазіргі таңда өте қажет.

Психология саласы бойынша мамандарды дайындау ең алғаш рет 1947 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бастау алған еді. Осы уақыт бойы психология саласына үлес қосқан жас мамандар қазігрі күнге дейін еңбек етіп, көптеген жетістіктерге жете алды. Психология пәнін оқыту тек қана психолог мамандар үшін емес, сонымен қатар басқа да мамандық студенттері мен магистранттары үшін маңызды болып келеді. Сәйкесінше білім беру процессінің қолайлы тәсілдері қалыптасып, қарқынды өзгеріс пен даму үстінде болуы заман талабына әбден сай болып отыр.

Психология саласына қатысты пәндердің психология факультетінде ғана емес, басқа да факультеттердегі сан түрлі мамандықтарға жүргізілуі болашақ мамандарға көптеген қабілеттерді үйретуге негізделген, соның ішінде қажетті біліммен қамтамасыз ету, қиындықтарды жеңе білу, шешілмес түйіндерді шешу секілді дүниелер ескеріледі.

Әлемдік ең үздік 150 университеттер қатарына кіретін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультетінің магистранттары оқитын «Басқару психологиясы» пәні де айтылып өткен тақырыптар аясында білім бағдар береді. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының кандидаты – Н.С.Жубаназарова, аталмыш пәнді оқу барысында магистранттарға тек теориялық білімді ғана беріп қоймай, игерілген білімді практика жүзінде қолданып, өмірлік жағдайлармен ұштастырып шеше білуді үйретеді. Бұл магистранттарға сан алуан түрлі мәселелерді қарастыру барысында меңгерілген білімді пайдалана отырып, анализ жасауға көмегін тигізеді. Дәрістер мен семинар барысында негізге алынып, талқыға салынатын көптеген авторлардың, соның ішінде Н.С.Ахтаеваның «Басқару психологиясы», Т.С. Кабаченконың «Психология управления» атты еңбектерінен тұлға мәселесі, шешім қабылдау, эмоцияны басқару, іскерлік қарым қатынас, лидерлік, мотивация, ұйымдағы денсаулық т.б. мәселелерін оқытып өмірге қажет болатын біліммен бөліседі. Магистранттар үшін бұл – өз жолдарын тауып, проблемалармен бетпе бет келіп оны шеше алатындай дәрежеге жететін таптырмас білім ресурсы болып табылады.

Пән оқыту аясында денсаулық психологиясы, оның ішінде ұйымдағы денсаулық психологиясына да тоқталады.  Көбінесе адамның теріс, яғни негативті сезімдері мен бастан өткен тәжірибесі оның денсаулығының нашарлауына себеп болады. Көптеген аурулар адамның өмір сүру мәнеріне емес, адамның өмірге деген көз қарасы мен қалай ойлайтыны, не сезінетіндігіне байланысты туындайды. Нашар көңіл-күй, стресс және депрессия адам денсаулығының психологиясының бұзылуына ықпал ететін қауіп факторы болып табылады. «Басқару психологиясы» сабағында денсаулық психологиясының алдына бірқатар міндеттер қойылатыны туралы айтылады.

Психологияда денсаулық әртүрлі қырынан қарастырылады. Бұл теорияның әртүрлі концепцияларының осі. Яғни, денсаулықты адамның өмірдегі белсенділігі, бейімделу қабілеті және т.б. жағынан қарастыруға болады. Көбінесе кәсіптік қызметтің кесірінен әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері  денсаулығының нашарлауы туралы айтады. Адам денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, белгілі бір талаптар қойылған мамандықтар бар. Бұл мазмұн мен жұмыс жағдайына байланысты. Көбінесе мұндай ауру қаупі жеткіліксіз ұйымдастырылған іс-әрекеттерге байланысты туындайды. Ұйымдағы денсаулық психологиясы түсінігі еңбек психологиясы түсінігімен тығыз байланысты.

«Басқару психологиясы» пәні айтылып өтілген мәселелерді қарастыра отырып ұйымда қызметкерлердің денсаулық психологиясына әлеуметтік-психологиялық, жеке, кәсіби және ұйымдастырушылық орта секілді бірнеше факторлары әсер ететіні туралы магистранттарға түсіндіреді.

 Магистранттар өзіндік жұмыстар жасау барысында көптеген нәрселерді үйреніп, даму үстінде жүретіні анық. Осы тақырып барысында «Басқару психологиясы» ұйымдағы денсаулық тақырыбын айқындап, зерттеу барысында пайда болған мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Адам денсаулығының психологиясы өмір сүру сапасын және оның ұзақтығын қамтамасыз етеді деп қорытынды жасауға болады. Бұл көптеген факторларға, адамның жұмыс істейтін қызмет саласына байланысты екенін түсініп, денсаулықты сақтау және оның дамуындағы басты рөл адамға, оның мінез-құлқына, құндылықтарына, ішкі дүниесінің үйлесімділігі мен басқа адамдармен қарым-қатынасына тиесілі екенін біле аламыз. «Басқару психологиясында» алған білімді магистранттар өмірлік ресурстарды қалпына келтіру және дамыту бойынша жұмыс істеу арқылы пайдаланып, өз денсаулығына толық жауапкершілікпен қарауы керек екенін ұғынады. Себебі, әрбір ауруды емдеу емес, өз денсаулығын құру – адамның денсаулығы үшін алдында тұрған ең басты міндет.

Жубаназарова Н.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

психология ғылымдарының кандидаты, профессор

Бағытжанова Ж.А.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты

Қ. Слямбек