Дидахмет шығармашылығындағы қазақы көрініс, қазақы болмыс

Дидахмет шығармашылығындағы қазақы көрініс, қазақы болмыс
Фото: Shyn.kz

Қазақ әдебиетіндегі көптеген шығармалардың  ұлттық құндылықтарды аттап өткені кемде-кем. Ұлттық мінездің, ұлтқа тән сананың көрінісі Дидахмет Әшімхан шығармасынан ашық көрінеді. Осыған қарап-ақ, жазушының өз ұлтының, өз халқының  жан-дүниесін терең түсінген деп бағалай аламыз.

Оның қай шығармасын алсақ та ұлттық мінез, ұлттық характер әрбір кейіпкердің бойынан жарқын, анық әрі айшықты көрінеді. Қазақтың мінезіндегі жұмсақтық, бауырмалдық, дархандық бәрі-бәрі қай шығармасында болмасын  тілге тиек етіледі. Дидахметтің «Жер аңсаған Сарыатан» атты повесін алып қарайтын болсақ, осыдан тұнып тұрған қазақилықты, қазақи руханиятты, қазақтың салт-дәстүрін және ырым-тыйымдарын анық байқауға болады.

Шығарманың бастапқы бөлімінде Есберген Қожыққа мынадай мәтін айтады: «Әкемді ойладым...Өлерінен бір жыл бұрын Метрейдің үйіне келген орыстармен карта ойнап, астындағы күмістелген ерін , аяғындағы әмірқан етігін ұттырып алып, кейін қатты қапаланып еді. Сонда аяғына шәркей киіп отырып: «Ерден айрылдым – жайдақ болдым, етіктен айрылдым – маймақ болдым, жерден айрылдым – бейбақ болдым. Сірә, мен оңбайтын шығармын» дегені, бүгін тақымым қажалып, құйрығым ойылып келе жатқанда есіме түсті. Таңертең жолға шықпай жатып, ерім сынды. Бұл жақсы ырым болмас, аға. Сосын ... ата-баба жерін тастап кетсем – мен де оңбайтын шығармын.Ұлықсат берсең, мен кейін қайтайын, аға». Осы мәтіннен Есбергеннің  Қожықты  жанына тартқанын, онымен туыстық байланысы жоқ болса да, оны туғанындай көргенін аңғарамыз. Бұл жерде қазақтың бауырмалдық, кеңпейіл мінезін Дидахмет  осы кейіпкер бойынан танытқандай.

Шығармадағы Ғазиза қазақ әйелдерінің типтік образы ол ұяң да мінезі ақкөңіл жан. Жарты ғұмырында Есбергенге жар болған ол оның  кем-кетігін толықтап, үйін үй қылып, ошағының отын сөндірмей, қарапайым тұрмыс кешкен. Ол кеткен соң бұл үйден бар қасиет кетті ғой дейді. Есберген қазақи тұрмысты әйел затының шаңырақтағы орны бөлекше, онсыз отбасының , жанұяның жылуын сезінуге болмас. Есберген мен Ғазизаның өмір тіршілігінен автор қазақтың қарапайым барға қанағат, жоққа салауат айтып өмір сүретін имандылық жағын көрсетеді. Есберген қырық жастан асса да, Ғазиза екеуінің арасында бала болмайды. Сондай күндердің бірінде, Есбергеннің аңнан олжалы оралып, өз үйіне Ақсопы шалдың келгенін көріп, оны бір жақсылықтың нышанына жориды. Нәтижесінде , арада жыл өткенде, әйелі Ғазиза бір ұл табады.

Ежелгі қазақ арасында  әулие, дәруіш сынды ел аралап жүретін жалғыз бас, жалғыз атты Ақсопы сияқты жандар болған. Қазақ оларды елдің құты , берекесі деп ерекше бағалаған. Олар үйіне келіп түссе, баптап, күтіп, олардың ықылас – батасын алуды салт еткен. Олардың киесі бар деп түсінген. Қазақ тіпті, әулие, дәруіш болмаса да, үйіне түскен жолаушы, мейлі, жоқшы болсын ,құдайы қонақ, қырықтың бірі- қыдыр деп бағалаған. Есберген мен Ғазизаның бойынан  қазақтыңқонақжай, қоңыр мінезін ашық көреміз. Шығармадағы негізгі көтерілген тақырып, бұл – туған жер, атамекенге деген сағыныш. Оған деген алып ұшқан көңіл-күй шығармадағы кейіпкерлер бойынан  айқын көрінеді. Мысалы, Ғазиза мен Есберген аштық жайлап, ел ауған шақта атамекен Көгілдір таудан Қытай жеріндегі Көкен тауға қарай қоныс аударады. Сол жерде ширек ғасырға жуық мекендесе де, туған жерге деген сағынышы, туған жердің топырағын бір көрсем деген армандары әрқашанда ойларынан шыққан емес. Есберген мен Ғазизаның балалық шағы да, жастық шағы да сол бір Көгілдір тауда өткен. Екеуінің махаббат сезімі де Көгілдір тау етегіндегі  Мойылдысайда оянған. Ғазиза айықпас дертке ұшырап, ауру азабын тартып жатса да, туған жері оның есінен шыққан емес. Ол түсінде де сол Көгілдір тауды көреді. Көгілдіртаудағы Мойылдысайды көреді. Оны мына жерден аңғара аламыз:

«Түнде адам не көреді. Есімде қалғаны – ар жағынан со тауға жеткенімізде артымызда күн қып-қызыл болып батып бара жатқан. Одан бергінің бәрі қараңғы ғой... Айтпақшы, бүгін түсімде Мойылдысайды көрдім. Өзің айта беретін әлгі Бұқтырманың жағасындағы Мойылдысай ше... Сайдың ішінде сарқырап өзен ағып жатыр екен деймін. Сен өзен жағасындағы  бір түп мойылдың уылжыған қап-қара жемісін ат үстінен үзіп жеп тұр екенсің. «Маған да бір сабағын әперші деп жатып оянып кеттім» - деп Ғазиза өз кесесіне үлкен қара құманнан үстеп шай құя бастады. Шынымен-ақ, құйғанын құйғандай тауысып отырған секілді.

Есбергеннің туған жерге деген сүйеніші де, сағынышы да ең соңында оны атамекенге ат басын бұрғызады. Ол Көкен тауды мекендеп жүрген кезінде өзінің кіндік қаны тамған атажұртын еске алып, сағынғанда қолына сыбызғы алып, күй тартып, шерін тарқататын. Қазақта атамекен, туған жер қашанда ыстық. Талай қазақтың ақын- жыраулары туған жерге арнап, әсем ән, тәтті күйлер шығарған. Қазақ Туған жер – алтын бесік деп атамекенге өз бағасын берген.

Шығармадағы бір кейіпкер ол – Көкен батырдың ұрпағы Қожық. Қожық көрер көзге сом тұлғалы, тектінің ұрпағы десе дегендей қапсағай қайратты жігіт. Әкесі, Сейдалы жас күнінде сері, ақын болып, елді шулатқан адам. Қазақтың түсінігінде қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады дейтін сөз бар. Сол себепті де тектіден текті туады деп білген. Соңында Қожық өзінің  текті адамның ұрпағы,жақсының тұяғы екенін Есбергенге танытты. Қанша жылдан бері Есбергенге қол бала болып жүрсе де, Есберген оның сол қырын жете түсіне алмады. Дегенмен, шығарманың аяғында мұнысына өкінеді. Қожық жастайынан жетімдік көріп, елдің босағасында күн көреді. Егер, әкеден-дәулет, атадан-билік қалса, Қожықтың біраз жерге барары белгілі. Қожық шығармада қазақ дүниетанымындағы текті тұқым деген ұғымның дәлелі.

    Таудан аққан тас бұлақ,

    Тасты құяр теңізге,

    Жақсыдан жаман туса да,

    Жаманнан жақсы туса да,

    Тартпай қоймас негізге,- деп әр қазақтың тегіне тартып туатынын данышпан жырау Бұқар айтып кеткен. Осы секілді, Қожық та өз тегіне тартып туған текті атаның  баласы.

Шығарманың өн бойындағы қазақы қасиет мен мұндалап көрініп тұрады. Қай кейіпкердің бойынан болмасын,  қазақы сипат, қазақы қарапайым мінезді көре аламыз. Қазақ деген өте ырымшыл халық. Бұл жағы да шығармада қалыс қалмай, айтылады. Мысалы, Есбергеннің Қожықты ырымдап асырап алуы және де ол аңнан келгенде мама ағаштың құлап қалғаны, алыс сапарға аттанарда Қожықтың ерінің сынып қалуы сияқты жәйттер желінің көрінісі. Қожықтың өз атамекенінде қалуына да осы жайт өзіндік септігін тигізеді. Сонда Қожық Есбергенге былай деп айтады:

 «Дұрыс айтасың. Он бес жыл. Ендеше он бес жыл бауырына басқан адамнан  бір-ақ күнде сырт айналады деп қалай ойлайсың сен!... Өй, ынжық!...Бар аттарды әкел де , жолға дайында. Енді екеумізді Құдай айырмаса басқа айырмас».

«Жаман айтпай, жақсы жоқ», – дейтін қазақ ырым-тыйымды қашанда берік ұстанған және де қазақтың ырымы қиыс кетпеген. Оның түп негізі – адамның ішкі сенімі. Дидахмет шығармашылығы реалистік тұрғыда жазылып, адамның болмысына тікелей әсер ететін шоқтығы биік туындылар.

Ә. Жутаева