Тіліміздегі ырықсыз етістің дұрыс қолданысы жайында

Тіліміздегі ырықсыз етістің дұрыс қолданысы жайында
Фото: vmnews.ru

Етістіктің етіс категориясы әлі де болса біріздендіріп, етістің мағыналық түрлерінің саны бір қалыпқа түсе қойған жоқ. Жалпы етіс категориясының тілдегі ерекшелігі қандай?

Етіс етістік сөз табының ішінде қаралатын сөйлемде объекті мен субъектінің қарым қатынасын реттейтін, олардың қимылға, амалға қатысын айқындайтын, қимылды түрлендіретін тілдік категория. Етіс барлық етістік түрлеріне жалғанбайды, талғап жалғанады. Етіс категориясының бір ерекшелігі осында. Өзгелік етістің жұрнағын барлық түбір етістіктерге жалғай алмаймыз. Ырықсыз етістің жұрнағын да кез келеген түбір етістікке жалғауға болмайды.

Орыс  тілінде страдательный залог деген ұғым бар. Өкінішке орай қазақ тіліндегі ырықсыз етіс пен страдательный залогты бірге қойып орыс тіліндегі сөздерді қазақша еш бүкпесіз тура аударып жұрнақтың жалғану тәртібін қате қолданып жүрген жайттар орын алып отыр. Страдательный залог -ся жұрнағының жалғануы арқылы жасалады. «Страдательный залог выражается присоединением к глаголам действительного залога аффикса -ся (ср.: Рабочие строят дома. - Дома строятся рабочими) [1, 22]. Кроме того, значение страдательного залога может быть выражено формами страдательных причастий – полных и кратких. Например: Мать любима (любимая)».

Орыс тілі – флективті тіл. Қазақ тілі – аглюнативті тіл. Екі тілдегі етіс формаларын қатар қойып салыстыруға, зерттеуге болады. Бірақ орыс мәтінін қазақшаға аударуға келгенде калька жасамай сөйлемнің қолданысына, мағынасына, етіс жұрнақтарының орынын дұрыс қазақша қоя білу керек. Мысалы: Космос исследуется людьми – Ғарыш адамдармен зерттелініп жатыр деген қолданыстар да бар. Дұрысы – адамдар ғарышты зерттеп жатыр. Космос исследовался людьми. Ғарыш адамдармен зерттелінді. Дұрысы – адамдар ғарышты зерттеді. Орыс тілінде несовершенный вид глагола деген бар және глагол пассив и актив деген түрлері бар. Страдательный залогті несовершенный вид глагола+СЯ бірігіп глагол пассив құрылымы арқылы жасалады. 

орыс тілінде:

Люди создают оружие – Адамдар қару жасайды

Оружие создается людьми – Қаруды адамдар жасайды

Люди создавали оружие – Адамдар қару жасады

Оружие создавалось людьми – Қаруды адамдар жасады

Люди будут создавать оружие – Адамдар қару жасайтын болады

Оружие будет создаваться людьми – Қаруды адамдар  жасайтын болады

Причастие

Сочинение написано учеником – Шығарманы оқушы жазды

Сочинение будет написано учеником – Шығарманы оқушы жазатын болады

Қазақ тілінде:

Барлық етістіктер өздік етісті, ортақ етісті қабылдамайды. Өзгелік етістің де өзіне тән ерешелігі бар, етістіктердің бәріне дерлік сөз талғамай жалғана бермейді. Етіс өзі ішінде мағыналық түрленіміне қарай өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс болып бөлінеді. Әсіресе, өздік етіс пен ырықсыз етісті шатастыруға болмайды.

Қазақ тілі грамматикасында өздік етіс пен ырықсыз етісті сабақты етістіктің нысаны деп қарайды да, екеуінің мағыналық өрісі екі түрлі екенін айтады: "Өздік етіс пен ырықсыз етіс сабақты етістіктерден жасалады. Оның өзінде өздік етіс пен ырықсыз етістің қолданылу аясы әртүрлі болып келеді. Сабақты етістіктің объектісі өздік пен ырықсыз етіс тұлғасындағы етістік баяндауыш болып тұрған сөйлемдерде бастауыш қызметін атқарады. Бірақ сол бастауыштар, мәселен, бала киінді дегенде бала киімін өзі киінді деген мағына сақталып, бір жағынан, субъекті, екінші жағынан, объекті мәнінде қолданылып тұр. Көйлек тігілді деген ырықсыз етісті сөйлемдегі көйлек деген бастауыштың жөні бұдан өзгеше. Өйткені көйлекті тігуші басқа, көйлек – тігілуші ғана. Бұл сөйлемде іс иесі, субъекті беріліп тұрған жоқ, бастауышта тек объектінің ғана мәні бар. Оның өзі істің жүзеге асырылуында пассив болып келеді. Сөйлемде объекті сөз болғанда кез келген сабақты етістік ырықсыз етіс тұлғасында, объектісі бастауыш болып қолданыла береді. Өздік етіс бұған қарағанда әлдеқайда тар шеңберде айтыладаы. Объектілері өзіне өзі субъекті де бола алатын жағдайда ондай сабақты етістіктер өздік етіс болып қолданылады. Маңдайын тыжырынды, белін буынды, беті-қолын жуынды дегенде субъекті іс-әрекеті субъектіге түгел ауыспай, оның белгілі бір мүшесін, бөлшегін қамтиды. Мұндайда өздік етісті сөйлемнің субъектілік мәні бастауыш, объектілік мәні тура толықтауыш арқылы беріледі. Етіс категориясының басқа түрлеріне қарағанда бұл әлдеқайда аз қолданылады" [2, 65].

Өздік етіс қимылды атқарушы, амалды жасаушыға ғана тиіселі сабақты етістіктерден -ын, -ін, -н жұрнағы жалғану арқылы жасалатын етістің түрі.

Өзгелік етіс субъектінің өзі емес, амалдың басқа бір бөгде адам арқылы  жасалатындығын білдіреді, белгілі жұрнақтар арқылы жасалады:

1) -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз, отырғыз, жүргіз, айтқыз, жеткіз;

2) -дыр, -дір, -тыр, -тір, -ыр, -ір.

Ортақ етіс қимыл, іс-әрекетті бірнеше субъектінің қатысы арқылы жасалатын етіс түрі. -ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы жасалады.

Ырықсыз етіс өзі атында тұрғандай ешкімнің ырқында емес, іс-қимыл өзімен-өзі орындалған секілді көрінеді, іс-әрекеттің қимыл иесі көрінбейді, қимыл иесінің тұруы да міндетті емес. Қимыл иесі кім не деген сұраққа жауап беретін субъекті ретінде емес, барыс септігі, жатыс септігі, көмектес септігінде тұрып жанама толықтауыш қызметін атқарады. Толықтауыш деген, кімді, нені деген сұрақтарға жауап беретін сөйлем мүшесі, яғни сөйлем ішінде объектілік қызмет атқаратын, меңгеру қасиетіне ие болатын синтаксистің бір нысаны. Ал осы толықтауыш қызметін табыс септігінің -н, -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті жалғаулары атқарады. Табыс септікті тура толықтауышты меңгеру қасиетіне сабақты етістік ие. Тілімізде етістіктер грамматикалық сипатына қарай сабақты және салт етістіктер деп екіге бөлінеді. Табыс септікті тура толықтауышты меңгеру немесе меңгере алмау қасиетіне қарай етістіктер салт және сабақты болып бөлінеді. Ырықсыз етіс тек сабақты етістіктен жасалады, өзі жалғанған сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Мысалы: заң жобасы министрлікпен бекітілді деген қолданыс дұрыс емес. Бұл – қате!  Кем утвержден законопроект? Заң жобасы кіммен бекітілді? деп орыс тілінің тура аудармасын алуға болмайды. Дұрысы: Заң жобасы бекітілді. Заң жобасын кім бекітті? деген қолданыс – тілдік норма.  Үй салынды, көшелер тазартылды, асфальт төселінді, өнім жиналды, қонақтар шақырылды т.б. –ыл, -ын жұрнағы ырықсыз, өздігінен, біреудің көмегімен, бірақ өзі көрінбей жасалатын іс-әрекетке жалғанады.  

Көбінесе тілімізде өздік етес пен ырықсыз етісті шатастырып алу құбылысы жиі кездеседі. Осыдан барып етіс формаларын өз орнына қоя алмай орыстан тікелей калька аударма жасап алу орын алып отыр. Екі етіс те бір қарағанда сыртқы грамматикалық формасы бірдей. Екеуінде де -ын, -ін, -н, -ыл, -іл, -л жұрнақтары бар. Тек бұл етістер кездесетін контекст арқылы ғана ажыратылады. Мысалы: Ол жағымсыз эмоциялардан тазаланды. Үй тазаланды. Басты айырмашылық: өздік етісте логикалық әрі грамматикалық субъект (қимыл иесі) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объекті болады. Бірінші мысалда қимылды жасаушы субъекті бар, яғни қимыл иесі жіктеу есімдігінен жасалып тұр. Сөйлемдегі синтаксистік қызметі – бастауыш. Тазаланды өзінің тура мағынасынан гөрі ауыспалы мағынада жұмсалып тұр. Яғни артық қажет емес жағымсыз сезімнен, мінезден арылды, бойын тазартты мағынасында жұмсалып тұр. Бұл жерде логикалық та, грамматикалық та байланыс бар әрі предикаттық қатынас анық көрініс тауып тұр. Екінші сөйлемде қимылды жасаушы көрінбейді, бірақ іс-әрекет жасалынды. Негізгі логикалық субъекті жоқ, логикалық объектіні анық көреміз. Бір адам арқылы үй тазаланды, бірақ кімнің тазалағаны белгісіз. Ырықсыз түрде, өздігінен, қимыл иесі көрінбей жасалады. Негізгі логикалық семантика объектіге қаратылып айтылған.

Бір ғана мысал, қазір туған күн мен туылған күннің ара жігін ажырата алмай, День рожденияның калькасы ретінде туылған күніңмен деп тура аударма жасап алып, айтып та, жазып та жүр.  Бұл дұрыс емес. Дұрысы – Туған күн. Туылғандағы -ыл ырықсыз етісінің жұрнағы. Ырықсыз етісте қимылды жасаушы субъекті болмайды. -ыл жұрнағы өздігінен болған іс-әрекетке жалғанатын қосымша болғандықтан  ту сөзіне жалғануының өзі өрескел қате. Дүние есігін ашқан күн. – Дүниеге келген күн деген тіркестер бар. Онда оларды бұрмалап дүние есігін ашылған күн. Дүниеге келілген күн болмайды ма. Бұл қате. Өлілген күн болу керек онда. Дүниеден озылған күн болу керек.

Сонымен, қорыта келгенде, ырықсыз етіс және ырықсыз етіс тұлғалас сөздер тілімізде дара тіркесіп, кейде қос сөз тұлғаларында да қолданылып, сөйлемде бір-ақ мүшенің қызметін атқарады. Қимыл иесін барлық сөйлемдерде беруге болмайды. Қимыл иелері берілмеген сөйлемдерде табыс септіктегі тура толықтауыштан басқа іс-әрекеттің бағытын, мекенін, мезгілін, себебін, т.б белгілерін көрсетіп, септіктің басқа түрлерінде тұрған сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері қолданыла береді.

Әдебиеттер:

1. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. — 784 б.

2. Храковский В. С. Залог // Лингвистический энциклопедический словарь. — М.: СЭ, 1990. — С. 160—161.

3. Қазақ тілінің грамматикасы. 1 том. – Алматы, 1967.

Мақала авторы:

Солтанбекова Альфия Абдыкенқызы,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

жетекші ғылыми қызметкері, филол. ғыл. канд.

Қ. Слямбек