Ғали Ормановтың еңбектері

Ғали Ормановтың еңбектері
Фото: kizmarh.ucoz.ru

Ғали Орманов қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Ол орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да біршама үлес қосып, ірі жұмыстарды игерді.

Ақын 1907 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ешкіөлмес тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Бала Ғали жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса-дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады. Содан 1923-28 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үліглерімен танысады. 1925 ж. бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 жылдар аралығында өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары «Тілші» газетінде, «Ешкіөлмес», «Қора», «Оқушыларға», «Диханбайға» сияқты өлеңдері басылады.

1929 жылы Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі жарияланып, көп ұзамай республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді. 1930 жылы мамыр айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мереке шашу ретінде Ғали ақын «Шебер» атты ұзақ өлеңін жазды. Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң, ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.

1934 жылы Ғалидың екі кітабы «Шеңбер» деген атпен 1927-1933 жылдар арасында жазған өлеңдерінің жинағы, «Шәуілдір» поэмасы басылды. 1935 жылы «Көтерме» деген атпен әңгімелер мен очерктерінің жинағы жарық көрді. 1936 жылы «Абысын сыры» жинағы, Мопасаннан аударған қысқа әңгімелерінің жинағы басылып шықты. 1943-44 жылдары Ғ.Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады. Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдерін 1941 жылы «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын ұсынды. 1948 жылы «Өмір дастан», 1949 жылы «Бөбек жүрегі» атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері оның 1950, 57, 76, 82-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді.

Отызыншы жылдардағы халық өміріндегі өзгеріс, жаңалық Ғалидың «Жаңа қоныс», «Тұнық коллективі», «Шеңбер», «Жаңа жұмыс іргесі», «Шамалған шамы», «Темір ат», «Мысқалада», «Тоқушы», «Алынған арыс», «Үлбе», «Өріктің өрнегі» өлеңдерінде ашық танылады. «Шәуілдір» поэмасында Шәуілдірге барған сапарынан кейін, ондағы жаңарған ауылдың тұрмыс-тіршілігін көрсетуді көздеген. «Алынған қамал» қазақ әдебиетінде Солтүстік мұзды мұхитта суға кеткен «Челюскин» кемесіндегі челюскиншілердің ерлігін суреттейтін поэмаларға бәйге жариялаған тұста жазылды. Оқиға нақты суреттеуден гөрі, болған оқиғаны газет, радио хабары негізінде құрылды.

Ғ.Орманов орыс ақындарының поэзиясынан А.С.Пушкиннің («Ескерткіш», «Қара шәлі» т.с.с. көптеген өлеңдерімен бірге «Мыс салт атты» поэмасын), М.Ю.Лермонтовтың («Үш құрма», «Ақын», «Өмір кесесі» өлеңдерін, "Тамбов казначей" поэмасын), Н.А.Некрастовтың, т.б. Л.Н.Некрасовтың «Анна Каренина» романын аударған. «Алатау» (Ж.Жабаевқа), «Қаратаудың Қамбары», «Алыстағы ауылда», «Бөбек тілегі», «Аталмаған тау» атты очерктермен, әңгімелер жазып, мол мұра қалдырды.

Г. Берік