Метафора деген не?

Метафора деген не?
Фото: wikihow

«Метафора табиғатында жұмбақтылық бар» - деп Аристотель айтпақшы, тіліміздегі құбылтудың (троп) бір түрі болып саналатын метафора жайлы талай зерттеулер мен ғылыми еңбектер жазылған. Кей жоғарғы оқу орындарында жеке пән ретінде де оқытылады. Бүгін біз сіздерге метафора жайлы аз-кем ақпарат беретін боламыз.

Метафора – сыртқы және ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, кимылындағы не атқаратын қызметіндегі т.б.) ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы болып табылады. Мағына ауысуының бұл тәсілінің негізінде ұқсату заңы жатыр.

Метафораға келесі сипаттамалар тән: метафора әлемді тану мен ойлаудың құралы, метафора фундаментальды мәдени құндылықтарды көрсетеді немесе мәдени-ұлттық дүниетанымға негізделеді.

Б. Х. Хасанов қазақ метафораларын екіге бөледі: «біріншісі-белгілі бір шешеннің сөз саптауынан пайда болған индивидуалдық метафора, екіншісі-халықтық сипат алған дәстүрлі метафоралар. Бірақ екеуінің ашық ара-жігі жоқ, өйткені, жеке авторлар жасаған метафоралар көбіне халықтың дәстүрлі метафоралардың ізімен жасалады және олардың көпшілікке кең таралуы мүмкін».

Дәстүрлі метафоралар жақсы таныс нәрселер мен құбылыстарды салыстыру арқылы пайда болады.

Адам баласы өзіне қажетті материалдық игіліктерді уақыт озған сайын небір жаңа түрлерін, жаңа үлгілерін өндіріп, жетілдіріп, дамытып отырады. Сонда неғұрлым жетілген зат пен бастапқы қарапайым заттың арасында қызмет бірлігі, белгілі бір жұмысты атқаруы жағынан ортақтық болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұл екеуінің бір атаумен атала беруі заңды нәрсе. Олай болса, тіліміздегі жаңа сөздерді, бар сөздердің мағыналарын кеңею, қолдану әсерінің әртараптануын жаңа құбылыстардың жетістіктерінің қажеттіліктерінен туған өзгерістер деп санаймыз.

Дәстүрлі метафоралар жақсы таныс нәрселер мен құбылыстарды салыстыру арқылы пайда болады. Сондықтан да олар халыққа түсінікті, белгілі болады. Мысалы:

  1. Ошақ бұтын күзетіп отырған қарт анасынан басқа қол ұшын берер ешкімі жоқ;
  2. Қыздар қыран-топан;
  3. Уәдесінде тұрмай, аяқ астынан айнығаны ;
  4. Кірер ауыздағы кіп-кішкентай кабинетте күж қара кісі отыр ;
  5. Әйтеуір торай көздің қарашығына қуақы күлкі ұшқындады ;

Олардың күнделікті қолданылуына байланысты қасиеті солғындап, тұрақты сөз айшығы ретінде жұмсала береді. Дәстүрлі метафоралар сол тілде сөйлейтін халықтың тіршілігі мен тұрмыс күйіне, өмір сүрген ортасына, дүниетанымына тікелей байланысты болады.

Б. Хасанов дәстүрлі метафоралардың фразеологизмдерге, мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерге желі болатындығын атап көрсетеді.

«Дәстүрлі метафоралар – меншіктік авторы жоқ халықтық қазына, оны кез келген қаламгер сөзінен табуға болады, олар бірте-бірте бейнелілік қасиеті солғындап, омонимге айналуы мүмкін, тіпті тұрақты сөйлеу штампына айналуы мүмкін»,-дейді ғалым Хасанов.

Ал индивидуалдық метафора – өмірдің кейбір жағдайларынан берілген субьективті баға, өзіндік тұжырым, бұл метафоралардың авторы болады.

Индивидуалдық метафоралар өзінің айырмашылықтарымен қатар дәстүрлі метафоралардың ерекшеліктерін түгел қамтиды. Бұл оның салыстыру обьектілерін жалпақ қамтитын, диапазонының кеңдігін көрсетеді. Автор дәстүрлі метафоралармен қатар өзіндік жеке қолданыстағы бейнелеуіш метафораларды пайдаланған. Мысалы:

  1. Бар білген-cоңына соңына мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай?;
  2. Мына іш пыстыратын сылбарлық реніш шақырғандай әлденеге ұқсай ма?;
  3. Мамандығына сәйкес бір жұмысқа табан іліктіргесін той жабдығына әзірлене бермек;
  4. Қарауытып бүйе аяқтанып алған қалың қас үрпі-түрпі;
  5. Ішінен тынып, өз қасіретіне өзі уланып жүр;

Ендігі кезекте, метафора туралы қысқа тұжырымдарды сараптай кетейік:

  • Метафора - тілді, мәдениетті, ғылым мен өмірді, бүкіл әлемді бір жерге тоғыстырады.
  • Метафора - танымның әмбебаптығы болып табылады, әлемді метафора арқылы бейнелеуді қазіргі психологтар адамның мәдениетіне сәйкес, адамның шығу тарихымен байланыстырады.
  • Метафора – барлық тілге тән, тілдің әмбебап құбылыстарының бірі. Метафораның әмбебаптығы кеңістік пен уақытта, тілдің құрылымы мен қызметінен көрінеді.
  • Метафора сонау Аристотель заманынан бастау алады. Метафора - мағынаның ауысуы – сөздер мен сөз орамдарының ұқсастығы, сәйкестігі бойынша қолданылуы.
  • Метафора мәселесі көбінесе стилистикалық құрал ретінде немесе көркем шығарма тәсілі ретінде қарастырылады.
  • Метафоралардың пайда болуы тілді игерушінің концептуальды жүйесіне, әлемді қабылдау стандарттарына, бағалауына тікелей байланысты, яғни осы көріністердің барлығы тілде вербалданады.
  • Ғалымдар метафораны кей кезде әлемді түсінуге көмектесетін фундаментальды сезім дейді, олар метафораны шындықты (реальность) бейнелейтін құралға балайды.

Толығырақ жүктеу

Ө. Сансызбай