Тіл байлығын дамытуға арналған кітаптар

Тіл байлығын дамытуға арналған кітаптар
Фото: goodfon.ru

Психология мен қаржы туралы әдебиеттің дәурені өтіп барады. Ендігі тренд – сауатты сөйлеу, сауатты жазу. Сүйікті оқырманымызға арнап тілдік қорды молайтатын үш кітапты ұсынамыз.

• Оралхан Бөкей "Атау кере"

"Неге біз осы..." деп басталатын, пәлсапаға тұнған бұл романды оқымаған қазақ кем де кем шығар. Егер осы қатарда болсаңыз, енді қайталап оқып, жазушының ерекше стиліне зейін қойыңыз. Қазақтың оралымды, ырғақты тілін кеңінен пайдаланған шығарманы тұщынбай оқу мүмкін емес.

• Ілияс Есенберлин "Махаббат мейрамы"

Махаббаттың, өнер құдіретінің күшімен ауруды да жеңуге болатынын шебер сипаттаған бұл романның тілі өте жатық. Әр сөйлемін көркемдеуіш сөзбен әрлеп жазған жазушының тапқырлығына тәнті боласыз. Сөйте тұра жеңіл оқылады, жүз беттік романды бір демде оқып шығасыз.

• Бауыржан Омарұлы "11-ші қаламұш"

Өзі ғалым, өзі редактор, өзі публицист тұлғаның бұл кітабында қатарлас журналист достары туралы естеліктері топтастырылған. Жай ғана публицистік шығарма емес, көркем әдебиетке бергісіз шебер жазылған туынды. Мұнда сөз бен сөзді ұйқастыру да, әр сөз басында келетін әріпті "ойнату" да, замандастарын бейнелеуде қолданған қағытпа қалжың да ұтымды берілген.

Бұл кітаптарды тіл байлығын арттыруға қалай қолданамыз?

– Алдымен мұқият оқимыз.
– Өзіңізге ұнаған, көзіңізге түскен ерекше сөз, сөз тіркесін қойын дәптерімізге түртіп аламыз.
– Мағынасын жете түсіну үшін түрлі сөздікті "көмекке шақырып", санаға сіңіріп аламыз.
– Көпшілік алдында сөйлегенде, көркем шығарма жазғанда осы сөздерді орайын келтіріп пайдаланамыз.

@. @assel_assanova