Майлиннің «Түйебай» әңгімесі

Майлиннің «Түйебай» әңгімесі
Фото: i.huffpost.com

«Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым қатынасы әрдайым нанымды болып шығады. Және бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастык айқын аңғарылады» деп Мұхтар Әуезов Бейімбеттің жазушылығына баға берген екен. Ол қоғам шындығын әдебиетке енгізе алды. Жазушының "Түйебай" әңгімесі туралы сөз қозғамақпыз.

Автор бұл шығармада І жақтан сөйлейді. Ол өзінің жайлауы туралы әңгіме өрбіте бастайды. Қоржынтомар деп аталатын жайлаудың сырт-сипатын суреттеп, оның табиғатымен оқырманын қызықтырады. Қоржынтомардың суаты балалар үшін үлкен ермек, бойшаңдары ортасына дейін жүзіп барады. Суаттың қамыс арасына, шөптерді үйіп-төгіп, шағала жұмыртқа салады. Барлық бала атаулы сол шағаланың тіршілігін қараумен болады. Оның екі-үш жас үлкен ағасы бар, дегенмен, бойлары шамалас. Суға түскенде ағаына ілесіп, қамысқа дейін жүзіп барады екен. Кейде жарылған жұмыртқаны көреді, кейде тарғыл түсті сопақ жұмыртқаға кезігеді. Соларды қызықтап, бақылайды екен.

Ел жайлауға екі-үш күн бұрын көшіп келген, балалар ауылды аралап, кімнің қай жерді тұрақ еткенін көріп қайтқан. Ауылдың күнбатыс бетінде суы тайыз Қарақоға дейтін көлшік бар. Көлшіктің ортасында томар бар. Сол томардың арасына шүрейгей үйректер ұя салады екен. Олардың жұмыртқасын таңдап жүріп, алып кетеді екен. Ол ауылдан 2-3 шақырым жерде. Жиі баруға, жол алыс. Таңда кеткен адам кешке қайтады.

Ауылдағы балалар сабақта. Бәрі оқуда. Олар шоқша сақалды молдадан тәлім алады. Оның қаталдығын әлі көре қоймаған. Ол – үйдің кенжесі, әжесінің еркесі. Молдаға алып келгенде, әжесі: «Бұл үйдің кенжесі еді, қорқақтау, тым ұра бермессіз» деген екен. Үйде азын-аулақ дастарқан жайылғанда, молданы қонаққа шақырады. Осының арқасында таяқтан аман қалыпты. Барлық баланың үйі осы молданы үйге шақырады екен де, тек бір-ақ үй шақырмайды. Ол – Түйебайдың үйі. Оның әкесі көрші ауылда Есмағамбет деген байдың малын бағады, шешесі екі баламен осы жайлауға келген, сол Есмағамбеттің сиырын сауады. Шешесі Түйебайды осы молдаға берген еді, ол тентектеу болатын, шешесінің тілін алмайды. Молдаға берерде: «Еті – сіздікі, сүйегі – менікі» деген екен. Түйебай сабаққа өте зерек, алайда, молданың қылығы оған мүлдем ұнамайтын. Себебі, оны «ақымақ» деп ұрысатын. Уақыт өте келе құлағын бұрайды. Ол қанша таяқ жесе де, мойымайтын, жыласа да, сес көрсетпейтін.

Бір күні автор әжесімен бірге бір ауылға барып келген, сәл кешігіп сабаққа бара жатты. Кенет соңынан Түйебай келе жатқан. Ол: «Бұзау жоғалып кетіп, оны іздеп келе жатырғанмын, кешігіп келе жатырмын» деген. Молда кешіккенді қамшымен ұратын. Автор аса қорықпайды. Себебі, әжесі молдадан сұрап алған. «Молда сені ұрады ғой» дегенге, Түйебай жақ ашпады. Балалар шулап өлең оқып отыр. Молда қауырсынмен бірнәрсе жазып отырыпты. Ол Түйебайға көзін сүзе қарап, кітабын сандықтың үстіне қоя салып: «Неге кешіктің?» деп сұрағанға, тізесінен отыра кетті. Үндемеген сайын, молданың ашуы көтеріліп, «Неге үндемейсің, доңыз? Жат!» деп, сандық жақты көрсетіп еді, Түйебай жата қоймады. Молданың қолындағы қамшыдан қорықты ма, әлде молданың қаһары басып бара ма, белгісіз. Молда Түйебайдың арқасын «Неге тіл алмайсың?» деп, қамшымен тіліп жіберді. Ол «Молдеке!» деп өкіріп жылап жіберді. Бәрі Түйебайдың жылаған даусымен жарыса сабақ айтып отырды. Ал автор үндемеді. Молда оның үндемегеніне де қатты ашуланып ұрысқан. Ол ұрысқанына бола жылап жіберді. Бірақ, молда оған қол көтермеді. Бұл екеуін молда тек күн батарда жіберген. Түйебай өксігін баса алмай келе жатыр екен. «Ертең сабаққа келесің бе?» дегенге, Түйебай «Келмеймін, көрмеймін молданы» деп жауап берді. 10-15 күн сабаққа келмеді. Әкесі келіп, «оқымасаң, қой бағасың» дейді, содан соң жалданып мал бақты.

Жаз шыға ауыл көшетін болды. Көшпен келе жатып, Қарақоғаның жанынан бір отар қой көрінді. Жүгіріп барып, қараса, Түйебай бір отар қойды бағып жүр екен. Жаяу, жалаңаяқ, ерні кезерген. Ол авторға қызыға қарап, «Сен бақыттысың ғой!» деген жанармен қарап тұрды... 

Бұл әңгімеде әлеуметтік жағдайға балалықтың бал дәуренін еркін кешкен ауыл балаларының сол жылы молдаға баруынан басталады. Ескіше оқуының мағынасыздығын танытқысы келген автор молданың портретін беруде жағымсыз көңіл-күй қалыптастырса, іс-әрекеті арқылы әділетсіз қоғамның бет бейнесін ашық көрсетеді. Қоғамдық жағдайдың көрінісі осы әңгімеде көрінеді.

Г. Берік