Поэзия және оның жанрлық ерекшеліктері

Поэзия және оның жанрлық ерекшеліктері
Фото: TheQuestion

Поэзия –  өмірдің әрі мен нәрі, қайнап қорыған жамбасы. Ол – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия – көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі, әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры...

Поэзия – қайратты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы...

Поэзия – ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты...

Тіптен поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулы бар.

Поэзия деген сөз гректің «poeo» - шығару, жасау деген сөзінен шыққан. Сондықтан адамның ой-қиялынан шыққан творчестволық кезеңді көрсететін  көркем сөздердің барлығы да поэзияға жатады. Поэзияға өлеңмен жазылмаған сөздер де кіреді, себебі өлеңмен жазылмаған шығармаларда да адамның творчестволық ой-қиялының жемісі. Оған да ой, ақыл, ұғым керек, онда да көркемдік сұлулық бар.

Поэзия жайында сөз қозғай бастауымыз сол еді, ежелгі гректің тілі алдымыздан шықты. Ендеше, поэзияның тарихи бастамасы мен оның сипатын кез келген әдебиеттің қорынан емес, гректің әдебиетінен іздеу керек.

Гректе және орта ғасырларда, көбінесе, прозаны төмен санап келген. Себебі ол уақытта, өлең эпопейлер белгілі күйге салынып, музыкалық құралдармен ойналған. Ол эпопейлерде ерлердің батырлық істері көрінетін болған. Тыңдаушы халық, айтушы жыраудың даусымен бірге эпопей ішіндегі уақиғаға балқып, ден қойған.  Ежелгі әдебиеттің пайымдауынша поэзияның ырғақты әрі әуені болған.  Осындағы ырғақ (ритм) – қимылдың, құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақ – жасанды емес, табиғи нәрсе, өнерге ғана емес, өмірдің өзіне де тән нәрсе.

Поэзия – сөз өнері. Әдебиеттегі көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол – айналамыздағы дүниені, өмірді танып – білудің  күшті құралы, біздің қоғамдық ой – санамыздың, көркемдік, эстетикалық Сезіміміздің үлкен өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттелігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып соған тікелей жалғас туады. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз – өмір құбылыстарын танып-білу, ұғып-түсіну. Қабілетімен көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырласып, қабысып жатады.

Поэзия тілінің сипат – ерекшелігін сөз еткенде, оны поэзиялық туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі өзгешеліктері көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу, жеткізу талабына сай қалыптасады.

Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі.

Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін сол ой – сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой –сезімді жеткізудің құралы ғана. 

Сонымен, поэзия жайында пікір мен толғамдарға шек жоқ. Сонау гректің антикалық дәуірінен бастау алып, бүгінгі жаңа ғасырдың тоғысына дейін жеткен бұл түрдің жауабын ғылымнан ғана іздеуге болмас. Жалпы алғанда, поэзияның шығу мен оның пайда болуы жайында нақты деректі (факт) табу қиынға соқпақ. Тек, теориялық негізі мен мәнін зерттеу жайында мардымды дүние шығар алғанымыз болмаса, поэзия не өлең деп қарастырсақ оның барар жері өте арыда.

Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады. Өлеңге өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық  ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі.

«Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді», - дейді В.Г Белинский.

Поэзия қандай затты,  құбылысты болсын жіктеп-бөлшектемей, оның өзгеге ортақ жалпы сипатын жалқы, өзіндік сипатынан ажыратып бөліп алмай, тұтас күйінде, өмірдегі қалпына сәйкес етіп алуға ұмтылады. Әрине, өмір құбылыстарының құпия сырын, терең жатқан мәнін, өмірдегі сан қилы қатынас- қайшылықтарды, көп нәрсенің ортақ-ұқсас сипаттарын ашып көрсететін орасан зор қуат-күш поэзияда да бар. Көптеген құбылыстарға ортақ сипат-қасиеттерді, аса маңызды ерекшеліктерді бір нақтылы суреттің, бір көркем бейненің бойына жистырып, типтік дәрежеге көтеріп көрсету – көркем өнердің соның ішінде поэзияның негізгі әдісі.

Жалпы әдебиетке, поэзияға тән өмір шындығын көрнекі айқын образ, бейне, нақтылы суреттер арқылы ашып көрсету әдісі дүниенің шексіз мол, сан алуан құбылыс-көріністерін кеңінен қамтуға және оларды ішкі-сыртқы ерекшеліктерімен жан-жақты сипаттауға мүмкіндік береді. Поэзияда адам өмірі, мінезі, іс-әрекеті, кескін-келбеті бейнеленгенде оның сан алуан дара, дербес өзгешеліктерін толық сақтаған және сол адам өскен ортаның, дәуірдің сырларын танытатын типтік қасиеттері бар жанды тұлға жасалып шығады.

Эпикалық және трагедиялық поэзия,  сондай-ақ комедия мен дифирамбылық поэзия, авлетика мен кифаристиканың басым бөлігі – мұның бәрі  де,  жалпы  айтқанда еліктеу өнеріне жатады, бұлар  бір-бірімен  мынадай үш  түрлі  жағдайда:  еліктеу не арқылы  (қай негізде)  жасалады,  болмаса,  не нәрсеге еліктейді, әйтпесе қалай еліктейді, міне осы тұрғыда ғана ерекшеленеді. Бұлар, әрине, ылғи да бір мағына-мәндегі ұғымда емес.

Еліктеу жекелеген немесе тұтас күйінде ырғақтан, сөз бен гармониядан (әуеннен) танылмақшы; айталық, әуен мен ырғақты авлетика мен кифаристикаға және осы түрге жататын басқа да музыкалық өнер түрлеріне қолданады, мысалы, сыбызғы тарту өнері, кейбір бишілер гармониясыз-ақ ырғақтың көмегімен еліктеу қимылын жасай алады, өйткені, олар шынында да мәнерлі ырғақты қимыл-қозғалыстар арқылы мінездерді, іс-әрекет пен көңіл күйлерін таныта алады: сөзді белгілі бір өлшеммен немесе өлшемсіз пайдаланатын, онда да бірнеше өлшемді аралас иә болмаса олардың біреуін жеке-дара қолданатын өнер түрі ғана күні бүгінге дейін анықталмай келеді, біз Софрон мен Ксенархтың мимдері мен сократтық әңгімелерге де, триметрлік, элегиялық немсе қандай бір болмасын өлеңдік өлшеммен бейнелеушілерге де жалпы ат-атау бере алмаған болар едік, «жазу» деген ұғымды белгілі бір өлшеммен байланысты түсінетін адамдар ғана кейбіреулерді элегик, енді бірін эпик деп оларды еліктеу ерекшелігіне қарай емес, жалпы өлеңдік өлшеміне қарап ақын деп ардақтайды. Алда-жалда өлеңдік өлшеммен жазылған медицина немесе физика жайлы әлдеқандай трактат жариялана қалса, олар үйреншікті қалыппен оның авторын ақын деп атайды, ал шынына келгенде Гомер мен Эмподоклдың арасында өлшемнен басқа ешқандай да жақындық жоқ, сондықтан да алғашқысын ақын деп атау, екіншісін ақын дегеннен физиолог деу неғұрлым әділетті болмақшы.

Айтылған барлық жайларды – ырғақты, мелодия  мен метрді – түгелдей пайдаланатын кейбір өнер түрлері де бар, мысалы, дифирамбылық поэзия, нормалар, трагедия мен комедия, міне, осындай өнер түрлеріне жатады, бұлардың бір-бірінен айырмашылығынан өлшемдерді бірінің тұтас, екіншілерінің кейбір бөліктерінде ғана пайдаланатындығында жатыр.

Шынымен, алып қарасақ, алғашқы таптық қоғамдағы пайда болған дүние адамның бір-бірінен үйренумен, табиғаттың құбылыстарына еліктеуден басталды. Ал, біз «поэзия» дейтін ұғымның өзін арысы жер енді пайда болған уақытта, Құран жерге түскен кезеңде пайда болды деп топшаладық. Себепті де келтіріп кеттік.

Жалпы алғанда поэзиялық өнерді түрлі табиғи себептер туғызған сияқты. Біріншіден, еліктеу адамдарға бала кезден тән нәрсе, осынысымен олар өзге хайуандардан ерекшеленеді, адам әрі еліктеуге өте-мөте бейім келеді, соның арқасында алғашқы ұғым-түсініктерді жинақтайды, екіншіден, еліктеудің нәтижесі барлығын да рақат сезіміне бөлейді. Бұның дәлеліне өмірде болатын жайларды алуға болады: тікелей көруге өте жағымсыз нәрселердің, мысалы, жиіркенішті хайуанаттар мен өліктердің суретіне біз құлшыныспен қарай аламыз. Мұның мәнісі мынада: ұғым-танымды жетілдіріп отыру – философтармен қатар жалпы өзге адамдар үшін де бірдей дәрежеде қажетті, өте-мөте сүйкімді іс, айырмашылық  тек мынада: соңғылары ұғым-танымды аз уақытқа ғана игереді. Бейнеленген жайларға олар ықыластана қарайды, себебі оларды көріп тұрып жалқылық деген не немесе мынау мынадай екен ғой деп үйрене де, ойлана да алады, ал егер бұрын-соңды мұндайды көрмеген жағдайдың өзінде де бейнеленген нәрсе суреттелуімен болмаса да әшекейімен немесе бояуымен, әйтпесе басқа  бір себептерімен оның сүйсіну сезімін туғызады.

Гармония мен ырғақ (метрдің ырғақтың айрықша бір түрі екені даусыз ғой) секілді еліктеу де біздің табиғатымызға  соншалықты тән болғандықтан, көне дәуірлердің өзінде-ақ  еліктеуге өте бейімді дарынды жандар болған, олар осы еліктеу қабілетін там-тұмдап дамыта отырып, импровизациядан нақты поэзияны  тудырды.

Ақындардың жеке мінез ерекшеліктеріне байланысты поэзия да түрлі сипаттарға бөлінеді: өте-мөте байыпты ақындар өздері тәрізді адамдардың тамаша мінезін бейнелейді, ал неғұрлым ұшқалақтауы ең алдымен сайқымазақ, келеке өлеңдер жазып, жағымсыз жандарды танытса, енді бірі мадақ өлеңдер мен гимндер жазды. Ақындар жеткілікті болғанымен, біз Гомерге  дейінгі осындай поэмаларды ешкімдікі емес деп айта алмаймыз, ал Гомерден  бастап, бұлай деу мүмкін болды, бұған оның «Маргит»  поэмасы, тағы сол сияқтылар мысал бола алады. Оларда шынында да күлкілі, келекелі метр қолданылады; ол қазірде де ямб өлшемі деп аталады, өйткені, бұл өлшеммен жазылған өлеңдерді ақындар бірін-бірі ажуа-күлкі етті. Міне, осылайша көне дәуір ақындарының бірі батырлық өлеңдерді, енді бірі ямб өлшеміндегі өлеңдерді жасаушы болады.

Ө. Сансызбай