«Аласапыран» романының көркем тілі және ондағы архаизмдер мен историзмдердің қолданылу ерекшеліктері

«Аласапыран» романының көркем тілі және ондағы архаизмдер мен историзмдердің қолданылу ерекшеліктері

Мұхтар Мағауин жаңа толқынның ішінде өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен, тынбай ізденісінің нәтижесінде жаңашылдық әкелген қаламгер. Ол 60-жылдардың орта шенінен бастау алған талғамы биік творчествомен айналысты. Өз өмірін қалам қызметіне табыстаған жазушы. М.Мағауин шығармаларының бір ерекшелігі оның көтерген мәселелері, таңдаған тақырыптарының ойлылығы мен әр қилығында. Шығармаларының әр алуан болуының өзі – жазушының даралығын, үлкен талант иесі екенін аңғартады. Қазақтың рухани дүниесі мен әлеуметтік тарихына ертеден үңіле бастаған жазушы тарихты бүгінгі оқырман қауымға көркем сөзбен, шындығы мен қиялы аралас ғажап суреттермен баяндап берді. Автордың таңдаған тақырыптарының қызғылықты екендігі де осында. Жазушының «Аласапыран» романы – нақты оқиғаларға құрылған, біріне-бірі табиғи заңды түрде жалғасқан тарих күндерінің куәсі. Оқырманды бас көтертпей оқытатын қасиеті осыдан. Олай болса, автордың сөз таңдауында стиль тезіне салу құбылысы үлкен орын алады. Историзмдерді, архаизмдерді немесе бүгінде жоқ ұғымдардың атаулары – ғазауат, нешеме, рабай, бұлғақ, болыс сияқты қазақтың көне сөздерін жетік меңгеріп, оны өз шығармаларында кеңінен пайдаланған. Сонымен қатар көркем шығармада кейіпкер бейнесін жасауда эпитет, теңеу, метафора, метонимия, синекдоха сияқты көріктеу құралдарының да қызметі ерекше. Кейіпкердің сыртқы бейнесін, ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын әсерлі суреттеп, тілдің көркемдігін арттырып, оқырманға эмоционалды-экспрессивті әсер етеді.

М.Мағауин шығармаларында эпитеттер әсіресе кейіпкер портретін беруде қолданылған. Мысалы, шығармада кездесетін арыстан кеуделі эпитеті арқылы Ысмайыл батырдың денесінің ірілігін ғана емес, мықты жүректілігін көрсетсе, қаршыға көз, қыран қабақты, суық өңді тіркестері оның ер мінезділігін танытады.

М.Мағауиннің көріктеу құралдарды қолданудағы ерекше шеберлігі – адамның мінез-құлқын, адамдық қасиеттерін білдіру үшін де қолданады. Кейіпкер бейнесін жасауда көріктеу құралдарының ішінде әсіресе теңеудің қызметі ерекше. Теңеулер кейіпкердің сырт бейнесін, портретін беруде, жүріс-тұрысын суреттеуде жиі қолданылады.

Жазушы кейіпкер портретін беруде теңеулерді сұрыптап, ұтымды қолданып, соның нәтижесінде сөз әсерін күшейтіп, кейіпкердің сыртқы бейнесін оқырманға әсерлі етіп суреттейді. Суреттеліп отырған кейіпкердің бет бейнесін, тұлға-тұрпатын көз алдымызға әкеліп, ол туралы дәл, нақты сипаттама берген. 

Кейіпкер бейнесін сомдауда метафоралардың да өзіндік рөлі бар. Жазушы М.Мағауин шығармаларында кейіпкер тілінде қолданылған метафоралар тілге бейнелілік, көркемдік берумен қатар ойды анық, дәл жеткізу қызметін де атқарады. Жазушы шығармаларында қолданылған метафоралардың бірқатары кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі сезім тебіреністерін бейнелі жеткізуге де көмектеседі. Жазушы өз ойын дәл жеткізуде метафораларды ерекше бейнелілігімен қатар танымдық қызметін де айқындап қолданады. Қаламгердің оқырманды мейлінше тәнті ететін, еріксіз сүйсіндіретін қасиеті – сөз таңдауы, оны орынды жұмсай алу қабілеті.

Сурет: adyrna.kz

Ж. Исакаев