«Сарыарқа сайран жерім-ай» толғауындағы ұлт басына төнген ауыр халдің суреттелуі

«Сарыарқа сайран жерім-ай» толғауындағы ұлт басына төнген ауыр халдің суреттелуі

Нарманбет Орманбетұлы тек ақын ғана емес, ұлт қамын ойлаған қамқор. Ол ел ішіндегі мәселелерден ешқашан көз жазбаған. Олай деуімізге себеп, Қазан төңкерісіне дейінгі ұлт баспасөзін зерттеуші ғалым Ү. Субханбердина «Н.Орманбетұлы «Қазақ» газетіне хабар жазып, тілшілік міндет атқарған», – деген екен. Және оның «Қазақ» газетін шығарушыларға жазған ақынның хаттары бар екен. Хаттарынан ұлт зиялыларының сөзін қолдап, қара халықтың қамы үшін тер төккендігін, ақ пен қараның ара-жігін ажырату жолында бар күшін салғанын көруге болады дейді. Халықтың күй-жайын, мұң-мұқтажын ойлаған Нарманбет ақынның бұл игі істеріне өлеңдері де айқын дәлел бола алады. Мысалы, «Жасқаншақ бас», «Тілекті хақтың берген күн», «Құрылтайға барғанда», «Ұран», «Даусың қалай ашылды?», ««Олқын-толқын», «Сарыарқа сайран жерім-ай» өлеңдерін атауға болады.

Ақынның «Сарыарқа сайран жерім-ай» өлеңінде қазақ жұртына ауыр қайғы суреттеледі. Бұл қайғы 1916 жылғы патшаның июнь жарлығының әсерінен туған болатын. Ақынның көңілінде мұң, сөзінде аңсау бар. Өткенді сағыну, еске алу, сол күніне наразылығы бар. Астарында тек жанында сабырлылықты медеу еткен халықтың келбеті жатыр. «Ай!» дегенінің өзінен-ақ көрініп тұр. Сарыарқаның кең жазира даласын, өткелді өзенін, салқын самалының киесін асқақтатқан бұл жырда ұлт кешіп жатқан ауыр уақыт айтылады.

«Қасірет жоқ, қайғы жоқ,
Уайымсыз едім-ай!..
... Кемпір, шалдар ойнаған.
Қағысыз, қайран елім-ай!»
Мына жолдардан халықтың бұған дейін бақытты ғұмыр кешіп, мәз-мейрам болғанын көреміз. Еш уайым, қайғы жоқ, қуаныш күлкісі ғана бар. Болашаққа деген бір де бір күдік жоқ. Мұң мен наланың ауылы бұл елден алыс болғанын байқаймыз.

«...Сансыз қара айдаған,
Шалғығы бие байлаған.
Сары қымызды сапырып,
Ішкенде мас боп ақырып...
...Мал асырап, мекен қып,
Ел өсірген кенім-ай!..»
Ал мына жолдардан молшылық пен байлықтың, береке мен ырыстың суретін көреміз. Қымызы сапырулы, малы бағулы, тірлігі өңді, тамағы тоқ ел бір-ақ күнде қайғы құшарын білмесе керек.

«Сарыарқадан сән кетті,
Қазақтан қуат, әл кетті».
Елден құт қашты. Елде бұрынғыдай қуаныш жоқ, той-думан жоқ. Бәрі езгіге бағынышты. Ақын бұл кезеңнің ауырлығы мен атажұрттың қор болғанын осы жолдармен түсіндіреді. Шалқыған сәттің арман болып кеткенін ақын ашынып жазады.

«...Жасы қате жазылған
Отыз бірден ар­тықтар.
Араласып кетті ғой,
Мертік пенен шартықтар»
Абыз ақын қара халық қор болған шақта болыс, ауылнайлардың өз ұлтына жасаған қиянаттарын сын-нысанасын алып, жебесін қадайды. Сондай сәтте елге қамқор болудан қашқандарды өлеңімен жазалағандай.

«Балам қайда кетті деп
Кемпір шеше жылады,
Кемпірінен жасырып,
Шал да көзін бұлады»
Бұл жолдарды оқып отырып, көзіңе еріксіз жас келеді. Ақ батасын берген аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз ұрпағының қызығын көруінің орнына, қайғыдан жылап, жүректері езілгенін байқаймыз.

«Бар ма еді іс ойында?
Шыдамасқа не қалды?
Су кеулеген жардай боп,
Құламасқа не қалды?..»
Бұлай болады деп, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген ел қайда барып мұң шағарын білмей дау. Амалы құрыған елдің тек бір-ақ сенері бар. Ол – сабырлылық, шыдамдылық. Келер күннен үлкен үміт күтетін халық мойымай, болашақтың ақ таңына сенім артатынын көреміз.

 Сурет: vkphotoprovider4.vk-cdn.nl

Е. Жұмабайұлы