Сабақ жоспары: Өмір, қымбатсың маған!

Сабақ жоспары: Өмір, қымбатсың маған!
Фото: voxpopuli.kz

Сабақтың тақырыбы: Өмір, қымбатсың маған!

Мақсаты:
а)өмірдің құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру;
б)өмірге құштарлықты арттыру;
в)өмірді сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, плакаттар, түрлі түсті қағаздар, слайд

Сабақтың әдісі: Сыныптан тыс жұмыс, топтық жұмыс «Болашақ», «Жасқыран», «Сұңқар», «Достық»
Сабақтың барысы:
І. «Шаттық шеңбері» (өміршеңдік ережесі)
ІІ. Сұрақ жауап
ІІІ. Миға шабуыл
ІV. Өмір, қымбатсың маған!(бейне ролик) Н.Вуйчич
V. Жағдаят талдау
VІ. Ақиқат орындығы
VII. Шығармашылық жұмыс

Ұйымдастыру: Сәлемдесу, түгендеу
Әр топ өз ұранымен, топпен таныстыру
Шаттық шеңберінде өміршеңдік ережесін түзу
*Өмір – сенің мүмкіндігің, пайдалана біл;
*Өмір – сұлулық, сүйсіне біл;
*Өмір – арман, жүзеге асыр;
*Өмір – парыз ,орындай біл;
*Өмір – ойын, ойнай біл;
*Өмір – байлық, бағалай біл;
*Өмір – махаббат, ләззат ала біл;
*Өмір – құпия ,сырын аш;
*Өмір – қайғы , көтере біл;
*Өмір – күрес, жеңе біл;
*Өмір – бақыт, баянды ет;
*Бәрі сенің қолыңда;
Өмір деген – екі өзен. Мұң –қуаныш, Толқыны: Шындық-жалған, Күлкі-Намыс.
Өмір деген тұрмайды қап-қарадан. Өмір деген тұрады ақ-қарадан.

ІІ. Сұрақ жауап
*Өмір туралы не білеміз?
*Өмірдегі қиыншылықтар, кедергілер жайлы не білеміз?
*Жасөспірімдердің суицидке бару себептері қандай болуы мүмкін?
*Суицид дегеніміз не?
*Өмірді мәнді сүру үшін қажет құндылықтар?

ІІІ. Миға шабуыл. Аңыз әңгіме.

Екі қасқыр

Ерте ерте ертеде бір қария немересіне өзі түйген өмір шындығын ашыпты:
– Әр адамның ішінде жемтікке таласқан екі көкжал қасқыр сияқты талас жүріп жатады. Бірі – жамандық, қызғаныш, көре алмаушылық, өзімшілдік, қара ниет, өтірікті білдіреді. Екіншісі – жақсылық; махаббат пен мейірімділік, сенім мен үміт, шындық пен ақиқат, ақ ниетті білдіреді. Атасының айтқанын ұйып тыңдап отырған немересі ойланып қалады да: – Ата, соңында қайсысы жеңіп шығады? – деп сұрайды. Атасы мырс етіп күледі де:
– Қайсысына көбірек көңіл беріп, асырасың, сол жеңеді, – деп жауап берген екен.

Қызыққа толы қас-қағым

Теңіз жағасында ну орманда қартайған, үш жүз алпыс бес жыл өмір сүрген емен тұратын. Ағаш жылдың үш мезгілінде сергек, ал бір мезгілінде ұйқыға кетеді. Қыс – оның ұйықтайтын уақыты. Жаздың шуақты бір күні шаттанған, масайраған біркүндік көбелек демалмақ болып,еменнің жапырағына қонады:
– Байғұс-ай! Сенің бар өмірің бір-ақ күндік! Сондай қысқа... Аянышты өмір-ай, – деді емен.
– Не айтып тұрсың? Айнала жап-жарық, жып-жылы керемет! Жаным шаттыққа толы, сондай рақат! – деді көбелек.
– Мен сенің мың күндік өміріңдей өмір сүремін, менің өмірімнің ұзақтығын сен санап тауыса алмассың!
Сенің өмірің қаншалықты ұзақ болса да, мен өзімнің шаттыққа, бақытқа толы сәттерімді ешнәрсеге айырбастамаймын. Осылайша біркүндік көбелек мәңгі ұйқыға кетті.

IV. Өмір, қымбатсың маған! (бейне ролик) Ник Вуйчич

V. Жағдаят (Өмір туралы аңыз желісімен)
– Менің не істегеніме қарап, нені меңзеп отырғанымды түсіндіріп беріңдер.
І-ші ыдысқа:
1. Үлкен шыныны ірі тастармен ернеуіне дейін толтыру
Ыдыс толды ма?
2. Ұсақ тастарды салып, ақырын шайқау
Ыдыс толды ма?
3. Құм салу.
4. Су құю.
ІІ-ші ыдысқа
1. Құммен тығыздап толтыру
2. Ірі тастардың бірін енгізуге тырысу.

Қорытынды:
– Егер адам құммен толтырылған ІІ-ші ыдыс сияқты, өз өмірін ұсақ-түйекпен өткізетін болса, маңызды құндылықтарды жүзеге асыруға орын қалмайды. Ал өмір адамға маңызды істер мен құндылықтарды жүзеге асыру үшін берілген. Сондықтан ірі тастарыңды қадірлей біліңдер!

VI. Ақиқат орындығы (карточкамен жұмыс)
*Мен үшін үлкен қорқыныш бұл, ...?
*Мен ренжимін егер, ...?
*Маған қиын егер, ...?
*Мен шешім қабылдай алмасам...?
*Өмір, қымбатсың маған! Себебі...?
*Мен өмірді сүйемін! Себебі...?
*Мен бақыттымын, себебі...?
*Мен қиындықтардан қорықпаймын...?

VII.Шығармашылық жұмыс
Бүгіннен жарқын – болашаққа! 
Жүректен жүрекке

Автор: Қалияждарова Бақытгул Орынбекқызы
Еңбекшіқазақ ауданы О.Жандосов мектебінің психологы

Г. Берік