«Аласапыран» романындағы тарихи тұлғалардың көркем бейнелену амалдары

«Аласапыран» романындағы тарихи тұлғалардың көркем бейнелену амалдары

«Аласапыран» романында көп кейіпкерлердің аты аталады. Солардың негізгі сюжеттік желі үстінде көрінетіні санаулы ғана. Ал басқалары түрлі оқиғалық баяндаулар тұсында қосылып отырады. Шығармада Ораз-Мұхаммед бейнесі барша оқиғаның арасында жеке дараланып көрініп отырады. Бірақ бұл шығармаға оғаштық әкелмейді, тарихи сипатын арттыра түседі.

«Аласапыран» романында Ораз-Мұхаммед және оның айналасындағы ел басшыларының, ру басыларының, батырлардың, әйел-аналардың өмірі мен іс-әрекеті мол шындығымен көрінген. Әсіресе Ораз-Мұхаммед тұлғасы арқылы талай шытырманды ашып көрсете алған.

Қаламгер Ораз-Мұхаммедтің басындағы ерлік пен парасатты бірнеше жерде айқын аңғартады. Сонымен қатар тарихи шындық қаһарман келбеті арқылы дәл мүсінделген. Мұнда халықтың азаттық жолындағы күресін, ересен ерлігін бейнелейтін тұстар көзге шалынады. Автор бір жағынан бостандықты аңсаған, бірақ оған қолы жетуге жағдайы жоқ халықтың басындағы трагедияны таныстыруға тырысқан. Шындығында еліне, туған-туыс, бауырларынан айрылған Ораз-Мұхаммедтің бұлқынысы, күйреуі, қайта жандануы түрік халықтарының жай-жапсарын анықтайтындай.

Жас сұлтанның туа біткен әрі өскен ортасы қалыптастырған өр мінезін, болашақ тақ иесі ретіндегі өз дегенін орындата білетін, ақылды әрі өз күшіне сенімді бейнесін берудегі жазушы шеберлігі ерекше. Ол тарихи романда Ораз-Мұхаммед бейнесі «екі иығына салбырай түскен қос өрім қара тұлымы бар, үлкен қоңыр көзді, қыр мұрынды, қызыл шырай, ақ құба өңді, әдемі әрі биязы бозбала жігіт. Бүкіл тұлғасынан балаңқы жастық лебі еседі. Бетінің ұшы лыпып қызарып тұр. Бірақ нық басып келіп, боз қасқаны шылбырынан ұстады да, шірене тартып тұрып қалды» деп сырт тұлғасын, портретін өзі көргендей етіп шеберлікпен бейнелейді. Бұл он алты жасар бала Ораз-Мұхаммедтің бейнесі болса, Ресей империясының патшасының уәзірі Борис Федорович Годуновтың бейнесі қандай екеніне тоқталып кетейік.

«Омырауына маржан төгілген қасабы шапан, биік бұлғын бөрікті, ортадан жоғары ғана бойы бар, майда тілді, жылы жүзді кісі екен... Сыпайылылығынан әмір жүргізіп үйренген өктемдігі, тәтті сөзінен кісінің осал жерін нық басар білгірлігі айқын танылған Борис Годунов басқа жаққа мойын бұрғызбады». Бұл суреттеуде жас Ораз-Мұхамедке қарағанда биліктің құрығын қолына ұстап үйренген білікті басшының көш озық екенін аңғаруға болады. Ал Тәуекел ханның бейнесі «құдіретті ақ патшадан да, билігі патшаға пара-пар» Борис Годуновтан да ықпайтын қайсарлыққа толы сюжеттермен дамиды. М.Мағауин кейіпкерлерін ұсақ, дәйексіз мәселелермен бүгежектемеген.

М.Мағауин Ораз-Мұхамедті ханның тақ мұрагері есебінде емес, халқымыздың тамаша патриот ұлдарының бірі ретінде мүсіндеуді мақсат еткен, оны орынсыз идеалдандырудан аулақ. Қадырғали бектің қызы Ай-Шешек бегім де сұлулығы, ақылы, парасаты, ұстамдылығы, халықшылдығымен күйеуі Ораз-Мұхаммедтің ойынан шығып, сенімді серігіне айналады. Асыл әйел образын жасауда қаламгердің халық поэзиясындағы тамаша дәстүрді тереңінен меңгергені анық байқалады. Ежелден жұртымыз ақылы көркіне сай, ісі даналықпен үйлескен әйелдерді пір тұтып, ер адамдар асыл жардың бағасын түсірмеген.

Жазушы тарих қатпарынан терең сыр тартып, тарихи құбылыстардың тігісін тарқатып, жылнамалық құжаттарға жан бітіре дәуірдің сипатын нақпа-нақ кейінгі ұрпаққа жеткізе білу ерекшелігімен дараланады.

Сурет: top.thepo.st

Ж. Исакаев