«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі Тортайдың адами қасиеттері

«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі Тортайдың адами қасиеттері
Фото: pp.vk.me

Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз аты» оқырманға үлкен ой салады. Үміт, арман, қиял адам баласының қанаты екенін, қанағат пен бауырмалдылықтың керектігін айтады. Әке-шешесінен айырылған баланың адами қасиеттерге бай болып өсуі, қарапайымдылық пен зеректілікті, арманшыл болуы әсерлі баяндалады. Тағдырына мойымаған, өз күнін өзі көрген Тортайдың өмірін автор бірінші жақпен баяндайды.

Тортай – тағдырдың ауыртпалығын жастай сезініп, өз қатарластарына қарағанда ерте есейген бала. Ата-анасынан қатар айырылып, өмірдің тәрбиесін алып жүрген Тортай қатарының үлкені және алды. «Ымырт үйіріле алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп-қашып, ұлардай шулап ойнап жүргеніміз. Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. Әке-шешеден тым ерте айырылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не тисе, соны талғамсыз оқитын Тортай арамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды...» Оның ауылдың өзге балаларындай емес, «қой аузынан шөп алмас жуас», көп ойнамайтын, жасқаншақ мінезді, бірақ, нағыз еңбекқор екенін автор осы бір үзіндіде айтып кетеді.

Оның бауырмал, қанағатшыл әрі тұйықтау екенін мына тұстардан көруге болады. «...Тортай, әсіресе, мені жақсы көрді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем – ферма меңгерушісі, үйде ішіп-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан – бір, жолынан – екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын. Ол мені алдап тамақ үшін дос болмайтын, қайта «мен аш жүргенім жоқ, әкеле берме» деп ұрысатын-ды. Өз бейілімен, көңіл хошы болмаса, ләм деп аузын ашпайтын, әрі құлағы қақас еститін болған соң, әңгімеге зауқы бола бермейтін. Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді...» Өзгелердей емес, жай, өзінің көңіл-күйіне қарай көсілетін Тортай қанағатшыл, бауырмал.

Өзі тұрған үйі Тортайды қуып жіберген соң, тас күркеге барып тұрақтайды. Ораш оны тас қорымның үңгіріне кіріп тауып алған.  Сол сәтті оқып көрейік. «... Тортай тас күркені ұядай қылып жинап, тазалап қойыпты. Бұдан бұрын да осы жерге сан рет келіп, мекеніне айналдырған секілді. Қайран қалдым. Ағаштан қиып нар жасап, үстіне шөп төсеген. Өзіне тиесілі кітаптар әбден көп оқылғандықтан, жемтір-жемтір болып бір бұрышта жинаулы тұр. Төр алдында ешкінің терісі төселген. Қарағайдың жуан кеспелтек шөркесінен стол жасап, май шам қойыпты...» Бұл үзіндіден Тортайдың тазалыққа жаны құмар екенін, жинақы әрі ұқыпты екенін көруге болады.

«- Босағада отырғаның не, - деді Тортай... – Кел жаныма, мен сені тым жақсы көремін. Бастықтың баласымын деп мұрныңды көкке көтермейсің, қарапайымсың» деген Тортайдың сөздерінен өзінің де қарапайым екенін біле аламыз.

«Менің жадымда тамаша сақталғаны – ол тас үңгірде шөп төселген нардың үстінде жатып оқыған кітаптары мен өзінің арман-қиялы туралы түн ортасы ауғанша айтқан күбір-күбір әңгімесінің еміс-еміс елесі ғана. Мені жып-жылы қойнына алып, ағалық ақылын айтатын тым зеректігі еді...» Автордың өзі айтқандай, Тортай зерек. Таңды таңға атырып, армандап, қиял әлемін шарлаған бала ағалық ақылды да айта алатын еді. «Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол – кітап, әкем де, шешем де сол – кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің – бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтайыншы, кітап жазып, жазушы болғым келеді...» Тәрбие мен ақылды кітаптап алып, кітапты ғана азық етеді.

Өзінің жалғыздығы мен жетімдігін тек кітап оқығанда ғана сезінбейтінін де жасырмайды. Ол өмірге налып, тағдырын сөкпейді. Армансыз адамды қанатсыз құсқа балап жатады емес пе? Тортайда үлкен үміт бар, арман бар. «Кітап жазып, жазушы болғым келеді» деген арманы сол кездегі өз қатарластарының қиялында емес еді. Осыдан-ақ, барлық жақсы адами қасиеттерді бойына сіңірген Тортайдың өзгелерден өзгешелігін, ұсақ арманның жетегінде емес үлкен арманның қанатында жүргенін байқауға болады...

Е. Жұмабайұлы