Экрандағы эссе жанрының өзіндік ерекшеліктері

 Экрандағы эссе жанрының өзіндік ерекшеліктері
Фото: Shyn.kz

Қазіргі таңдағы өзіндік ақпарат беру әдісі бұрынғы әдістен тым алшақ, мүлдем жаңаша сипатқа ие болып отыр. Бұл қазіргі заманғы ақпараттың уақыт кеңістігін еркін әрі батыл, әрі көз ілеспес шапшаңдықпен билеп алуына байланысты. Ақпарат таратудағы бүгінгі телевизия – теледидар арқылы дайындалатын және көпшілікке таратылатын ақпараттың ерекшеліктері мен заңдылықтарын, сонымен қатар оның басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен, саясат, мәдениетпен және аудиториямен байланысын толыққанды қарастыруда. Теледидар туралы ғылым – адамдар арасындағы, яғни ақпарат таратушы – ақпарат көзі – ақпаратты қабылдаушы арасындағы әлеуметтік-психологиялық қиындықтардың алдын алу жолдарын зерттейді. Теледидардың функциялары мен қағидаларын талдағанда:

1)Телехабарлардың тақырыптық-мазмұндық сипаты;

2)Телехабарлардың жанрлық-пішіндік ерекшеліктері;

3)Телехабар арқылы көрерменге әсер ету ерекшеліктері;

4)Телевизия және басқа бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әсері;

5)Телевизия мен телеаудиторияның кері байланысы, яғни жауап ретіндегі әрекеті және т.б. теледидардың теориялық негіздемелеріне назар аудара аламыз. Тележурналистиканың эстетикалық қуатының күштілігін ескерсек, экрандағы деректі-көркем жанрларды халық игілігіне айналдырудың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Зерттеу нысаны: Тележурналистикадағы эссе жанры — ел келешегін болжап немесе қандай да бір орын алған оқиғаға өзінің азаматтық позициясын көсемсөзбен көмкерілген кестелі тұжырымы арқылы көрермендердің көкейіне қондыратын тұлғалық ой толғамдардың жиынтығы. Телеэссенің эфирдегі қызметіне пікір білдіру арқылы қоғамдық өмірдің құбылыстарын талдап бағалауда сыншылдық, оқиғалардың сыр сипатын тез аңғарушылық, деректер мен мінез әрекеттердің себеп-салдарын тап басушылық сияқты жоғары талаптар қойылады. Соңғы жылдары көпшілігімізге белгілісі авторлық бағдарламалар алдыңғы қатарға шығып, журналистің өзіндік ерекшелігі, имиджінің хабар танымалдығына ықпалы күшейді, белгілі тележурналистердің шығармашылық мектебі қалыптасты. Дәл осы теорияға сүйенетін қазақ тежурналистикасы да ақпараттық қолжетімділік дәуірінде түрлі жанрларға тарамдалып, аудиториясына жаңаша форматта телехабарлар тарата бастады. Бүгіндегі телехабарлар, соның ішінде біз айшықтап қарастырып отырған экран әлеміндегі телеэссе жанрына тиесілі хабарлар қоғам мүшелерінің дүниетанымдық шеңберін құрайтын саяси-әлеуметтік, мәдени, тарихи тақырыптарды, діни мәселелерді тіл арқылы пікір, толғаныс арқылы бұқаралық санаға ықпал етуші қуатты құрал. Телеэссе жанры сөзінің формасы монолог болса да, оның басты кейіпкері дискурс, диалог элементтерін пайдалануы мүмкін. Эфирдегі телеэссе жанрының жасаушысына тән қасиеттер: ұтқыр ой, орынды пікір, көркем тіл, өзіндік көзқарас белгілерін құрайды.

Қазақ журналистикасындағы телеэссе жанрының үлгісін біз алғаш Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» телехабарынан ұшырастыра аламыз. Теледидардағы Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарызда» көзге түсетін айрықша жайттар – символикалық сипаттардың берік астасып, бір-біріне журналист шеберлігі арқылы кіріге түсуінен байқалады. Хабардың телеэсселік тұрғыдан алғандағы өзгешелігі де осында. Телеэкран хабарындағы басты символика – негізгі идеяны, ойды тұспалдап, астарлап, меңзеп айтуында. Меңзеу дегенде оны абстракциялық жұмбақтаумен шатастырмауымыз қажет. С.Әшімбаев та өзінің бір сөзінде: «Телехабарлардың сәтті, жақсы шығуы, елдің көкейіндегіні, жұрттың ойындағыны тап басуы»,– деп айтқаны бар. Телехабардың 7-санында журналист Сағат Әшімбаев бағдарламасына «Жариялылық туралы ойлар» тақырыбын арқау етеді. «Хабардың осы санында жариялылық туралы ойларымызды, осы мәселе төңірегіндегі пікірлерімізді ортаға салмақпыз»,– деп, бағдарлама қонақтарының камера алдында еркін сөйлеуіне, толыққанды пікір айтуына жағдай жасайды. Телебағдарламаның ортасында сұхбат берушіге Арал трагедиясы жайлы сұрақ қойып, проблемалық мәселені көтереді. Экологиялық апат аймағына арналған Арал теңізінің не себептен тартылғандығын баршаға «Жариялылық» принципі арқылы жеткізуді мақсат етеді. Сөз соңында қудалауға ұшыраған қазақ азаматтары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайдың есімдерін батыл атап, тарихына үңілген халықтың болашағы да жарқын болатынына көз жеткізеді. Шынында, авторлық толғаныстың ұлттық идеядағы брендіне айналған «Парыз бен қарыз» – қазақ көрерменінің санасына эстетикалық айрықша әсер еткендігі даусыз. Енді хабардың теориялық құрылымына талдау жасап көрейік. «Парыз бен қарыз» қандай хабар? Сипаты жағынан – ағартушылық, көтерген мәселесі тұрғысынан – сынға құрылған проблемалық, талдау, философиялық толғаныстары жағынан – эфир сатысындағы эссе жанрына құрылған. Автор өз нысанын бағдарлама қонағына (қандай да бір қайраткерге) өміршең сұрақ қоя отырып, сұхбат берушіні орынды пікір, салиқалы жауап айтуға бағыттайды. Сол арқылы хабар қонағының болмысын толыққанды ашып, көрсетеді. Эмоция мен толғаныс – телевидениедегі эсселік жанрдың ең басты көріністері. Бұл жанрға, сонымен қатар «Алтын қордағы» Бауыржан Момышұлының, бертіндегі Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Шерияздан Елеукенов, Мұхтар Шаханов, Намазалы Омашевтың бейнекамера алдындағы пікір-монологтарын жатқызуға болады.

Қазір: «Экран бетіндегі эссе жанры жойылып кетті», - деген пікірлер айтылып жүр. Кез келген ұғымның дәуір танымына қарай икемделетіні белгілі. Қазіргі экран бетіндегі эссе жанрының форматы өте күрделі өзгеріске ұшыраған. Ақпарат ғасырында ол бағдарлама кейіпкеріне ауқымды, формальді, мазмұнды пікір айтуға толыққанды мүмкіндік береді. Аталмыш жанр – телевизияда өзінің еш боямасыз табиғи қасиеттерді бейнелеуімен озық тұр. Ішінара болса да жобадан телеэссе қатарына тән белгілерді байқауға болатын қазіргі телехабарларға: «Келбет» (Қазақстан арнасы), «Тарих айнасы: аңыз бен ақиқат» (Мәдениет арнасы), «Жылдар, жырлар» (Мәдениет арнасы) бағдарламаларын жатқызуға болады. КТК арнасынан үзілмей беріліп жүрген Жадыра Сейдештің «Жүрекжарды» бағдарламасында да журналистік эссенің сарыны басым. Автор-журналист бағдарламаның кезекті қонағына түрлі тақырыптағы сұрақтарды қоя отырып, кейіпкерінің өз ойын еркін білдіруіне баса назар аударады. Мысалы, жазушы Шерхан Мұртазаға арналған бағдарламасында автор толыққанды қайраткердің бейнесін ашу үшін сұрақтың басын жетімдік зарын тартқан Шерханның балалық шағына байғыттайды. Мұндай өткен күнге көз жүгіртіп отырып, болашаққа бағдар жасау – телеэссенің ең басты ерекшеліктерінің бірі. Бұл әдіс – бағдарламаны эстетикалық тұрғыдан образды, объективті-көркем етеді. Телеэссе – қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, журналистиканың ерекше жанры. Қазақ журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан эссеист Камал Смайыловтың да «Елім саған айтамын, елбасы, сен тыңда!» атты публицистикалық шығармалар жинағын телевизияның эссе жанрына айналдыруға болады. Мысалы, автор еңбегінде: «...Намысқа тиер тағы бір мысал. «Қазақ тілінің мәртебесін көтереміз!»– деп көп айтамыз. Ресми құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын оқымай тұрып, қазақшасын да түсіне алмайтын пәлеге ұшырадық. Баяғы кездегідей «қате кетпесін» деп қорқып, орысшадан сөйлемді сөзбе-сөз аударып, сірестіріп қояды. Сөздерді бір-бірімен сығылыстырмай, сөйлемдерді бөліп, бұтарлап қазақшаға айналдырып барып, қазақ сөйлемінің құрылым-құрылысына салып, еркін, түсінікті аударуды меңгере алмай-ақ келеміз. Енді кімнен жасқанамыз? Осыдан құтылмай біз қазақ тілінің мерейін өсіріп, мәртебесін көтере алмаймыз. Ал ең дұрысы, ресми құжаттар қазақ тілінде әзірленіп, содан кейін орысшалануы керек...»– дейді.

Телевизиядағы эссе – көрермендердің өзінше ойлап сезіну қажеттілігін тудырады, өмір құбылыстарын өткір қабылдау мен пікір қалыптастыруға итермелейді. Камал Смайыловтың бұл туындысына да батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән. Сондықтан жоғарыда келтірілген үзіндіні эфирдегі телеэссенің «мәтіні» ретінде қарастырып, болашақта публицистік туындыға жан бітіруге әбден болады.

Көпке белгілісі, бүгінгі журналистиканың зерттеу әлемі кең, құбылыстарды бейнелеу палитрасы сан түсті. Телевизиядағы эссе жанры үнемі журналист шығармашылығымен астасып жатады. Оның құрылымы деректі және әдеби-көркем элементтердің синтезімен, өзара бірлесіп әрекет етуімен сипатталады. Тележурналистиканың деректі-көркем жанрлары телехабардың табиғатын танытып, оның тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, үлкен өнер саласы екенін көрсетуге мүмкіндік береді, дыбысталатын тіл құдіретімен деректі-көркем туындылардың жасалуына жол ашады. Қорыта айтқанда, телеэссе – қоғам құндылықтары мен замана өрісін кейіпкер мен журналист арқылы жекелей талдайды, өнер мен мәдениетке өзінше баға береді. Сондықтан қазіргі телевизиядағы эссе эфир табиғатын, журналист қолтаңбасын қалыптастырудағы кәсіби әдіске айналуы тиіс.

Дастан Қастай

Ә. Жутаева