Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдеріндегі көркемдік әдіс

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдеріндегі көркемдік әдіс
Фото: wallpapermania.eu

Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығы – көркемдік қуатқа бай, сезімталдық пен рух қатар өрілетін туындылар. Мектеп бағдарламасындағы әдеби көркемдік әдістермен жазылған өлеңдеріне талдау жасап көрейік.

Оның «Өмір маған» атты туындысы тұтас теңеуге негізделген. Өмірді шыңы биік тауға да, жауға да, гүлге толы белге де, шөліркеп жатқан шөлге, жылытатын отқа да, жоққа да, керуен көшке де, адал жарға да, сұлу қызға да, апасына да, сезімге де, тіпті өзіне де теңейді. Өлең қайталаулардан құралса да, әр тармақтың, әр шумақтың айтар сыры бар.

Өмір маған кейде тау сияқты,
Шыңына шыққым келеді.

Өмір маған кейде бір жау сияқты,
Аяққа жыққым келеді.

Өмір маған кейде бір бел сияқты,
Гүлдерін тергім келеді.

Өмір маған кейде бір шөл сияқты,
Сусын бергім келедi...

...Өмір маған кейде «апа», сіз сияқты,
Қуаныш үйгім келеді.

Өмір маған шаттық сезім сияқты,
Мәз болып күлкім келеді.

Өмір маған кейде өзім сияқты,
Өмір сүргім келеді.

Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.

Бұл – ақынның «Ана» атты туындысы. Қара өлең ұйқасына негізделген бұл өлеңде ананың  махаббаты, әркез қолдап, демеп жүретіні айтылады. Құлағына естілген әнді сылдырап аққан бұлаққа, әуеннен алған әсерін күміс баққа теңейді. Сөніп, өшіп бара жатқан сәтте жаңағы әуен – анасының әлдиі оған күш сыйлап, бойын тіктейді. Бойындағы күші бұғып бара жатқан сәтте анасының «сөнбейсің» деген бір ауыз сөзі, ойы сергітеді, ананың бір ауыз сөзі – бәріне ем, барлығына дауа. Баласы қай жаста болса да, ананың жарым сөзінен кейін қуанады, жылаған жүрегі жарқылдап, шаттыққа бөленеді. Жігері құм болып, тауы шағылғанда ананың махаббаты әркез қолдайды, демейді. Осындай ойды өлеңіне өрнек еткен ақын ана махаббатын ерекше бейнелейді.

Сәуір күні жаңбырлы ма, желді ме,
Қабағынан шуақ шашты келді де,
Алты ай қыста үйден шықпай отырған
Атама өзі жұмыс тауып берді де.

Бақ ішіне ертіп барды атамды,
Атам күннен таусылмайтын от алды.
Ауламызға егіп жатыр алма ағаш,
Алмаға бір тойдырам деп ботамды.

Ботасы мен алмаға бір тоймайтын,
Іші пысса, күшігімен ойнайтын,
Кәмпит те бар, өрік те көп, алма көп,
Атам бар да менің қамымды ойлайтын.

Өзі ақылшы, өзі қамқор, өзі бек,
Ботасына үйрететін сөзі көп.
Атам еккен ағаштарға су құйдым,
Жемістерін берсе екен деп тезірек.

Табиғат лирикасына негізделген бұл туынды сәуірдегі ауылды бейнелейді. Сәуірді суреттей отырып, ауылдың күйбең тыныс-тіршілігін көркемдеп жазады.  Автор «Алты ай қыста үйден шықпай отырған атаға» жұмыс тауып берген сәуірде барлық адам тіршілікке кірісе бастайтынын айтады. Немересін алмаға тойдырамын деп, ағаш егіп тірлік етіп жүр. Автор атасын сипаттауды да ұмытпаған: «Өзі ақылшы, өзі қамқор, өзі бек» деп аяулы атаның бейнесін әдемі жеткізеді. Жалпы өлеңде көктем туа тірлік басталады деген идея жатыр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды өзек еткен бұл туынды өнегеге толы. «Атам еккен ағаштарға су құйдым» деп, еңбекқорлыққа үйретеді.

Ал көркемдік құрылысына келер болсақ, өлеңнің бастапқы екі тармағында сәуірдің қабағынан шуақ шашылғанын метонимиямен өрнектейді. Немересін ботаға балайды. «Атам күннен таусылмайтын от алды» деп те метономияның көмегімен күннің сәулесін суреттейді.

Г. Берік