Марат Қабанбай шығармаларына тән детальдар мен штрихтар

Марат Қабанбай шығармаларына тән детальдар мен штрихтар
Фото: Азаттық радиосы

Балалар мен жасөспірімдер арасында өзіндік өрнегі бар тың туындылармен  жұртшылықтың көңілінен шыға білген  Марат Қабанбай шығармалары бүгінгі таңда жаңашылдығымен ерекше. Марат жас ұрпақтың санасына жетіп, түйсігіне кіретін құндылықтарды игере білді. Жас буынға керек дүниені жалынды сөзбен жаза білді. «Жиһангез Титиден» бастау алған әңгімелер шоғыры  аз ғұмырында қалың жұртшылыққа мол мұра боп қалды. Жазушының «Кермек дәм», «Қала және қыз бала», «Айшылық алыс жол», шығармалары қазақ әдебиетінде, соның ішінде балалар әдебиетіне жаңа леп әкелген туындылар.

Марат Қабанбай өз шығармаларында қазақы болмыспен қатар  Еуропалық үрдісті де ұстана білген ерек қаламгер.

Мифологиялық көріністерді терең ұғына білген жазушы өз туындыларында «Кентавр» яғни кісікиік сөзін кеңінен қолданып, мәнін өз деңгейінде ашқан. Ол өзінің шығармалар желісі арқылы ар-намыс, еңбекқорлық, биік парасат ұғымдарын оқырманға өте ұғынықты тілмен жеткізген жазушы.

Сонымен қатар жазушының жасөспірімдер немесе жастар арасында  кеңінен танылған «Жеңеше», «Монолог» әңгімелерінің тілі қаншалықты қарапайым болса, соншалықты ой саларлық түйінмен, шындыққа негізделген шешіммен аяқталған.

Оның өзге жазушылардан ерекшелігі – өзіне тән штрихтары мен детальдарының болуы. Қандай?

Жазушының лабораториясында тақырып таңдау, стиль қалыптастыру, қиял еркіндігі, оқырманды сендіре білу, сөйлем құрылымындағы ерекшеліктерді сақтау қадағаланады. Марат Қабанбай өз кезегінде еш ережені бұзбаған. Тақырып қоюы өз алдына, әңгіме желісін тақырыпшаларға бөліп, жеке-жеке  дүниенің басын біріктіре алуының өзі үлкен жұмыс. Осы тұрғыда жазушы қыруар еңбек ете білді.

«Марат – талапкер. Марат – журналист, Марат – жазушының шығармашылық жолы да бір схема бойымен, ағаларының ізімен жалғасқан. «Әттең сіздердей»   дейтін балаң қиялы қанат болып, келте ғұмырында сол «сіздерге» өзін мойындатып үлгерді. "Бақбақ басы толған күн", "Арыстан, мен,виолончель және қасапхана" , "Туған жердің төрт мезгілі" повестерімен-ақ бала болып сөйлеп, бала жанының нәзәк қылын дөп басар , өз үні, өз дауысы бар суреткердің келгенін дәлелдеп үлгерген. Ол дүниені өзінше көріп, өзінше ешкімге ұқсамайтындай ғып суреттер еді. «Аспанның кіндігін теуіп, аттан түсті...», «Қайдағы сұлу қара мысықтар жолды әдейі кесіп өтеді, тек кессе бір сәрі, тоқтай қап, жасыл көздерінің уын бетіме бүрке мұрт тікірейтіп, «миаоу» дейтіні жанға батады...» Марат шығармалары бала болмысына үндес, әрі жеңіл юмор әр сөйлемнен мен мұндалайды. Мараттың әр көркем шығармасының көзге ерек көрінері де ойлылығында әрі тілінің бейнелі шұрайында екені сөзсіз еді»-деп пікір білдіреді Кәдірбек Сегізбайұлы. Шын мәнінде, оның жазған дүниесінің барлығы дерлік, бүгінгі таңда оқырман қауымға естелік. Аса құнды туынды. Мол қазына.

Ә. Жутаева