«Көктөбедегі кездесу» пьесасындағы адамның қандай жағдайда да адам болып қалу мәселесінің көтерілуі

«Көктөбедегі кездесу» пьесасындағы адамның қандай жағдайда да адам болып қалу мәселесінің көтерілуі

Әдебиеттің өзге жанрлары секілді, 1960-90 жылдары драматургия да едәуір өркендеді. Өмір шындығын терең тартыс арқылы бейнелеуде, сол арқылы адам бойындағы сыр мен мінезді ашуда, оны өмірдің күрделі құбылыстарымен байланыстыра қарастыруда бірсыпыра табыстарға жетті. Өмірдегі жаңалықтарды тану және көркем бейнелеу арқылы жаңа кейіпкерлерді дүниеге әкелді. Мұндай жаңашыл ізденістер, ең алдымен, бұл жанрда қызмет істейтін қаламгерлердің жаңа буынының таланты мен табысына байланысты. Бұл жылдары драматургияға, негізінен жас авторлар келді. Олар өмірді тануда, оны көркем бейнелеуде өз ұғым-түсінігін жария етті. Осы тұрғыдағы ізденістің басы ретінде Қалтай Мұхамеджановтың Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» (1972 жыл) пьесасын айтуға болады.

Пьеса Қазақстан шекарасын аттап өтіп, көптеген шетел театрларында қойылды. Оның Мәскеуде, «Современник» театрындағы қойылымын көрген К. Симонов : «Мен көптен бері театрдан дәл осындай, адамның адамшылығының бағасы және менің, сенің, оның, кез келгеніміздің өміріміз бен қызметімізді бағалаудағы жоғары адамгершілік өлшемдердің маңыздылығы жайындағы спектакльі көрсем деп жүруші едім», - депті. Пьесаға ризалығын білдірген. Бұл ризашылықтың негізінде пьеса авторларының көтеріп отырған мәселесінің маңыздылығы және оның көркемдік шешімі туралы баға жатыр.

Пьеса көтерген мәселе тек бір халықтың өмірімен шектелмейді, ол – жалпы адамзатқа ортақ мәселе. Адамның қандай жағдайда болса да, адам болып қалу мәселесі. Жазушылар оны пьеса кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, жалпы адамдық, азаматтық борыш, шындыққа адалдық тұрғысынан шешеді. Онда Көктөбенің басына жиналған достардың өз бастарынан кешкен өміріне терең барлау жасалып, қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен реніші ақтарылады. Осы арқылы олардың өмір ағымында қаншалықты өзгергені көрінеді. Олардың көзқарасы мен өмір жайлы түсінігі, адамгершілік, азаматтық сипаты жағынан әрқилы болып шығады. Шындық оларға өз бағасын береді.  

Сурет: qaznews.kz

Ө. Сансызбай