Ел тарихындағы іргелі оқиғалар (1930-60)

Ел тарихындағы іргелі оқиғалар (1930-60)

Қазақ тарихы тым тереңге кетіп, қара ағаштың тамырындай тарамдалған тарам-тарам жолдан тұрады. Біз тарихқа төбесінен қараймыз. Бізге тек соғыстар мен өлімдер ғана көрінеді тарихтан. Өйткені біз сол дәуірге түсе алмаймыз. Жеке адамның жан дүниесіне бара алмаймыз. Сондықтан да біз үшін тарих деген − соғыстар мен өлімдер ғана. Олжас Сүлейенов те: "Тарихта соғыстар ғана қалады", − деп сол үшін айтқан болар-ау.

"Ел тарихындағы іргелі оқиғалар" деп қоямыз. Ел тарихында сол елдің жұрт болып қалыптасуына кішігірім де болса көмегі тиген барлық оқиға іргелі деп ойлаймын. Тіпті бір қазақтың баласы туылса да, ұлт үшін іргелі оқиға болуы тиіс. Себебі дүниеге тағы бір қаракөз, қасқыр емген қазақтың қара домалағы келді. Сондықтан бәрі іргелі, ірі оқиғалар...

Жә, ХХ ғасыр басындағы қазақ қандай еді. Аумалы-төкпелі заман болды. Онсыз да басынан қара бұлт арылмаған қазақтан «әскерге солдат аламыз» деді 1916 жылы. Оған қарсы қаншама көтерілістер болды. Құзғын құсқа тіл бітсе айтар еді-ау қандай кезең болғанын. 1917 жылы бәлшебектер келіп, қызыл ту көтеріп «кеңес өкіметін құрамыз» деді. Қазақ тағы екіге бөлініп алып, бір-бірінің қанын төкті. Кеңес өкіметі құрылып, "ал болдық-ау" дегенде қазақтың күн-көрісі болған малды "байлық" деп қырды. Аша тұяққа қырғидай тиген еді. Содан, 32−жылы ашаршылық басталды. Қазақтың жартысынан көбі қырылып, 3 миллионға жетер-жетпес қазақ қалды. Осы жағдайдың алдын-ақ қазақ зиялысы "Әлһамдулла алты миллион қазақпыз" деп шүкіршілік айтып отырған еді. Осы 32 қазақты қатты ойсыратты. Осы 32 қаншама қазақты шекара асыртып жіберді. "Қырық күн қырғын болса да ажалы жетпеген өлмейді" дегендей, бағымыз бар екен. Одан да еңсемізді көтеріп алдық. 32 қара халықты қырып еді, бес жыл өткенде 37 келіп халықтың қаймақтарына шүйлікті. Ұлт бетіне қалқып шығар қаншама қаймақ қызылдардың кезенген мылтығы аузында тұрды. Мұхтар Әузовтің өзі мылтықтың қарауылында ілініп тұрған болатын. Менің ойымша, негізі 1941 жылы басталған сұрапыл соғыс қазақ үшін өте дұрыс жағдай болды, әсіресе, қазақ әдебиеті үшін. Өйтпегенде, мұртты кісі талай халықты қырып тынар еді.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы өтіп, қазақ өзінің кім екенін майдан алаңында дәлелдеп-ақ тастады. Осы жылдары ғана Кеңес өкіметіндегі 15 мемлекет бір дәрежеде, дос болып өмір сүрді деуге болады. Одан кейін...

Соғыс бітіп, ел еңсесін тіктей бастаған 50−жылдары мұртты кісінің репрессиясының екінші толқыны басталып кетті. Бірақ, көп ұзамай бүкіл халықтың санасына қорқынышпен әсер еткен көсем дүние салды. Халық бір нәубеттен құтылғандай еді. Осы шақтан бастап жалпы айтқанда Кеңес өкіметінде мамыражай өмір басталды деуге болады. Мамыражай десем артықтау болар, ұраншыл мамыражай тіршілік.

Бұл жылдардың қуанышы да, қайғысы да болды. Қайғысының біразын жоғарыда сараладық. Қуанышы қазақ топырағында тұңғыш рет, қазақ прозасының атын әлемге әйгілеген эпопея дүниеге келді. 1959 жылы оның 4 кітабына да Лениндік сыйлық берілген болатын.

Осылай, қазақ даласын қараңғылық басқан қайғылы жылдардың ішінде классик Мұхтар Әуезов халқының еңсесін көтеріп, бір қуантып тастаған еді...

Ойланайықшы! Қазақ даласы ананың жасы, азаматтың қанымен суарылған дала. Адам не деген қатігез жаратылыс еді. Осынша төгілген қанды біз бір ғасыр өтпей-ақ ұмытып барамыз... Иә, ұмытып барады екенбіз ғой...

Сурет: kk.wikipedia.org

Ж. Өрісбай