Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі

Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі

Ғабиден Мұстафиннің сөз саптау ерекшелігі өзге жазушыларға ұқсамайды. Ол қарабайыр сөз қолданбайды, шұрайлы сөздің нәрлісін, қуаттысын таңдап алады. Ендеше жазушының «Дауылдан кейін» романындағы оның суреткерлігі жайында бүгін білтелі сөз қозғаймыз.

Ғабиден Мұстафиннің сөз қолданысы өзге жазушылардан қандай қырымен ерекше? Сөзге биік талғаммен қарап, қатаң талап қояды. Сапалысын, құндысын таңдауы оның эстетикалық талғамын танытады. Көркем шығармаларынан оның әуезділігін, сезімталдылығын, шыншылдығын байқаймыз. Табиғатты не адамды, не қозғалысты беруде детальдарға жан-жақты қарайды. Бір нысанамен ғана емес, айналасына тұтас қарайды. Сөзіміз нанымды болуы үшін мына үзіндіні оқып көрейік.

«Жер бетін желпіген таңғы самал тоқтады. Биіктігін байқатпай, көлбей жатқан байтақ Итжонның зор, кең жоталарына сызатталған көгілдір сәуле тез жайылып барады. Терең шат, сайларды, қалың шилі, қарағанды ойпаттарды сәуле әзір кеулей қойған жоқ: қарауытып көрінеді. Сонау көз ұшында қарауытқан қарағанды өзектен әлдене ағараң етіп, жазық далаға шыға сала, Итжонға тура тартты. Жұлдыздай ағып келеді, міне тақалды...» Басында ауыл таңының атуын суреттейді. «Биіктігін байқатпай, көлбей жатқан байтақ Итжонға» жан бітіріп, «кең жоталарына сызатталған көгілдір сәуленің» қалай таралғанын бейнелі келтірген. «Жер бетін желпіген таңғы самал», «зор, кең жоталар», «сызатталған көгілдір сәуле» Итжонның табиғатын құрап тұрған сұлу бөлшектер ғана. Бірақ әңгіменің желісін бастауға ұтымды тәсіл. Жазушыларға керек дүние. Ғабиденнің оқиғаға кіріспес бұрын кеңістік пен уақытты белігілеуі өте ұтымды әрі сәтті шыққан. Жазушы бір сәулені айтып отырып, екінші детальға ауысқан, кейін сол деталь туралы әңгіме өрбиді. Осыдан шығарманың сабақтастығын көруге болады.

Келесі бір табиғат көрініс мынадай. «Күн қабағы түйіліңкі. Аспанды жапқан қара бұлт әлем тапырық кешуде. Болмашы жел бар. Жер мен көктің жапсарында, сонау алыстағы қаран түнектің ішінде нажағай жарқылдайды, күріл естіледі. Құйып жатыр. Жылқы келген, бие байланған кез. Үздік-создық отырған қара қошқыл кеп ауыл қобалжуда. Біреулер үйлерінің бауларын тартып байлап, біреулер арқанмен бастырып жүр. Қайсыбіреулер есік алдындағы тезек үйіндісін де жауып тастаған. Әр үйден тоқпақ даусы естіледі, қазық қағып, желбай байлағалы жатса керек. Аман үйден шыға, осының бәрін байқап тұрып, есік алдында байлаулы жатқан қасқыр күшігіне көз жіберді». Ауыл ішіндегі тіршілік табиғаты. Жауыннан қорғанған, үйін тасалаған ауыл адамдарының өмірі. Күйбең тіршілік, күнделікті іс-әрекет. Оқыған жанға бірден ұғынықты, өйткені алдыңғы үзіндіге қарағанда, ұғыну кезінде дәлдік бар. Жазушы «...Нажағай жарқылдайды, күріл естіледі. Құйып жатыр» деген сөйлемдермен-ақ, «әуе райын» суреттейді. Бір байқарлық нәрсе, Ғабиден тілінде «ауа райын» «әуе райы» деп беретіні бар. Бұл да болса, оның өзіндік сөз саптауының бір көрінісі.

«Боз атты жасөспірім – кәдімгі Сапардың Аманы екен. Тал шоқпары иығын да ұруға дайын келеді. Тымық ауаны дауылдатып, құлағын жымита зулаған шаңқан боздың шабысын місе тұтпаса керек, басынан аса секірердей ерінен көтеріле, ұмтыла береді алға. Өзінен оқ бойы озық кеткен ұялас қос ақ қасқа да балаң, бір ғана қар басты; әлі ауыздаған жоқ-ты, сонда да жеткен бетте тайыншадай арланнан тайынбай, таңынан көтере, бір тоңқалаң асырды. Домалап тұрып, тура жөнелді қасқыр. Екінші ақ қасқа тағы бір жұлқып өтті. Сол кезде Аман да жетіп, сойылын сілтеді. Тимеді». Тартысты шақ. Тым әсерлі. Шауып келе жатқан аттың, оның үстіндегі Аманның қимыл-қозғалысы көз алдыңа елестейтіндей. Аттың шабысы, баланың асығыстығы дәл суреттелген.

Кейіпкер Аман арқылы романның идеясын ұғынуға болады. Елдің қамын ойлаған, жаны ашитын Аманның образын беруде Ғабиденнің суреткерлік болмысы байқалады. «Жиырманың, ортасына әлі жетпеген, жас адамның осылай сөйлеуінде бір сыпыра мән жатыр. Ол – әдетте аз сөйлеп, көп тыңдайтын бұйығылау, ұялшақ жігіт. Әйтсе де, бойында айбат бары өңінен анық байқалады. Қалың дөңестеу біткен қабағы, байсалды бүркіт көзі жұқалаң ақшыл жүзіне айбат та, келбет те беріп тұр. Өз қатары әлдеқашан араласып кетсе де, ол әлі тартысқа, топқа енген жоқ, оңаша, өз ойымен жүр. Сырты тыныш көрінгенмен, іші мазасыз. Өмірде кездескеннің, күмәнсіз дегендердің талайына күмәні, қоятын сауалы бар». Мінезін суреттеуде жазушы кейіпкердің ішкі психологиясына үлкен мән береді. Ал Аманның ештеңеден тайсалмайтынын, ержүректігін шығарма басында арланмен бетпе-бет келген сәтінен көреміз. Осы ретте автордың тілдік қолданысына да мән беру керек секілді. Себебі, Ғабиден қарапайым сөздермен жазбаған бұл шығарманы. Бір қасқырды арлан, көкжал, қызыл шолақ деп беруі оның сөздік қорының мол екендігінен хабар береді.

«Аманның қабағы салыңқы, ауыр отыр. Столында түтеленген қағаздар көп. Бәрі ауылдан түскен арыздар. Арыз сайын кемі бір қиянат, ұрлық не зорлық бар. Біреуді біреу, көзі тайса, ұрлап, әлі жетсе, зорлап жатқан тәрзді. Аман оқиды да күрсінеді. Биыл күрсінуден көз ашқан жоқ...Жасы жиырма мен отыздың арасында болса да, отыз бен қырықтың арасындағы жігітке ұқсайды». Кейіпкер туралы шағын ақпарат. «Биыл күрсінуден көз ашқан жоқ» деген сөйлемнің өзінен-ақ көп ой түюге болады. Әңгіме арасында арагідік жанама ақпарат беру де жазушының стиліне тән. 

Әбекең үйге енген кездегі жас келіншектің бейнесін жазушы былай береді. «Ортадағы шаңқан ақ үйдің екі ашпалы сырлы есігін бірден ашып, жұртты бастай мырза енгенде, шәлісі әлі түспеген жас келіншек қарсы жүрді. Мырза қалпағын ұсына берді. Келіншек апарып, оюлы адалбақанның қошқар мүйіздес көп тармағының ең жоғарғысына ілді. Тағы не бұйырасыз дегендей сылаңдап тұр. Түлкідей қызыл, қозғалысы да түлкідей епті. Именген, қымсынған болады. Бірақ, кішірек қара көзі қымсынар емес: үлкен сырға ұя боларлық терең, мөлдір, әрі өткір, әрі байыпты. Жұрт отырып болған соң, бөлек ақ кереуеттің аяқ жағынадағы өз орнына сылқ етпей, сыпайы барып отырды...» Мына қысқа ғана үзіндінің ішінде сан түрлі қозғалыстар бар. «Ортадағы шаңқан ақ үй», «екі ашпалы сырлы есік», «шәлісі әлі түспеген жас келіншек», «оюлы адалбақан» үйдің тынысын көрсеткендей. Ал келіншекті суреттеуде жазушы «кішірек қара көз», «үлкен сырға ұя боларлық терең, мөлдір, әрі өткір, әрі байыпты» деген тіркестерді қолданған. Ерекшелігі сол – келіншектің өңін «түлкідей қызыл» деп береді де, қозғалысын да түлкіге теңейді. Тапқырлық. Шендестіріп суреттелген.

Осы сияқты, романның өз бойында жазушының тың көзқарасын байқаймыз. Судай сылдар емес, мөлдір, бағалы, көркем сөздер осы Ғабиден шығармаларында көптеп кездеседі. Оқырманды бір сөзбен мезі қылмауы үшін, түрлі тәсілдер қолданған. Және сол ерекше қасиетінің арқасында қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алды.

Оқи отырыңыздар:

1. 1930-1960 жылдардағы әдебиет

2. Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары

3. Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы: "Берекет ақынға" өлеңі

4. Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі

Сурет: middleofthejourney.com

Е. Жұмабайұлы