Алмажан Азаматқызының "Жетім қыз" поэмасы

Алмажан Азаматқызының "Жетім қыз" поэмасы
Фото: www.trilulilu.ro

Алмажан Азаматқызы Батыс Қазақстан, Нарынның Бекетай-Басқасқа дейтін құмында 1823 жылы туған. Қай жылы дүниеден өткендігі туралы мәлімет жоқ. Әкесі Азамат 1836-1837 жылдардағы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысып, сол көтерілісте қаза тапқан. Алмажан жасынан-ақ ақындығымен көзге түскен. Ол жөнінде бұрынғы Бөкей ордасының қазақтары арасында әр алуан аңыздар бар. Алмажан Азаматқызының халықтың көкейінен шыққан өлеңдері көп болса да, біздің дәуірімізге жеткен шығармасы – «Жетім қыз» атты поэма. Поэма Алмажанның өз атынан сөйленеді. Нарын құмындағы елді билеген тоғыз би Алмажанның мал-мүлкіне көз тігеді. Оны тоқалдыққа алмақшы болады. Қайратты ақын қыз бұған қарсылық білдіріп, ханға, арыз айту үшін жас інісін қолынан жетелеп, Нарыннан ханның ордасына – Жасқұсқа жол тартады. Қыз кетерінде өзінің қарт атасына келіп билерден көрген жәбірін жыр етеді. Тоғыз биден қорқып, бір адам да қыз балаға ере алмайды.

Бұрын алыс жолға шығып көрмеген қыз бен жас бала адасып, көп мехнат шегеді. Сөйтіп жүріп хан қорығына тура келеді. Оған ханның рұқсатынсыз ешкімнің кіруге болмайтынын, өз бетімен кіргендер жазаланатынын естіген қыз бір бәледен екіншісіне жолықтым деп ойлайды. Осылай қатты сасып тұрғанда, оларға Сағитжан деген әкесінің ескі досы кездеседі. Қыз танып, өзінің хал-жайын түсіндіріп, хан ордасына апарып салуын өтінеді. Сағитжан қыз бен баланың мүшкіл халін көріп, қолынан келген көмегін көрсетеді. Екеуін ханның ордасына алып барады. Хан ордасына келгесін де Алмажанның ісі оңына келмейді. Мұндағы билер де Нарындағы тоғыз биден олқы соқпайды. Арыз айту үшін алыстан арып-ашып келген қызды тәлкекке салып, ханға жібермейді. Алмажан олардың да жауыздық ойларын әшкерелейді. Поэманың қысқаша сюжеті осылай аяқталады.

«Жетім қыз» поэмасы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісімен тікелей байланысты. Көтерілістің алғашқы жеңілген кезіндегі бір эпизодын және ол жеңілістің халықты қандай дәрежеде күйзелткенін, сонымен қатар хан, сұлтан, билер көтеріліске қатысушыларды қалай жәбірлегенін көрсетеді. «Жетім қыз» поэмасы Махамбет өлеңдеріндегі суреттелетін өмір шындығын растап, дәлелдей түседі. Көлемі шағын болса да, өз кезіндегі тарихи әлеуметтік жағдайлармен байланысты туған және соны шебер суреттейтін, шын мәніндегі көркем поэма.

Поэма – нақтылы өмір шындығы. Алмажан өзінің билерден көрген зорлық-зомбылығын, басынан кешірген ауыр халін, күйінішін, сондай қиын-қыстауда басқалардың өзіне деген көзқарасын өз қалпында жырлайды.

Басқа ақындармен салыстырғанда Алмажанның өзіне тән бір ерекшелігі – поэмада суреттеген өмір құбылыстарының табиғилығы. Ер жеткен ақындар өмірдің әр алуан жақтарына сарқыла қарап, өмір шындығын ой-сезім түйсігіне қандырып барып, ой елегінен өткізіп көзге елестетсе, Алмажан поэмасы жетім қыз, жетім балаға ілесе жүрген сол кездегі шындықтың бір бөлшегі тәрізді. Поэманың идеялық құндылығы да осында. Ең алдымен, бұл – лирико-психологиялық поэмалардың бір түріне жатады. Автордың ой-өрісіне қарай, айналасындағы өмір құбылысына өзінің көзқарасын көрсете отырып және оны өз басындағы қайғы-халдермен тығыз байланыстыру, өзінің күйініштерін қоса жырлауы, қайғылы, баяу көңілдің лебі ескендей әсерлі берілуі поэмадағы психологиялық күйден көрінеді.

Поэма тілі жағынан да құнды. Алмажанның тіл байлығы, қолданған сөз образдарының сонылығы, өмір шындығына дәл келушілігі және суреттеу құралы есебінде қолданылатын сөздіктері, жас та болса, оның күшті ақын екендігін дәлелдейді.

«Жетім қыз» поэмасында кейде үлкен арманын, мұңын, кейде аңсаған тілекке өмір шындығы керісінше керісінше келіп, үмітінің үзіліп сол өз айналасындағы әйел-қыздардың күнделікті тіршілігімен байланысты айтылады. Поэманың және бір жерінде, әкесінің ел үшін еңбек еткен адам екендігін, қандай қиындықты болсын жеңіп, көпшілік тілегінің орныдалуына сеп болған ерлердің бірі болғандығын қарапайым ғана сөздермен шебер түрде айтып береді.

Ж. Исакаев