"Абай жолы" эпопеясындағы ғашық Абайдың тұлғасы

"Абай жолы" эпопеясындағы ғашық Абайдың тұлғасы
Фото: gallerylanguages.net

Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып отырады. Алғашқы беттерден-ақ, Абай бойына тән тамаша қасиеттер тереңірек ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде ерен еңбек етеді. Ерек жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз.  Жасына жас, ойына ой қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.

Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы.

Ес біліп, ой тоқтатқан шағынан бастап-ақ Абай өзін халық алдында борыштар санайды, соның қажетіне жарауға тырысады. Қодардан қалған жалғыз ұрпақ жетім бала Дәрменді ертіп келіп, Дәркембай қажылыққа жүргелі жатқан Құанабайдан құн сұрағанда әкесі үшін Абай жауап береді. Абай әке қарызын өз мойнына алады. Ол Дәркембай мен Дәрменге жүз сом ақша беріп, шығарып салады. Қысылшаң жағдайда Абайдың қолынан келгені де сол. Құн тілеп келген жылауларды жай сөзбен жұбатып, шығарып салуға болмайды және бұл Абай бойына лайықты да емес. Дәркембайлар алдында айтқан сөзі – халыққа деген қарызын өтеу сертін Абай есінен екі елі де шығармайды.

Эпопеяның бірінші кітабында Абайдың ақындық өнері кеңінен бейнеленбеген. Бұл шындыққа сай келеді де. Өйткені, Абай біраз егде тартқаннан кейін ғана шын ақын атын алғаны, ақындық өнерге кешуілдеп барып ден қойғаны мәлім. Бірақ ақын Абай эпопеяның бірінші кітабында да бірсыпыра өрістеп, желі тартып қалған. Жас Абайдың бойында қайырымдылық пен әділетті жақтаушылықтан басқа тағы бір қасиеті бар.  Бұл – ойлы, сұңғыла баланың өзін қоршаған ортаға, айналаға ақындық тебіренушілікпен, ыстық сезгіштікпен қарауы. «...Қыр кеші бұның бір ұғымсыз әміршісі, сүйсіндіре мүлгіткен зор мұңдасы тәрізді. Құлағы әжесінде, екі көзі сонау алыс көктау, қатпарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады. Жидебайдан жиырма шақырымдай жердегі Шыңғыс кешкі шақты ымырт жабыла, көкшілденіп, суық таратып алыстай береді. Жайын күштің жобасы тәрізденген қалың ауыр жоталар мен қатаң суық серек тастар болсын баршасы да жым-жырт қана сейіліп түнге бейім ұсынып барады. Таудан соққан салқын ызғар қатал мінездердің ызғырығы тәрізді. Ызыңдаған суық лептің қарсысына ана жыры, мейір-шәпуат жыры үн қосады. Құшағына тартқан өзгеше күш, бар дүниені өзіне бағындырар орны бар, бояу да болса, басым саз. Абай бір түрлі сейіліп, іштей серпіліп алып, тау жотасынан биіктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп, бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді. Кірді де қызық күйге түсті. Абай соған қарап өзге жайдың бәрін ұмытып, ағырап телміре қалды». Жазушының кісі көзін баурап алып, телмірте таңғалдыратын бұл пейзажды көріністі Абайдың қабылдауы арқылы соның сезім күйлерімен ұластыра беруінде мән бар. Бұл көрініс кейіпкердің ішкі дүниесін, оның байқағыштығын, сезімнің әсерлігі мен мөлдірлігін көрсете түседі.

Абайдың ақындық қабілеті шарқ ұрған шабыт үстінде, сезімнің алай-дүлей дауылдары соғып өткен сәттерде әсіресе анық байқалады. Мысалы, Шөже ақынның өткір мысқылға толы шыншыл жырларын естігенде қатты әсерленген Абай сол толқында сезімі сусынбай тұрғанда Майбасардың қалжыңына тап болады. Майбасардың қағытуынан бұрын қатты қысылатын ұяң бала енді басқаша мінезге ауысады. Аға ақынның талантына таңырқай табынған жас баланың өз бойындағы ақындық қайнардың да көзі ашылып, сыртқа буырқанып шыға келгендей. Романның бірінші кітабында орыс адамдарының бірен-сарандаған өкілдері бар. Олар – Майыр мен адвокат Ақбас Андреевич. Балағаз, Әділхандар іс турасында Ақбастан көп жәрдем алады. Абай Пушкин томын да бірінші рет осы адвокат Ақбастың үйінен көреді. Әрине, ол Абайды Пушкинге әкеле алған жоқ және одан мұны күтуге болмайды да. Бірақ оқуға, өнер-білімге ұмтылу қажет екендігін Абайға тұңғыш рет ұғындырушы, кеңес беруші – осы Ақбас. Бұл образдың ерекше сипаты да осында.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, шығарманың бірінші томында Абай сезімге еріксіз берілген бозбала ретінде әдемі баяндалады. Сүйіндік ауылына келгенде Тоғжанды көріп, ғашық болғаны, кейін оған сезімін білдіргені бәрі-бәрі үйлесім тауып жазылғандай. Өзінің айнымас ғашығы Тоғжанның жүрегінен махаббаттың тозбас, суынбас қуанышын тапқан сәттерде де Абай жүрекжарды сырын өлең тілімен айтады. Эпопеяның басында ғана шым-шымдап қана белгі берген бұл тақырып соңғы беттерде басты тақырыптардың біріне айналып, шығарманың негізгі сюжеттік желілерінің бірін құрайды. Автор махаббаттың тәтті дәмін сезген Абайдың шағын бірінші томда келісті берген. Абай да, Тоғжан да сүйіспеншіліктің ыстық сезімі мен қуанышын тұңғыш рет бір-бірінің жүрегінен табады. Ең алғаш кіршіксіз махаббат иесі осы екі ғашық еді.

Е. Жұмабайұлы