Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен шығармашылығы

Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен шығармашылығы
Фото: adyrna.kz

Өмірін халқына қызмет етумен өткізген Нұрпейіс Байғанин XIX ғасырдың екінші жартысында, 1860 жылы Орал губерниясы, Темір уезінде (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы, "Байғанин" колхозында) Байғана деген кедейдің отбасында дүниеге келген.

Нұрпейіс Байғаниннің балалық шағынан бастап, ел ағасы болып елу жастан асқанға дейінгі басынан өткізген өмірі сол кездегі көп кедей қауымның өмірінен өзгешелігі жоқ. Ақынның әкесі Байғана бала-шағасының күн көрісі үшін жасынан Атырау деген жердегі Барсай, Досжан деген ірі байлардың қойын бағады, жиырма бес жасында Арқаның қысқы боранында қой соңында жүріп екі аяғынан айрылып "тобан аяқ Байғана" атанады. Анасы Үміт өте ажарлы әрі әнші, домбырашы болған. Бала Нұрпейіс ертелі-кеш қой соңынан шаршап келгенінде анасының әнімен ұйықтайды, анасы тартқан домбыраның әсерлі сазына құмартады. 16-17 жастар шамасында Нұрпейіске "бала жыршы" деген атақ ереді. Әуелде өз өнеріне онша мән бермей жүрген талапты жас, кейін өлең-жырды жұрт ықыласпен тыңдайтынын байқайды. Көпшіліктің бұл сенімі оны реті келген жерде ақындармен айтысқа түсуге де бекіндіреді. Сөйтіп жүріп, "бала жыршының" атағы елге жайылады. Халық құрметіне бөлене бастаған жас талапты ақын енді сол елде атағы шыққан белгілі ақын-жыршыларды іздейді, олардың ақындық өнерін үйренуге, жыршылық жолына түсуге құмартады.

Нұрпейіс Байғанин өзінің революциядан бұрынғы елу жылдан аса өмірінде де, кеңес тұсындағы отыз жылдық өнер жолында да неше алуан жыр-дастандар шығарды. Үкімет пен партия Нұрпейіс Байғаниннің көп жылғы ақындық еңбегін өте жоғары бағалап, 1939 жылы оған "Қазақ ССР-нің искусствоға еңбек сіңірген қайраткері" деген құрметті атақ берді.

Нұрпейіс Байғанин әрі ақын, әрі қоғам қайраткері. Ол өзінің ақындық өнерін қоғам өмірімен әр уақыт тығыз байланыстырып отырды. 1941 жылы 22 шілдеде бүкіл кеңес халқы "бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып" өзінің сүйікті Отанын шетел басқыншыларынан қорғап қалу жолына аттанып жатқанда сексен жастан асқан Нұрпейіс өткір де өжет "өлең-жырларын – зеңбірек, оқ" етіп, "домбырасын – винтовка" етіп майдан үшін, жеңіс үшін жауға қарсы жорыққа шықты. Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ол өзінің жалынды сөздерін жауға оқ етіп атып, халық арасында үгіт-насихат жұмысын атқарды. "Қазақстан – майданға", "Қаналының қасқыр ішігі", "Ер қамын ел ойлайды", т.б. толып жатқан жырларында ақын халықтың қажырлы еңбегін, майданға деген көмек жәрдемін жырлайды.

Нұрпейіс Байғанин Ұлы Отан соғысы кезінде көптеген жалынды патриоттық қысқа үгіт өлеңдерінен басқа "28 батыр", "Ер туралы жыр", "Жиырма бес" секілді ұзақ, сюжетті поэмалар, "Капитан Гастелло", "Ер Талалихин", "Толғау" ,"Ұлы Отан соғысы туралы", т.б. бірнеше қысқа толғау жырларын шығарды. Батыр халқымыздың болашағына кәміл сенген қадірлі қарт 1945 жылы ұлы жеңіс күніне аз ғана уақыт қалғанда дүние салды. Бірақ, оның артында Ұлы Отан тұсындағы Қазақстанның шындық бейнесін суреттейтін, халықпен бірге мәңгі жасайтын жырлары қалды. Бұл жырлар ақынның сүйікті еліне, қадірлі халқына тастап кеткен асыл қазына мұрасы іспетті.

Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы жан-жақты. Оның басқа ақын, жыршылардан айрықша көзге түсетін бір ерекшелігі – ол әрі асқан шебер жырау-орындаушы да, әрі талантты үлкен импровизатор-эпик ақын. Сөйтіп ақынның ерлікті, батырлықты толғауы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі халықтың қаһармандық қимылын бейнелеуімен ұштасты және осы тұста эпик ақынның анық ақындық өнері биік шеберлік шыңына көтерілді. 

Ж. Исакаев