Синекдоха деген не?

Синекдоха деген не?
Фото: vk.com

Синекдоха – метонимияға жақын, өйткені синекдоха екі ұғымның іргелестігі арқылы жасалады. Мұның метонимиядан айырмашылығы мынада: метонимияда сандық айырмашылық болмайды, ал синекдохада сандық айырмашылық болады. Егер сан жағынан айырма болмаса, синекдоха болмайды.

Синекдохада бір ұғымды екінші ұғымға ауыстырғанда: бірі – үлкен, екіншісі – кіші, бірі – жалпы, екіншісі – жалқы, бірі – бүтін, екіншісі – бөлшек болуы қажет. Әдетте, үлкені кішінің орнына қолданылғанда, мағынасы азаяды да, кішісі үлкенінің орнына қолданылса, мағынасы зораяды, кеңиеді. Мысалы, жүз бас қой, жиырма тұяқ мал, көп қол жұмысты өндіріп жібереді, т.б. Осы сөйлемдердегі бас, тұяқ, қол деген сөздер бір бүтін дененің бір-бір ғана бөлшегі болып тұрған жоқ, сол кішкене бөлшекті білдіретін сөздің мағынасы зорайып, белгілі бір бүтін дененің орнына ауысып қолданылып тұр. Шынында, жануарлардың, оның ішінде осы тіркесте қойдың басы деген бір мүшенің атын білдірмей, бүтін қойдың өзін түгел қамтып, бір бүтін мал деген, яғни қой деген ұғымды білдіріп тұр. Ал тұяқ деген сөз бүтіндей бір мал деген мәнде; қол деген сөз жұмысшының бір мүшесі емес, жұмысшы адам мағынасында айтылып тұр. Сөйтіп, осылар сияқты бөлшектің мағынасын білдіретін сөздер бүтін орнына жұмсалса, синекдоха болады. Ал колхоз бес машина алды дегендегі машина - автомобиль деудің орнына дара мағынада жұмсалып тұр. Қазіргі күнде колхоздың бәрі моторлы (техника) магазиннен кездеме алды (сиса, жібек, торғын т.б.) дегендер синекдоха мағынасының жалпыдан жалқыға қарай ауысқан түрлері. Нағыз синекдоха әдетте келеке, қалжың ретінде жұмсалады. Мысалы, ең шебері – анау мұрт, осының бәрі – мына сақалдың ақылы деген тәрізді сөйлемдер де қолданылады. Әрине, мұндағы сақал, мұрт дегендер адам орнына жұмсалып тұр.

Жалпыхалықтық сөйлеу тілінде мұндай құбылыстар ұшан теңіз. Мәселен, "мал-жаның аман ба?", "үй-ішің қалай?" деген тіркестер малға немесе үй ішіне қатысты ғана емес, отбасындағы жандардың амандығы түгелдей сұралу мақстатында қолданылады. Сондай-ақ елдің бәрі жиылды – "тайлы-тұяғы қалмай келді", қанша балаң бар?, - "қарғаң нешеу?", "мал басы түгел", "бағар көбейсін" секілді сөздер қолданыстарында меңзеу көрініс тапқан. Көркем шығармада меңзеудің алуан түрі кездеседі. "Абайлардай ақын қазақта туа бермейді ғой" деп айту меңзеуге мысал бола алатынын А.Байтұрсынов көрсетеді. Меңзеудің тағы бір түрі "Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек" (Абай ) немесе "Толғауы тоқсан қызыл тіл" деген секілді көптік ұғымды "қырық", "тоқсан" ретінде нақтылы сандармен көрсетуімен ерекшеленеді.

Меңзеу – парақтың төменгі жағында орналасқан және мәтін мен меңзеу белгісі – сан нөмірі, не астерискі арқылы байланысын түсіндіретін немесе анықтама сипатты мәтінінен тұратын (библиографиялық сілтеме, ескерту, тоғыспа меңзеуі) басылым аппаратының элементі.

Ж. Исакаев